Баурсак и Карузо = Бауырсақ пен Карузо — страница 13 из 14

– Арнайы тамақ, – стюардесса кішкентай арбамен салонның ортасына барып, бірнеше қорапша үлестірді. Жұқалтырдың сусылдаған дыбысы естілді, Мысық ноқат езбесінің, жеңіл тұздалған ақсеркенің және маринадталған көкөністердің иісін сезді.

– Веган тағамына кім тапсырыс берді? – Бірнеше адам қол көтерді, стюардесса оларға да қорапшалары бар жайпақ табақтарды берді. Жолаушылар сөйлесіп отырып, қораптарының қақпағын ашып еді, саяхатшылар бірден дәмдеуіштердің хош иісін сезді.

Мысық қобалжып кетті, Бауырсақ та қағаз қапшықтан басын қылтитып шығарып алды. Гудрун оларды жұ-батып:

– Қазір кәдімгі тамақтар таратылады, – деді.

Шынында да, үлкен арба сүйреген тағы бір стюардесса шықты. Ол әр орындыққа еңкейіп: – Тауық па, балық па? – деп сұрап, борт тамағын бере бастады. Мысық Гудрунға табанын тигізгенде, ол Мысықтың желкесін қасып, түсінгенін көрсетті.

– Уайымдама, мен балық аламын.

Өзі күріш жеп, Карузоға ақ тұздықтағы сутіл балығы салынған пластик қорапшаны берді.

– Тамақпен бірге тәбет те келеді деген – бос сөз, – деп күңкілдеді Мысық, – менің тәбетім әрқашан бар.

Бауырсақ қағаз қапшықтан шығып:

– Ал мен? Мен ше? Мен қазірдің өзінде кеуіп барамын…

Гудрун оны тәтті наннан босаған ыдысқа салып, үстіне салат тұздығын құйды. Бауырсақ жай ғана күрсінді.

– Балық майына шомылғаннан кейін мен еш нәрседен қорықпаймын.

Стюардессалар кешкі астың ыдыс-аяғын жинап жүргенде, салонда отырғандардың бірі ән шырқай бастады.

– Бұл – біздің ән, «Спрейнгисандюрде» деп аталады. Ол жерде көне жол болған, оның жанында бұрын да, қазір де елестер өмір сүреді дейді білетіндер, – деп түсіндіріп, Гудрун әнге қосыла кетті.

Мысық пен Бауырсақ мұқият тыңдап отырды, бірақ «үйіме тезірек жету үшін аттарымның ең жақсысын берер едім» деген сөздерден кейін Карузо шыдамай кетіп, құйрығын бұлғап, сыбырлады:

– Қазір ән саламын!

– Ойыңа да алма! – Бауырсақ оның аузын жабуға тырысты. – Оның не, ұшақ құлап кетеді ғой!

Карузо ренжіп, еденге секіріп түсті де, орындықтың астына тығылды. Ол жер суық болғандықтан, аз-маз ренжігенсіп, Мысық ашуы тарқап, Гудрунның тізесіне қайта секірді.

Ұшақ қонуға бағыт алып, төмендеп барып бұлт қабатынан өтті. Жер география картасына ұқсап тұр. Оң жағында шексіз дала, сол жағында қара таулар жотасы. Таң атып келе жатты, алғашқы күн сәулесі таныс қарлы шыңдарды алтын нұрға бөледі. Карузоның көзінен жас парлап:

– Амансың ба, туған жер? – деп сыбырлады.



17-тарауДастарқан

Олар балық мейрамханасына тез жетті.

– Ұзақ уақыт болмасақ та, мұнда еш нәрсе өзгермепті, – деп Мысық пырылдап, таныс ернеуге секірді. Бауырсақ сәл ашық терезенің тар саңылауынан лып етіп асүйге кірді.

Арықтап қалған Балық Қолшатыры орындықта отыр. Оның алдындағы үстелде соңғы үш картоп жатыр. Тайма аквариумның түбінде көз шырымын алып жатыр.

– Міне, біз де рецептерді алып жеттік, – деп, Бауырсақ аяғымен жерді теуіп қалды.

– Әйтеуір, келдіңдер-ау, – деп қуанды аспаз. Оның дауысынан су перісі оянып, құйрығын қуана бұлғады.

– Мен де осындамын, қожайын, – деді Карузо мияулап, терезенің алдында секіріп.

Бауырсақ жер шарын аралаған ұзақ сапарында жаттап алған барлық рецептіні салтанатты түрде айта бастады. Аспаз асыға-үсіге бәрін дәптерге жазып алды:

– Ал бұл дәмді ме?

