Баурсак и Карузо = Бауырсақ пен Карузо — страница 12 из 14

– Бұл алып тез бұқтырып пісіретін пеш екен, – деп тәнті болды Бауырсақ.

– Қайдағы тез пісіретін пеш?! – Карузоның шүйдесі күжірейді, – Мұны тіпті жеуге болмайтын сияқты ғой. Құрамы түсініксіз қойыртпақ қой.

– Ойбуй, мысығым, қорытынды жасауға асықпа. Бір-екі сағат шыдасаң, не екенін түсінесің. Дәмді асқа асқазаның қуанып, рақмет айтарына сенімдімін!

Екі сағат көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шықты. Бірақ шұңқырдан тараған ыстықтан Бауырсақ бірте-бірте құрғай бастады. Аспаздар «тез пісіретін пешті» ашқанда, керемет хош иіс шығып, Карузо тастан жерге секіріп түсті.

– Ал мен не деп едім? – деп, Бауырсақ мырс етті де, есінен танып қалды. Ол кішкентай және бейшара болып көрінді, Карузо болса шошып кетті. Көмек сұрап, адамдарға жүгірді. Адамдар оған көмектесті.

Мысық Чилоэ әуежайына асыға қайтып бара жатты. Тісімен жүгері майы құйылған пластик шелек әкеле жатыр. Ал оның ішінде Бауырсақ есін жинауда.

Тұрақта оларды ұшақ күтіп тұрды. Түсі біртүрлі ұшақ. Қою сұр ма, қоңыр ма – түсініксіз. Тіпті ақ болуы да мүмкін, тек өте лас екен. Мысық оның алдында сілейіп тұрып қалды да, басын шайқағанда, бетонға май төгілді. Карузоның табандары екі жаққа сырғып кеткенде, шелегі бір жаққа, өзі екінші жаққа кетіп, тұмсығымен тура ұшақ басқышына соғылды. «Бірдеңе дұрыс емес» деп ойлап үлгерген Мысық қара сатыны жалап көріп еді, қант екен, ол айғайлап жіберді:

– Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Аман қалуға тырысыңдар!

Осы кезде ұшақ қирап, бөлшектерге бөліне бастады. Достар тау болып үйілген қара қанттың астында қалды. Мысық Бауырсақты тістеп алып, бар күшін салып, табанымен туннель қаза бастады. Бауырсақ мұңын шағып, қүңіреніп:

– Ой, ауырып тұр! Әй, мені тістеп тесіп жіберме, желі шыққан доптай боламын ғой.

Ақыры Карузо бостандыққа шығып, Бауырсақты босатып, күңкілдеді:

– Ауырып кетті дей ме… Қазір қайтадан көміп тастайын онда, қалай шықсаң, олай шық.

Ұшақжайдан шыққан сүргіш-тазалаушы машина тұрақтағы қара қантты тазалап шықты.

Табандары қажалған мысық ақсаңдай басып, қажетті ұшақты бетке алып, ілгері жылжып келеді, Бауырсақ болса оның соңынан жүгіріп, сөйлеп келеді:

– Карузожан, жарайсың, Карузотай, құтқарушым менің, сенсіз не істер едім…

– Жағымпаздануды доғар, міне, нағыз ұшағымыз мына жерде, – деп күңкілдеді. – Ауада майсыз шыдай аласың ба?

– Шыдаймын, досым, майды сіңіріп алдым.


14-тарауИсландия. Скир

Исландияның астанасы Рейкьявикке қонғанда достар ұшқышпен қоштасып, Қазақстанға қалай қайтуға болатынын ойластыра бастады.

– Қанша ойланып-толғансаң да, шешім аяқастынан келеді. Жол табамыз. Бізге тағы бір рецепт керек. Қазір қайда барамыз? О, қара! Маңдайшада «Хаукартль» деп жазылған. Кіріп көреміз бе?

– Жоға, ол жерде акуланың суреті салынған. Бізде балық, ет, теңіз өнімдері және көкөністер де бар. Бізге десертке тәтті бір нәрсе керек сияқты. Қарашы, мұнда сүт өнімдері көп екен, – Бауырсақ бір қарағанда түсініксіз, не ірімшік, не сүзбе құйылған ыдыстар үйіліп тұрған сөрені нұсқады, – көлікпен бір фермаға барып, олардың не дайындайтынын көріп келсек пе екен?



