Баурсак и Карузо = Бауырсақ пен Карузо — страница 11 из 14

– Аяқ астыңа қарасаңшы, – деп бұрқылдады Бауырсақ, – басқан сайын шалшық. Бізге жетпегені енді суға бату еді.

– Африка болса не болыпты, мұнда жаңбыр жаумайды деп ойлайсың ба? Жауады, жауғанда қандай! Ол бізде ғой, жаз мезгілі жаз сияқты, ал бұл жерде қазір – қыс.

Сөйтіп, бір әңгімеден екінші әңгіме айтып жүріп, атауы «Жозеф ағайда» деген кафеге жетті. Кең де жарық ғимаратқа тамақ ішуге кемежай жұмысшылары жеңіл-желпі тамақтануға келетін. Үлкен тақтада бормен күнделікті мәзір жазылған:

Квакоко

Ндомбо қосылған ндоле

Няма-няма

Минотумба

Фý-фу

Фу-фý

– Паһ, шіркін! – деп, Бауырсақ ас мәзірін дауыстап оқып шықты.

– Пай-пай! – деп қолдады Карузо.

– Енді не істейміз?

– Асүйге жасырынып кіреміз, ол жерде алдымен не пісіріп жатса, соны пісіруді есіңе сақтайсың.

– Дәмді болмаса ше?

– Мұндай атаулары бар тағамдар дәмсіз болуы мүмкін емес, – деп, Карузо Бауырсақтың басынан сипады.

Асүйді зор денелі Жозеф ағай басқарады екен. «Няма-няма дайындаймыз», – деп саңқ етіп бұйрық берді ол. Көмекші аспаздар пешке кәстрөлді қойып, оған тез арада жабайы қаражидек жапырақтарын, пияз бен қызанақты толтырып салып, үстіне аздап сорпа құйды. Жозеф кәстрөлдің қақпағын жауып: «Бұқтырыла берсін. Ал енді квакоко дайындайық!» – деді. Аспаздар қазанға ұсақтап туралған таро[8] түйнектерін, асжапырақ, ысталған балықты салып, молынан қызыл май құйып, дәмдеуіштер қосқаны сол еді, қайдан шыққаны белгісіз, асқабақтан жасалған құмыра – қара калебас пайда болды. Ол ақырын ғана ауада қалқып келіп, пешке жақындап, әзірленіп жатқан квакоконың үстіне келгенде тоқтап тұра қалды. Аспаздар қимылсыз қатып тұр, ал калебас қисайып, қазанға лай сұйықтық құйыла бастады.

– Зұлым рухтар менің тамағыма не үшін фу-фý құйып жіберді?! – деп, Жозеф құдайына сыйынды да, ыңылдап салт бойынша әнін айта бастады. Аспаздар мен аспаздың кішкентай көмекшілері әуенге қосыла кетіп, пешті қоршап тұрды, ырғаққа сәйкес қол соғып, зұлым рухтарды қуу үшін би бастады. Қазандағы ас қайнап, қара бу көтеріліп, қалың бұлт калебасты орап алды. Бұлт сыртқа ұшып кеткенде Жозеф оның артынан шөмішін лақтырды. Аспаздар айғайға басты:

– Бізге зиян келтіруге жол бермейміз!

Барлығы әбігерге түсіп, жаңа қазан дайындап жатқанда, Карузо мен Бауырсақ асүйден шығып кетті.

– Бәрін есіңе сақтап алдың ба?

– Сақтамағанда ше! Оған қоса Африка тағамдары туралы көп әңгіме естідім.

– Олар қара зиянкеспен епті күреседі екен, – деп, Мысық мұртын қимылдатты, – зұлым рухтарды қуу үшін Африка әндерін біз де үйреніп алсақ па екен?

– Сен үйрен, – деп жауап берді Бауырсақ, – ал мен үйренбеймін. Маған тамақ пісіру жолдарын жаттау керек. Ештеңені шатастырып алмау үшін дұрыс және мықтап көкірегіме құйып алуым керек.

– Ол да дұрыс. Ас дайындау жолдарын есіңе жақсылап сақта. Үйге келгенде мен фу-фý тамағын жеп көргім келеді. Балық сорпасына ұқсайды екен, – деп, Карузо ернін жалады.

– Дәмді болып көрінгеннің бәрі дәмді емес, – деп күлді Бауырсақ, – фу-фý – сорпа емес, үлкендерге арналған жүгері сусыны болғандықтан фу-фý. Ал фýфудың дәмін татып көруге әбден болады, бұл – жүгері ұнынан жасалған домалақ. Бірақ саған ұнамайды, ол балық емес!

Осылай әңгімелесіп, достар әуежайға қарай асықты.