– Тіл үйіреді! Жалағанда қолыңды да жеп қоя жаздайсың!

– Бірақ біз азық-түлікті қайдан аламыз? – деп ойланып қалды Балық Қолшатыры.

– Оны маған қалдырыңыз. Әкемнен сұрайын, – Тайма судан секіріп шығып, дереу кері сүңгіп кетті.

Ол сиқырлы дуасын айтып, ернін жыбырлатты.

Аспаз залға шығып, таңғалғаннан ысқырып жіберді. Үстелде ет, балық, асшаяндар мен кальмар салынған жәшіктер, ұн мен жармалар салынған қаптар, көкөністер мен көк шөптер салынған дорбалар үйіліп жатыр. Сондай-ақ дәмдеуіштер мен майлар да бар.

– Қарашы, тіпті Исландия фермасының жаңа ашытқысы да осында! – деп, Бауырсақ қуана шапалақтады.

– Мәссаған, қандай керемет! Шынымен, Сиқыршының аяушылық еткені ме? Әйтпесе соңғы екі апта бойы аш отырмыз, – деп мырс етті Балық Қолшатыры, – бәлкім, ертерек сұрау керек пе еді?

– Әкемді білемін ғой, ол жайдан-жай бермес еді, – деген Тайманың дауысы шықты. – Ал енді қолымызда рецептілер болған соң, бәрін жіберді.

Азық-түлікті сұрыптап жүріп, аспаз бір шиша қымыз тауып алды:

– Паһ шіркін, мынауың сыйдың сыйы ғой, – деп, қақпағын ашып, жартысына дейін ішіп алды, – міне, енді күш те бар! Сен де іш.

– Жоқ, рақмет, сосын ішіп көремін, – Тайма сыпайы түрде бас тартып, қызығып кетіп:

– Бұл не? – деп сұрады.

– Қымыз – бие сүтінен жасалатын сусын. Бізде «бір тостаған қымызда екі тостаған ауа бар» дейді. Емдік қасиеті күшті дәмді сусын. Қаныш Сәтбаев деген үлкен ғұлама ғалымды жас кезінде ауыр дерттен қалай емдеп алғаны туралы бір оқиға айтып берейін, – Балық Қолшатыры су перісіне жақындап отырды. – Ол ауырып қалғанда дәрігерлер оған ауылға барып, таза ауада жүріп, қымыз ішуді қатаң тапсырады. Сөйтіп, оның ағасы түнде мал бағуға кеткенде былғарыдан жасалған құтыға, яғни торсыққа қымыз құйып, ішіне бір кесек қазы мен емдік дәрі салып отырған. Түні бойы торсықтағы қымыз шайқалып, қазы да, дәрі де толықтай еріп кетеді екен. Ал таңертең ағасы Қанышқа ішкізу үшін бұл емдік сусынды үйіне әкеліп отырған. Қаныш бұл шипалы сусынды екі ай бойы ішіп, сырқатынан айығып кетеді. Кейін ол атақты ғалым болады.

– Қымыз асқазан ауруын емдей ме? Әкетайыма да құйып берейік те, – деп ұсыныс жасады Тайма.

– Бұл туралы дәрігерлерден кеңес сұрау керек, бірақ мен емдәмдік бірдеңе дайындаймын, керек болып қалар.

Аспаз қымызын ішіп болып, жеңін түріп, жұмысқа кірісті. Ең алдымен, Чили асы – куранто пісіруді ұйғарды, оған біраз уақыт қажет.

– Оны үлкен жер шұңқырында пісіреді. Оны қайдан аламыз? – деп аһылап-уһіледі Бауырсақ.

– Не болса да, тәуекел, – деп, Балық Қолшатыры көңілді жауап берді, – еденді жарамыз!

Жертөледен сүймен мен күрек әкелді, Бауырсақ шай қасықпен қаруланды, көп ұзамай залдың ортасында үлкен шұңқыр пайда болды. Олар от жағып, аквариумнан алынған тастарды шұңқыр түбіне салды. Тура рецептегідей Чилише тез пісіретін пешке бәрін рет-ретімен салып, Чили курантосын орамжапырақпен жауып шықты, содан кейін бетін кенеппен жауып, үстіне топырақ төсеп тастады.

– Міне, осылай! – деп, Бауырсақ қасығын мақтанышпен жоғары көтерді. – Енді дәмді тағам күтеміз!

Содан соң Балық Қолшатыры жапон балығы фугуды бөлшектеп шығып, оны жұқалап кесіп, ұшып бара жатқан тырна түрінде табаққа салды. Ары қарай ол көкөністерді тартылған етпен қуырып, Австралия қалтқы бәлішінің қамырын иледі. Жасыл бұршақ көжесін пісірді. Африка тамағы квакоко мен няма-няма дайындады.

