Баурсак и Карузо = Бауырсақ пен Карузо — страница 8 из 14

– Ал менің қолым бар! Мен сені құтқарамын! – деп саңқ ете қалды аспаз және бірден ойға шомып кетті. – Бірақ мені де сиқырлап тастады, тіпті қолымның да көмегі жоқ қой.



Балық Қолшатыры мейрамхананы бір айналып шықты, есіктерді жұлқып көрді. Олар ашылмады.

– Бекітіп тастапты, – деді ол Таймаға дауыстап. – Қазір терезелерді тексеріп шығайын.

Терезелердің бәрі де жабық екен. Тек тұз құтысы кедергі жасаған асүйдегі жалғыз терезе ғана сәл ашық қалыпты. Сәл ғана. Бірақ Балық Қолшатыры қанша тырысса да, ол бұл саңылауды бір миллиметрге де кеңейте алмады.

– Ал балтамен істеп көрсем ше? – деп түңілген аспаз су перісіне оралды.

– Бекер әуре боласың, – деп, қабағын түйді Тайма, – сиқыр.

– Тұзаққа түстік! Онда қоршауға дайындалайық, – Балық Қолшатыры тоңазытқышты ашып, қандай азық-түлік қалғанын қарай бастады. – Менің мейрамханам бар ғой! Қоймада ұн мен жармалар, біраз көкөніс бар. Міне, ақсерке балығын әкелді. – Ол аквариумға қарады. – Ойбуй, бірақ сен де балық екенсің ғой…

– Иә, – Тайма мұңайып қалды, – түрім балыққа ұқсайды. Бірақ мен сиқырланған адаммын.

– Бір-екі айға шыдауға болады. Әйтеуір, мысықтың сыртта қалғаны жақсы болды. Аш болса да, еркіндікте жүр.

– Бір-екі ай өмір сүре аламыз, ал содан кейін ше? Бәрібір өлеміз ғой, – деп, су перісі құйрығын бұлғаң еткізді.

– Тоқтай тұршы, егер қазір әкеңе әлемнің ең дәмді тағамдарын дайындасақ ше?

– Ал дайындау жолын қайдан аласың? Оны таңғалдыру оңай емес, қамалда ең жақсы аспаздар жұмыс істеді.

– Иә, – деді аспаз, қапалана күрсініп, – мен балық тағамдарының шеберімін, ал мұнда тек ақсерке бар. Бұл аздық етеді. Байланыс та жоқ, интернет те істемейді, бәрі сиқыршы айтқандай болып жатыр, – аспаз шкафқа пайдасы жоқ телефонын лақтыра салды.

Балық Қолшатыры асүйде әрлі-берлі жүріп, терең ойға беріліп кетті.

– Екеуіміз де осы жерде бірге өлетін болдық, – деді Тайма.

– Бірақ сен оның туған қызысың ғой! Ол сені өлімге қимас?

– Үнемі ауырғанның кесірінен әкемнің есі ауысты. Ештеңені білмейді, түйсінбейді. Енді оның өзі де өлімнен қорықпайды.

– Жарайды, мұңая бермеші. Біз бірдеңе ойлап табамыз! Әзірге таңғы асымызды ішейік. Қазір жылдам ботқа әзірлеймін. Менде не бар екенін білесің бе, дәмді бауырсақ бар, жегің келе ме?

Тайма басын изеді.

Аспаз оған бауырсақ берді. Қызғылтым бауырсақтың домалақ бүйірін тістемекші болып, ол басын ыңғайсыз бұрғандықтан, бауырсақ суға түсіп кетті.

Балық Қолшатыры оны судан сүзіп алып:

– Судан тез алсаң, су сіңіп үлгермейді. Аузыңды ашып, тісте.

– Мені жеме, саған бір пайдам тиер, – деген жіңішке дауыс естілді. Аспаз саусақтарын жазғанда, бауырсақ үстелге құлап түсті. Оның қолы мен аяғы өсе бастады. Көзі бақырайған ол алдымен су перісіне, сосын аспазға қарап: «Тек мені жемеңдер!» – деп жалбарынды.