Жолшыбай өтіп жатқан көліктерге отырып, достар фермаға да жетті. Ферма иесіне өздеріне не қажет екенін айтып түсіндірді. Ол мал-мүлкін, қора-жайын көрсетті. Ол табиғи өнім өндіреді екен. Фермада бәрі бар еді: картоп алқабы, сәбіз, шалқан және орамжапырақ егілген атыздар және хош иісті шөптер өсетін жылыжай. Қоршалған шалғында бір отар қой мен бір табын сиыр жайылып жүр.

– Барлығы бар. Алқапта саңырауқұлақ жинаймыз. Ал жидектерден қаражидек пен қызылжидек бар. Мен скирге соларды қосамын. Скир – Исландия сүзбесі, – деп мақтанды фермер.

Карузо мен Бауырсақ бір-біріне қарап: «Сүзбе… тым қарапайым сияқты. Біздің елде де мұндай тамақ толып жатыр», – деді. Ал Бауырсақ болса қызығушылығы артып, сұрақ қойды:

– Айтыңызшы, хаукартль дегеніміз не?

– Хаукартль ме? Бұл – поляр акуласынан дайындалатын дәмді ас. Оны үлкен кесектерге бөліп, содан кейін екі ай бойы қиыршық тасы бар бөшкеге салады, содан соң төрт ай бойы күн астында қақтайды. Содан кейін қабықшасын кесіп тастайды, ал ішіндегісін кішкене бөліктерге бөліп, дастарқанға ұсынады.

– Дәмді ме? – деп Мысық қарлыға мияулады.

– Әркімге әрқалай, біреулері сасып кеткен ет десе, тағы біреулер шіріген ет дейді. Ал бұл – пісіру тәсілі, тағам осылай дайындалады. Менде аздап акула еті бар, дайындап көргілерің келе ме?

– Сізде тағы қандай ерекше тағам бар?

– Итбалықтың тұздалған жүзбеқанаттары мен кит етінен жасалған домалатпа үлкен сұранысқа ие.

Карузоның тұмсығы ағарып кетті, бірақ Мысық өз-өзіне келіп, ойын Бауырсақ арқылы сыпайы жеткізді:

– Рақмет, әуре болмай-ақ қойыңыз, скирдің дәмін татып көрсем жеткілікті.

Скир Мысыққа ұнады, ол тостағанды жалап-жұқтап, Бауырсаққа былай деп сыбырлады:

– Өте дәмді сүзбе, ірімшікке де, йогуртқа да ұқсас екен. Берсе, тағы жер едім.

Бауырсақ үй иесінен бұл скир несімен ерекше екенін сұрады.

– Өйткені оны тек осында, Исландияда дайындайды. Басқа еш жерде дәмін тата алмайсыңдар. Бұл – викингтердің тамағы, ол күш беріп, шыдамдылықты арттырады. Рецепт мың жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Скирді көжеге де, салатқа да қосуға, нанға жағып жеуге және сарымсақ-тұз салуға да болады, ал егер үстіне жидек пен бал қоссаңыз, десерт ретінде жеуге болады.

Карузо мияулап:

– Алу керек! Дайындау жолын есіңе сақтадың ба?

– Ерекше исланд ашытқысы болмаса, ештеңе де шықпайды, – деп қынжылды Бауырсақ.

– Сендерге бір бөтелкесін құйып берейін бе? – деді фермер.

– Ой, көп рақмет! Тек оны өзімізбен бірге алып кете алмаймыз. Ашытқыны үйімізге жібере аласыз ба? Ал қазір біздің кетуіміз керек. Әуежайға тезірек жету жолын айта аласыз ба?

– Дұрысы, қонып қалыңдар, – деп ұсыныс жасады қожайын. – Таңертең менің қызым Гудрунмен бірге барасыңдар. Ол Исландия халық ән-би ансамблінің хорында ән айтады. Ертең ансамбль алыстағы Қазақстан еліне ұшады. Сол елде концерт қояды.

– А-ла-а-а-а-қай, бізге де сол жаққа бару керек! – деп, Бауырсақ пен Карузо қуаныштары қойнына сыймай, билей жөнелді.


15-тарауЖанартау

Кешке достар ұйықтай алмады: терезеден қарасаң, дала күндізгідей жарық, Мысық сыртқа шыққысы келді.

– Шынымен де, таңғаларлық ел екен, – деп, Бауырсақ аспанға қиялдай қарады, – ақ түн, жердің орнына – жанартау күлі, үйлер мен жылыжайларды гейзер суымен жылытады. Ал кешкісін жергілікті тұрғындар дәмхана мен мейрамханаларда емес, ыстық су бассейндерінде жиналып, тауға тамсана отырып, соңғы жаңалықтарды талқылайды.

