Бауырсақ оның әр қимылын жаттап алды. Содан соң жерге секіріп түсіп: «Әуелі желбезек, сосын тері, содан соң ішек-қарны», – деп өз-өзіне қайталай жүріп, Мысықтың жанына қайтып келді. Бірақ бос қайтпай, асүй еденінде қалған бірнеше қара түйіршікті де өзімен бірге ала келді. Түйіршіктерді Карузоға ұсынып жатып, былай деді:
– Қара киімдегі ең мықты аспазың неге айналғанын көр.
Карузо абайлап иіскеп те, дәмін татып та көрді.
– Түу! Бұл қант қой. Қара қант. Аспаз болып еді, енді қантқа айналыпты… Бұл Зұлым Сиқыршының сәлемі емес пе екен?
09-тарауКемедегі саяхат
Келесі күннің таңын Мысық пен оның досы үлкен жүк кемесінің палубасында қарсы алды. Палубада тауар тиелген контейнерлер сығылысып қатар-қатар тұрды, ал серуендейтін жер кеменің тұмсығында ғана бар.
– Ұза-а-а-қ сапарға дайындалыңдар, – деді Капитан.
Карузо бірінші күннен бастап капитан каютасынан шықпай қойды, өйткені ол судан өлердей қорқатын еді. Ол қорқынышты түс көрді: палубадан мұхитқа құлап, суға батып бара жатыр, батып бара жатыр, батып бара жатыр. Мысық оянып кетіп, мұңая мияулайды, сонда Капитан оны қасына алып, сипап, жұбатады.
Бауырсақ кеме аспазымен достасып алып, камбузда, яғни кеме асханасында уақытын өткізеді. Ол жерде аспаздық өнердің қыр-сырын – азық-түлікті қалай сақтау, ас әзірлеу, нан пісіру және, әрине, экипажға дәмді әрі пайдалы тағам дайындау керектігін зерттеді. Мейірімді аспаз Бауырсаққа үлкен бір кесе май берді, ол жерде қалағанынша шомылып, демалуға мүмкіндігі бар.
– Сен майға шыланып демаласың, ал кемешіге не керек? – деді кеме аспазы. – Түскі асқа дейін аман жету үшін таңғы асты жақсылап жеп алу, ал кешкі асқа дейін шыдау үшін түскі асқа тойып алу. Таңертең – қайнатылған жұмыртқа, омлет және кеуек нан, түсте – борщ, картоп және ет, ал кешке – қарақұмық пен шұжық. Ал ұйықтар алдында қарны ашып қалғандар болса, асханаға келіп, тоңазытқышты ашса, ол жерде әрқашан кесілген шұжық пен ірімшік тұрады!
Қандай да бір кемежайда аздап аялдағаннан кейін теңізшілерге жеміс-жидек пен көкөніс салатын ұсынады. Аптасына бір рет, жексенбі сайын аспаз мангалда балық пен асшаяндар пісіреді.
Карузо каютадан досын көргісі келген кезде ғана сирек шығады. Бауырсақ оны палубаға шығып, теңізге қарауға көндірмек болады, бірақ Мысық үнемі бас тартады.
Бір аптадан кейін бірде Бауырсақ досына: «Қазір мен қара қантты барлық жерден көріп жүрмін», – деді.
– Қара қант? Сен жапон асханасынан алып келген қантты айтасың ба?
– Иә, сол баяғы қара түйіршіктер. Мен палубада әрлі-берлі қыдырып жүрсем, үнемі көз алдыма елестейді. Ал бүгін аспанға қарасам, ол жерден де қара қантты көрдім. Бүкіл көкжиек қара түйіршіктерге толып кетіпті, оған қоса ұшып жүр!
– Сен сондай әсерленгішсің, – деп жауап берді Мысық қамқор кейіппен, – мүмкін, олар аспандағы жұлдыздар шығар?
– Сен де айтасың-ау, көк аспанда қайдағы қара жұлдыз?! – деп ашуланды Бауырсақ, – менімен жүр, өз көзіңмен көресің!
– Қойшы, жоғарыға шыққым келмейді, – деп зірк ете қалды Мысық, – барып жина да, осында әкел.
– Жинай алмаймын! Мен бірнешеуін алғанмын, бірақ олар бірден жоғалып кетті!
– Е-е-е-й, ағатай, сенде теңіз ауруынан елестеу басталған болар, – деді Мысық.
– Менде ешқандай да теңіз ауруы жоқ! Карузожан, қымбаттым, жүрші, өз көзіңмен көрші? Ең болмағанда, көзіңнің қиығын салшы, сосын бірден кері қайтамыз.