Балық Қолшатыры бозарып кетті, бір күнде тым көп ғажайып оқиға болып жатқандай. Тізесі әлсіреп, буыны бүгіліп, еденге сылқ етті. Су перісі Тайма ақырын ғана аквариум түбіне түсті.

Тостағандар мен кәстрөлдердің артына тығылып жүріп, Бауырсақ терезенің алдына жетіп алды. Құтылғандай сезімде демін алып: «Қашып үлгердім ғой! Әйтпесе тірі екеніме де қарамай, жеп қояр еді. Енді терезеден шығып кетсем, орнымды сипап қаласыңдар!» Ол саңылаудан қысыла өтіп, сыртқа домалап кетті.



04-тарауКарузо

Сиам мысығы Карузо терезенің кең ернеуіне секірді. Асүйден балықтың жағымды иісі жетіп жатыр, ал түскі асқа шақыру аспаздың ойына да келмеді. «Не ойы бар? Есік, терезесін ашатын уақыты болды ғой, мейрамханаға кіру мүмкін емес», – деді Мысық мияулап.

Ол әйнектен ішке қараса да, ештеңе көре алмады. «Асханада ешкім жоқ па? Адамдар қашанда қиындық тудырмаса, жүре алмайды», – деп, Карузо қаттырақ мияулады.

Жауап жоқ, сол баяғы үнсіздік. Шамалы ашық терезеден шығып жатқан балық иісі мұрнын жарады. Әрі қарай шыдамы жетпеген Мысық өзінің әйгілі зар еңіреп шыңғыратын дауысымен мияулауға көшті. Осы дауысы үшін оған Италия опера әншісінің құрметіне Карузо деген лақап ат берілген.

– Қазір, қазір, – деген досының әлсіз дауысын естіп, оның еденнен тұрып жатқанын көрді.

– Тапа тал түсте ұйықтап жатқаны несі?! – Мысық айғайын қайталағысы келіп еді, бірақ аяқастынан аквариум түбінен көтеріліп келе жатқан біртүрлі балықты байқады. Балықтың басы адамдікіндей еді.

Сонда ол ашуланғаннан айғайлап жіберді:

– Асүйімде тағы не болып жатыр?

Терезенің ернеуінде тұрған Бауырсақ дәл Карузоның алдында тыпырлап қалған еді. Бірақ Мысық оны байқамай, ештеңеге мән бермеді. Ол бар күшімен терезе жақтауын итерді, бірақ ол икемге келмеді. Саңылауға тұмсығын тықса, тек мұрны ғана сыйды. Мұрны жаңа ауланған балықтың еліктірер хош иісін сезіп қойды.

Бауырсақ Мысықты аяп кетті:

– Бекер тырысып жатырсың…

Мысық бір сәтке жұмысын қоя салды да, сөйлеп тұрған Бауырсаққа бұрылды. Желке жүні тікірейіп кетті. Карузо ықылық атып, есінен танып қалды.

– Е-е, мынау да бір, – деп, Бауырсақ не қашып кетерін, не қаларын білмей, бір орнында тайсалақтап тыпыршыды. – Бәрі неге сонша әлсіз? Жарайды, қолымнан келгенше көмектесейін. – Ол Мысықтың қасына келіп, бұжыр бүйірімен мұрнын сипалады.

Карузо терең дем алып, ыңырсыды.

– Мен қуырылған қамыр жемеймін.

– Саған ешкім же деп жатқан жоқ. Негізінде, мен қазір қуырылған қамыр емес, нағыз тірі… – деп, Бауырсақ бір сәтке ойға берілді де, не айтарын тез тапты, – …тағаммын.

– Тірі… – Мысық орнынан тұрып, Бауырсақты иіскелеп, тіпті жалап та көрді. – Атың кім?

– Бауырсақ. Бірақ сен тентек болма. Бұл жақта ойға келмейтін нәрселер болып жатыр!