Бауырсақ дайын скирді абайлап араластырып тұрды.

Балық Қолшатыры залдан асүйге үстел әкеліп қойып, дастарқан әзірледі. Үстелдің қақ ортасында жапон тырнасы «ұшуға» дайын тұр, қасында табақта қалтқы бәліш «қалқып» жүр. Квакоко, няма-няма және курантоның буы бұрқырап тұр. Қызыл жидектермен безендірілген скир де өз орнын тауыпты. Тайма әкесін шақырды.

– Қазір жаңбыр жауады! – аспаз сиқыршының асүйге алғаш рет қалай келгенін есіне алды. Шкафтың артында тұрған сол қолшатырды алып, мерекелік дастарқанның үстіне ашты.

– Қош келдіңіз, әкетайым, – деп жымиды су перісі.

Сиқыршы сәлемдеспей, дастарқан басына қабағын түйіп жайғасты. Ол фугудың дәмін татты, бір қасық көже ішті, няма-няма мен курантоны шұқылап жеді, скирді жалады.

– Бәрі өте дәмді. Мені таңғалдырдыңдар, мұндай тағамдарды ешқашан жеп көрмеппін. Бірақ ішім бәрібір ауырып тұр ғой!



18-тарауДәрі

– Дәмді, – деп қайталады Сиқыршы мазасыздана. – Өте дәмді. Бірақ ауырып, қиналып тұрмын!

– Әрқашан қинала бересіз! – деп жауап берді Балық Қолшатыры. – Алдымен емделіп, сауығып кету керек, содан соң тамақтан ләззат аласыз. Жалпы, сіз өзіңізге зиян келтіріп жүрсіз.

– Менімен қалай-қалай сөйлесіп тұрсың, түкке тұрғысыз аспаз?!

– А-а! – деп, аспаз қолын бір сілтеді, – маған бәрібір, ұтатын да, ұтылатын да ештеңем жоқ. Бұдан жаман болмас. Ал сізге жаман болады! Тым кеш болмай тұрғанда емделіңіз.

– Ал сен маған қалай емделуге кеңес бермексің?



– Дүниедегі ең жақсы көретін нәрсеңізбен, – аспаз соңғы ыдыстың қақпағын көтерді, – тағаммен. Бірақ денсаулыққа пайдалы дұрыс тағаммен.

Күміс табақшада тауықтың жентектелген еті қосылған күріш көже, бұқтырылған көкөністер мен жидек сусыны болды. Ашық түстерге толы тағам көздің жауын алып қуантса, ал жағымды иісі рақатқа бөледі.

– Жарайды, өміріңнің құны жоқ болса, тәуекелге барайын, – деп күңкілдеді Сиқыршы, шанышқыны алып, кәдіні шұқылап, дәмін татып көрді. Қайран қалып, қасын көтерді. Асқабақтың бір кесегін аузына салды. Ойлана, асықпай шайнады. Сосын шанышқыны қойып, қасықты алды да, көзді ашып-жұмғанша тәрелкелердегінің бәрін тауысты. Соңында жидек сусынын ішті де, орындығына шалқая отырды. Оның жүзі бал-бұл жайнап, рақатқа бөленді.

– Сонда бұл не болғаны? Көп жылдан бері бірінші рет еш жерім ауырып тұрған жоқ.

Аспаз иығын қиқаң еткізіп, адамның бақыты өз қолында екенін айтты. Сиқыршы орнынан асықпай тұрып, екі қолын екі жаққа жайып, саусақтарын сырт еткізді. Ештеңе болған жоқ: күн де күркіремеді, найзағай да ойнамады, қара түтін де шықпады. Тек қана самал жел асүйді шарлап шықты. Бауырсақ орамалдың астынан қарап, шиқ етті:

– Алақай!

Мейрамхана асханасының есіктері мен терезелерінің бәрі айқара ашылды. Сиқыршының қасында алтын түсті көйлек киген сұлу қыз пайда болды. Терезеден қатты мияулаған Карузо жүгіріп кірді, аспаз досы Арманның құшағына ұмтылды.



19-тарау«Табақтағы сиқыр»

Аспаз Арман мен Тайма үйленді. Сиқыршы мейрамханаға жиі келіп тұрды. Емдәмдік тағам оның денсаулығын жақсартты. Ол зұлымдықты қойып, мейірімді бола түсіп, өз иелігіне оралды. Бірақ бәрібір аптасына бір рет Арман мен қызына қонаққа келіп, дастарқаннан дәм татып тұратын болды.