– Жарайды, барайық, – деп, Мысық мұрнын тыжырайтты.
Олар палубаға шықты. Карузо суды, шексіз көгілдір мұхитты көріп, көзін жұмды. Ең жақын контейнерге сүйкенді:
– Тез көрсетші.
Бауырсақ алға, кеме тұмсығына қарай жүгірді. Мысық оның соңынан еріп келе жатып, толқындар соғып жатқан борттың сырт жағына қарады.
– Міне, қара! – деді Бауырсақ салтанатты дауыспен, Карузоның көзі бұлдырап кетті: қоңыр түске боялған жылтыр палубаның әр жерінен қара қант үйінділері көрінді.
– Аспанда да ұшып жүр, бәрі мен айтқандай! Мәссаған, олардың тіпті қанаты да бар екен!
Мысық басын көтерді. Оларға қарай семіз қара шағалалар ұшып келеді екен.
– Шоқып тастайды, тез жасырын! – деп айтып үлгерген ол басы мен бүйірінен құс қанатының қатты соққысын сезді де, шағалалардың оны борттың сыртында су күн сәулесінен жарқырап жатқан палубаның шетіне қарай тықсырып бара жатқанын түсінді. Көз қиығымен Бауырсақтың контейнерлер арасындағы саңылауға жасырынып үлгергенін байқап қалды. Карузо мықты тұмсықтардан қашып бара жатып, өзіне тықыр таянғанын сезді.
Сосын палубаға жата жабысып, бар күшімен бақырып жіберді. Абырой болғанда, қасынан бір кемеші өтіп бара жатқан.
– Мысығым-ау, неге айғайлап жатырсың? – деп, Карузоның қасына жетіп келді. Қара шағалалар мен қант жым-жылас жоғалып, көзден ғайып болды. – Неден қорқып кеттің? – Теңізші Мысықты көтеріп, кабинаға апарды. – Осында отырғаның жөн.
Бір кезде мыжылып қалған бүйірін уқалап жүріп, жыламсырап Бауырсақ келді:
– Көрдің бе, ал сен елес деп едің.
– Менің бұйрығымды тыңда, – деп айбат шекті Мысық. – Адамдарға жақын жүрсек, қауіпсіз екен. Қант адамдардан қорқады, бірден жоғалып кетеді.
Осыдан кейін саяхаттың соңына дейін достар палубаға шықпай қойды.
10-тарауАвстралия. Қалтқы
Саяхаттың жиырмасыншы күні болғанда олар Мельбурнға жетті. Күн нұрын шашып, самал жел аспандағы ақшыл ақ бұлттарды айдап жатыр. Бауырсақ қуана күлді, ал Карузо азаптың біткеніне сене алар емес.
– Енді мен білгір аспазбын, – деп мақтанды Бауырсақ Мысыққа басқышпен айлаққа түсіп бара жатқан кезде. – Тойымды көже де, ет қосылған картоп пісіріп, шұжықшаны да қайната аламын.
Үш апта бойы теңізде болған Карузо екі жаққа теңселіп жүріп, суға қорқа қарады. Бір жұбанышы: бірнеше қадамнан кейін көптен күткен жерге түседі.
– Онда сенен Австралияның дәмді тағамын күтемін, – деді Мысық. – Әйтпесе теңіз ауруы мені әбден шаршатты.
Кешке достар мейрамханаға барды.
– Дәмді балықты байқап көрейік, – деді Карузо Капитан оларды асүйге алып бара жатқанда.
– Тағы балық па? Мысық десе мысық! Жапонияда фугу балығын бөлшектеп еді, – деп ашуланды Бауырсақ. – Мен ұннан әзірленген тамақты армандап едім.
– Уайымдама, қамыр болады, – деп жымиды оларды пештің жанында қарсы алған Австралия аспазы, – аборигендердің қалтқы бәліші мен талшын әзірлеп жатырмыз.
– Қалтқы бәліш? Бұл не? – деп таңғалды Бауырсақ.
– Бір тостаған қою бұршақ сорпасындағы ет бәліші.
– Егер қалтқы болса, онда балық та қармаққа ілінер, – деп пырылдады Мысық, бірақ оның сөзін ешкім естімеді.
– Бізде қалтқы бәлішке жиі тапсырыс береді, дегенмен ұлттық тағам ғой, – деп түсіндірді аспаз, – көжеге арналған бәліштер мұздатқышта үнемі дайын тұрады.