– Қауіпті ел, – деп қарсылық білдірді Мысық, – жер сілкінсе, не жанартау көтерілсе ше? Есіңде ме, фермер от шашқан тау бүкіл елді күлге орағанын айтып беріп еді ғой. Тіпті ұшақтар да ұша алмаған.



– Иә, секірмелі табада өмір сүріп жатқандай, – деп келісті досы.

Көшеге фермердің қызы Гудрун шықты.

– Мүлдем ұйықтай алмай жатырмын, – деп шағымданды ол, – шабаданым дайын, ертең жолға шығамыз, бірақ бір жамандықтың боларын сезіп тұрмын.

Кенет жер дірілдеп, гуілдей бастады. Мысық пен Бауырсақ бірін-бірі құшақтай алды.

– Э́йяфьядлайёкюдль тағы оянғаннан сау ма?! – деп, қорқып кеткен ферма қожайыны үйден жүгіріп шықты. Күндіз шалғында сиырлар жайылып жүрген жерде нағыз жанартау пайда болып, оның өзегінен қара күл атқылап жатыр.

– Ай-ай-ай, бұл тағы да Зұлым Сиқыршының «сыйлығы». Біткен жеріміз осы сияқты, – деп, Бауырсақ көзін алақанымен жауып алды.

– Әке, кету керек, көлікті оталдырыңыз, – деп, Гудрун кері шегінді. Жарылыс естіліп, жанартаудан магма төгіле бастады.

Гудрун достарын қолына алып, көлікке секіріп отырды. Фермер бар жылдамдықпен үйден қашықтай берді.

– Қош бол, ертеңгі рейс, – деп сыбырлады Гудрун, жанартауға қарап.

– Қош бол, туған жер, – деді Бауырсақ, оны мақұлдағандай қайталап.

– Қоштасудың қажеті жоқ. Қашанғы Қара Сиқыршыдан қаша береміз? Көлікті тоқтатыңыз, – деп бұйырды Карузо.

Мысық көліктен секіріп түсті, жоны тікірейіп, қорқынышты дауыспен айбат шеге бастады. – Бәлем, Қара қант, шаршаттың сен мені, сенен әбден жалықтым! Сен әлі Карузоның кім екенін білмей жүрген сияқтысың. Біз оңайшылықпен берілмейміз! Үстіңнен су құйып, сені әлі шәрбатқа айналдырамын!

Бірақ бұл әрекет оларды құтқармады. Жанартау гүрілдеп, лава ысқырып, аспанды қою қара түтін басып жатты.

Сонда шарасыз Карузо былай деп айғайлады:

– Мен бар өмірімді құрбан етіп, бар күш-қуатымды беруге дайынмын, бірақ қазір аспаз досымды, Бауырсақ пен су перісі Тайманы қорғауым керек. Достарым үшін жаным пида. Өлсем де, қандай қиындыққа шыдау керек болса да, біз тамақ әзірлеу жолдарын елге жеткіземіз! Бұған бүкіл әлем мысықтарын куә болуға шақырамын!

Оның қаһарлы және жанкешті мияуына әлемнің бар мысығы қосыла кетті. Ұлы хор алқапты жайлады. Гудрун мен фермер құлағын жауып, жанартаудың жер астына кіріп, жоқ болғанын көрді, ал Қара күлді жел мұхитқа қарай ұшырып, сол жерде оны толқын шайып кетті.




16-тарауҮйге оралу!

– Тоғыз сағатқа жуық ұшуымыз керек, уақытты тез әрі қызықты өткізуге тырысайық, – қағаз қапшықта отырған Бауырсақтың дауысы құмық шықты.

– Қажеті қанша? – Карузо тәтті есінеп, Гудрунның қасына домаланып жата қалды, – одан да жақсылап ұйықтап алайық.

– Жарайды, ұйықта, ұйықтап ал, билетсіз «қоян», – деп күңкілдеп жауап берді Бауырсақ, – ал мен рецептілерді қайталай беремін.

– Өзің «қоянсың», – деп Мысық күбірледі де, ұйықтап қалды.

Бауырсақ пен Карузо үйлеріне ұшып бара жатты. Исландия халық хорының әншісі Гудрун оларды сөмкесіне салып, ұшақ салонына алып кірді. Бұл арнайы тікелей рейс болатын. Ерекше жолаушылар жиналған: ән-би ансамблі, Исландия симфония оркестрі және Рейкьявик университеті ғалымдарының делегациясы.

Ұшқандарына үш сағат болғанда динамиктен жиналмалы үстелді дайындауды өтінген дауыс шықты: кешкі ас уақыты болды. Карузо оянып, иіскелей бастады. Біртүрлі иіс шығып жатты.