12-тарауМысықтар байланысы

Африка әуежайының күту залы ылғалды әрі ыстық болды. Карузо мен Бауырсақ кондиционерге жақын тұрған орындықтардың астына тығылса да, көмектеспеді.

– Ол қазір келеді деп ойлайсың ба? – деп, Мысық кіретін есіктен көз алмады.

– Ұшқыш па? Бір сағаттан соң келуі керек сияқты, – Бауырсақ қабырғаға сүйеніп, аяғын созып отырды, – әзірше демал.

– Аспанда демаламыз, – деп мырс етті Карузо.

– Соншалықты мұңайып отырғаның не? Әрі қарай кемемен емес, ұшақпен ұшатынымызға қуануың керек еді ғой.

– Жоқ, әрине, қуаныштымын. Капитан таныс Ұшқышпен келіскенін естіген бойда-ақ қуанғанымды көрсең! Енді ол бізді әртүрлі елдерге апарып, ас әзірлеу жолдарын алуға көмектеседі. Мен Капитанды жақсы көріп кеттім, ол – жақсы адам, онымен қоштасқым келмейді. Бірақ айналадағы шексіз су есіме түссе, – Мысық тыжырына қалды, – жоқ, беті аулақ, одан әрі әуе жолымен жеткенім жөн!

– Олай болса, сені мүлде түсінбей отырмын. Неге мұңайдың?

– Үйімді, балық мейрамханасын сағындым. Нағыз өмір сол жерде еді: күн сайын балық, жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Аспаз досымды сағындым. Менсіз оның халі қалай болып жатыр екен? Дүниеде бәрінен де жақсы көретінім балық деп ойласам, шын мәнінде, досымды одан артық жақсы көретін сияқтымын.

– Балық Қолшатырын сағынып отыр екенсің ғой, – деп, Бауырсақ Мысыққа жаны аши қарады.

– Жексұрын Сиқыршының кесірінен оның лақап аты да енді соншалықты қисынсыз, ерсі. Ал менің қайда жүргенімді бір құдайдың өзі біледі. Қой, барып, орындықтардың астымен жүріп келейін, тым болмаса, созылып, бой жазып алайын. – Карузо орнынан тұрып, жабырқаңқы қалпы сүйретіле басып кетіп қалды.

– Мяу-мяу, – аяқастынан шабадандардың арғы жағынан нәзік дауыс естілді. Карузо ақырын барып, тасымалдағыш-сөмкеде отырған абиссин мысығын көрді.

– Карузо атты саяхатшы мысық сіз бе?

– Мен-мен-мен! – деп растады сиам мысығы. – Ұзақ күттім ғой! Аспаз досымнан хабар келгені ме?

– Дәл солай! Әлемдегі ең мықты мысықтар байланысы арқылы. Досыңыз аман-сау. Сонша уақыт қайда жүргендеріңізді сұрап жатыр. Олардың азық-түлігі таусылуға жақын, суы да азайып қалды.

– Құтқарушым менің! – Карузо мұрнын есікке сүйкеді. – Аспазға айтыңызшы, бізге енді тек екі рецепт табу ғана қалды. Жақында қайтамыз.

– Келген бойда байланысымыз арқылы хабар беремін. Бастет[9] құдай сізге жар болсын, – деп, Мысық ізгі ниетпен жауап берді де, бүктеліп жата қалды.

Мысық Бауырсаққа мүлде басқа көңіл күймен оралды. Ол бақытты еді: көптен күткен жаңалығын естіді. Досының халі жақсы екенін білді.

– Тездетуіміз керек, – деп, Бауырсақты оятты. – Жақында аспаз бен су перісінің тамағы таусылады екен.

– Оны қайдан білдің? – деп селк ете қалды досы.

– Мысықтар бауырластығы әрқашан ояу.

– Сізде ұялы байланыс бар ма?

– Одан да жақсырақ. Біздің дауысымыз бар. Терезе түбінде мысықтардың бақырғанын естімедің бе? Мысықтар байланысы деген осы. Айналадағы бар жаңалық әп-сәтте тарап кетеді. Бір елден екінші елге де хабар жеткізуге болады, – деп, Карузо абиссин мысығымен кездескенін айтып берді.

– Мәссаған! – деп тамсанды Бауырсақ. – Тыңдашы, көптен бері сұрағым келіп жүрген, сен де нағыз Карузо сияқты өз дауысыңның күшімен стақан сындыра аласың ба?

– Пішту, сол да сөз болып па, стақан дегенің жолда қалады, – Мысық табанымен мұртын тегістеді, – әне, аспаз да менің мияуымнан басы сынатынын айтып жүр. Қара, біздің ұшқышымыз да келді! Тездетеміз бе?