Ол осындай бір жартылай дайын өнімді алып, тұмшапешке салды. Содан кейін зәйтүн майына пияз бен сарымсақты қуырып алды. Сорпаны отқа қойып, кәстрөлге жасыл бұршақ салды. Сорпа дайын болып, енді тек оны ыдысқа құйып, австралиялық «веджимайт»[7] тұздығы құйылған бәлішті салу ғана қалғанда Бауырсақ шыдамсыздана секіріп:
– Маған, маған бола ма? Өтінемін, құрметті аспаз, – деп жүгіріп барды ол аспаздың қасына. Мұндай әрекетті күтпеген аспаз оқыс қимылдап, бәліш еденге былш етті.
– Әдемі-і-і бәліш, – деп тамсанды Мысық, – еті төмен қарап құлады, – бірден іркіліп қалды. – Ой.
– Бұл не пәле! Сендерге жай ғана көресіңдер деп келістік қой! Қазір өзіңді бәліштің орнына көжеге саламын, – деп, аспаз кінәліге қадала қарады.
Бауырсақ бұл көзқарастан бүрісіп, үрпиіп қалды:
– Кешіріңіз, мырза, енді олай жасамаймын, – деп былдырлады.
– Енді қонаққа не ұсынамын?
– Қонақты көрсетіңізші, мен бәрін реттеймін, – деп уәде берді Бауырсақ. – Ал еденді тазалаудың қажеті жоқ, – деп, қолына швабра ұстап жүгіріп келген тазалаушы әйелді тоқтатты. – Мысық көптен бері мұндай дәмді тамақ жеген жоқ.
Ол залға кетті. Үстел басында Капитан отыр. Жаңағы «көжедегі қалтқы бәлішті» соған әзірлеп жатқан еді. Сондықтан бәрін реттеп, Бауырсақ асүйге оралды. Аспаз қуанып кетті:
– Жолымыз болды деген осы!
Карузо пырылдап, едендегі етті жалап-жұқтап жеп жатты, ал аспаз тұмшапешке жаңа бәліш салып үлгерген еді. Көп ұзамай қалтқы бәліш залға «жүзіп кетті».
– Осымен, достар, кездесуімізді аяқтайық, – деп, қолын жайды аспаз. – Әрі қарай талшынды өзім әзірлеймін.
– Мейлі, жүр, – деп келісті Бауырсақ, – қазір көшеге шығып, каштан жинап аламыз да, кемеде өзіміз қуырамыз.
– Болмайды, ешқашан олай істемеңдер! Австралия талшыны улы, алдымен оны ұзақ уақыт бойы суға салып қою керек, содан кейін ғана қуыруға болады, – деп, аспаз басын шайқады, – мұны өздерің жасай алмайсыңдар.
– Онда бізге «қалтқы бәліш» те жеткілікті. Шынымды айтсам, түрлі улы өнімдерден шаршадым, – деп, Бауырсақ бас аспазға иіліп ізет көрсетті:
– Рақмет, құрметті аспаз! Жолға шығатын уақыт келді.
– Бүгін біздің қара досымыз көрінбеді ғой, – деп байқағанын айтты Бауырсақ кемеге оралғанда.
– Есесіне бүгін қолыңнан келгеніңнің бәрін жасадың! – деп мысқылдай мияулады Мысық, бірақ досының қабағының түйіліп кеткенін көріп, жұмсара қалды. – Жарайды, ондай ханның қызында да болады. Бірақ қара достарымыз туралы ұмытпайық. Құлағымыз түрулі жүрсін.
11-тарауКамерун. Фý-фу немесе фу-фý
Карузо мен Бауырсақ Африка кемежайындағы контейнерлер арасынан жол тауып жүріп келеді.
– Кемеде – контейнер, жерде – контейнер. Көзім қарауытып, бұлдырап кетті. Мынау бір шытырман ғой, – деп күбірледі Бауырсақ үрейлене, – өмір бойы адасып жүруің мүмкін ғой.
– Қорықпа! Жол тауып шығамыз, – деп, Карузо досын жігерлендірді. – Есіңде ме, Капитан Дуала Камерунның ең үлкен кемежайы екенін айтып еді ғой. Ал Камерун – үлкен ел болмаса да, қызық ел. Ол жолайрықта тұр: бұл жерде құрлық пен теңіз жолдары тоғысады. Мұнда қандай тағамдар болуы мүмкін екенін көз алдыңа елестетіп көрші! Ас мәзірінің түр-түрін аламыз, рақатын-ай.