13-тарауОңтүстік Америка. Куранто

– Менің шұғыл жеткізетін жүгім бар, сондықтан Кейптаунға жанармай құю үшін бір рет қонамыз… Сосын бірден Оңтүстік Америкаға тартамыз. – Бауырсақ пен Карузоның жаңа танысы Ұшқыш ұшу жолы көрсетілген картасы бар планшетті орындыққа қойды да: – Өздеріңе ыңғайлы орын тауып алыңдар, – деді. Ұшқыш та Капитанға қатты ұқсайтын. Ол да ұзын бойлы, мықты, алтын жапсырмасы бар әдемі форма киген.

Ұшқыштың кабинасы тар екен, бірақ екеуі ұшқышқа кедергі келтірмейтіндей ыңғайлы орналасып алды. Ол ұшуға дайындалып жатты.



– Қанттан жасалған бассүйектерге[10] барамыз ба? – Карузо үміттенгендей алақанын ысқылады. – Тырнақтарымызды қайрап алуға болады!

– Жоқ! – деп кесіп айтты Ұшқыш, – бассүйекке тырнақты қайрамайды. Олармен жылына бір рет Мексикадағы мереке кезінде құрбандық үстелін безендіреді. Содан соң оны жеп қояды. Бұл – символ. Бірақ біз басқа елге ұшып барамыз. Ол жақ – ащы қызыл бұрыш өсетін жер және өзі де бұрыш собығына ұқсайды.

– Ол қай ел?

– Чили. Ал келесі күні Чилиден солтүстікке қарай ұшамыз. Исландияға барамыз.

– Тамаша! – деп, Бауырсақ пен Карузо қуанып кетті, – Чилиге қарағанда, Исландия туған Қазақстанымызға жақынырақ, аспаз-досымызға көзді ашып-жұмғанша жетуге болады.

– Чилиде аз уақыт боламыз: түсте ұшып барамыз да, кешке қайтадан жолға шығамыз.

– Үлгереміз, – деп, екеуі бір-біріне қарады, – басқа амалымыз жоқ.

Ұшақ шағын Чилоэ аралына қонды. Рөлді тұраққа қарай бұрғанда, Ұшқыш былай деді:

– Бүгін ауа райы жақсы, қатты жел жоқ, аспан ашық, – деп күлді. – Мұнда абай болыңдар…

– Неге абай болуымыз керек? – деп қорқып кетті Бауырсақ, – Бізді жеп қоюы мүмкін бе?

– Неге бірден жеу керек? Мұнда таңғаларлық жерлер көп: мұнда келгендердің бәрі уақыт деген өлшем жоқ сияқты дейді. Ал біреулер тіпті Чилоэны «уақыт ұмытылатын арал» деп те атапты.

Карузо мен бауырсақ бір-біріне қарады:

– Рақмет, біз тек рецепт алып, бірден кері қайтамыз.

Әуежайдан шықпас бұрын Ұшқыш былай деп ескертті:

– Сонымен, Исландияға басқа ұшақпен ұшамыз. Қайтып оралғанда бірден сол ұшаққа кіріңдер. Ол тұрақта бірінші тұрады. Ал енді ана жерде жиналып жатқан адамдарды көрдіңдер ме?

– Көрдік, көрдік.

– Онда сол жаққа қарай жүгіріңдер. Ол жерде қазір ерекше тағам – куранто әзірлейді.

Карузо мен Бауырсақ бірде-бір маңызды сәтті, бірде-бір ұсақ-түйекті жіберіп алмау үшін асығып, жүгіріп кетті. Олар үлгерді. Үлкен тасқа жайғасып алып, театрдағыдай қойылымды тамашалады.

Адамдар бірдей дерлік қою түсті шалбар мен өрескел аяқкиім киген. Тек чóмпа-чилóта – жүннен тоқылған жемпір ғана ашық түстермен және күрделі өрнектермен ерекшеленуде. Ер адамдар топқа бөлініп, бір мезгілде үйлесімді жұмыс істеді. Біреулері шұңқыр қазды. Басқалары тастарды отқа қыздырып, оларды түбіне күрекпен төсеп шықты. Үшінші біреулер шұңқырды азық-түлікпен толтырып шықты. Онда қалағаныңның бәрі бар еді: бұршақ пен үрмебұршақ, ет, балықтың бірнеше түрі, картоп пен сәбіз, бұрыш, мидия мен асшаян. Әрбір қабат арасына рауғаш пен қырыққабат жапырақтарын салып отырды. Шұңқыр әбден толған соң, оның үстіне дымқыл кенеп жауып, үстіне топырақ сеуіп, оның үстіне шым төсеп шықты.