– Не болып жатыр, айтып берші!

Сөйтіп, Бауырсақ болған жайттың бәрін жайып салды: балық салынған жәшік, су перісі, Зұлым Сиқыршы, сиқыр мен дуа туралы бәрін айтты. Мысық тыңдап отырса да, басқа нәрсені ойлап отырған еді:

– Ал сен сөйлеуді қалай үйрендің?

– Үйренетіндей несі бар?! Ессіз Сиқыршы үстіме жаңбыр құя бастағанда, мен бәрін естіп, түсіне бастадым. Ал су перісі бар аквариумға түсіп кеткенде біржола тіріліп кеттім, – деп, Бауырсақ қолын жұмыр бүйіріне қойып, жерді теуіп қалды. – Міне, мен қандаймын! Қолы мен аяғы бар үлкен баспын.

Карузо оған мұқият қарады.

– Тірі өнім… Досым асүйде менсіз қалды! Балықпен және су перісімен. Маған жетпегені енді сиқыр еді, – деп, қайғыра көзін жұмды Мысық. – Сонда мен енді қай жерде тамақ ішемін?

– Әй, күлкімді келтірмеші! Сенде, әне, айналаңда түрлі құстар мен тышқандар бар, ұста да, жей бер. Амал жоқ болса, қоқысқа түсерсің.

Мысық айбат шегіп, арқасын күжірейтіп, құйрығын тік көтерді:

– Карузо мен қоқыстың үш қайнаса сорпасы қосылмайды!

– Ал мен ше, менің жағдайым не болады? Ара-тұра майға шыланып отырмасам, құрғап қаламын ғой. Біткен жерім сол болар. Оған қоса суға да түсіп алдым. Қазір бір майлы орта болса ғой.

Мысық табанымен құлағын тырналады да:

– Қазір келемін, – деп, жоқ болды.



05-тарауШешім

Бауырсақтың алдына ернеуге жылтыр қаңылтыр құты жалп етті. Артынша Карузо да секіріп түсті.

– Қазір бәрі болады, – деп, құтының кілтін тырнағымен іліп алып, тартып, қақпағын ашты, міне, алдарында майға шыланған майшабақ тұр.

– Бұл не үшін керек? – деп таңғалды Бауырсақ.

– Бұл, – деп жауап берді Мысық, аузын майшабаққа толтырып жатып, – артқы аулада жафырын қойма жафап, афүйден бірнефе құтыны алып кеткенім бекер болмағанын көрфетеді.

– Аш қалмайтыныңды әлдеқашан түсінгенмін. – Бауырсақ аяғын салбыратып, жақтауға отырды да, Мысықтың балықты қылғытып жатқанын бақылады. – Ал мұның маған қандай көмегі болмақ?

Карузо соңғы майшабақты іліп алды да, шайнай бастады, содан соң құтыдағы майды нұсқады.

– Мархабат, ваннаға шомылуға келіңіз. Майлы ванна.

Бауырсақ көзін алартып, есінен танып қалды.

Мысық оны жұмсақ табанымен құтыға салып жіберді:

– Біртүрлі жан екен, өзі майлы ванна сұрады. Әлде бақыттан басы айналып, есінен танып қалды ма?

Бауырсақ есін жиып, жиіркене мұрнын тыржитты.

– Енді мен балық саситын болдым ғой, – деді ол, көз жасына ерік бермеуге тырысып.

– Е-е-е, досым-ау, өмір сүргің келсе, қай жер болса да сүңгірсің. Ал иіс бірте-бірте жоғалады, – деп, жуынып отырып жауап берді Карузо.

Бауырсақ аһылап-уһілеп «ваннадан» шығып, күйіне күбірледі:



– Барлық жерім майланды. Бір аптаға жетіп қалар. Жарайсың, жақсылық істеген түріңді қара, құйрықты дос.

Карузо жауап бермей, мырс етті.

– Дегенмен дұрыс айтасың, иіс деген сөз болып па?! – Бауырсақ өзінің аяқ-қолына қарап, көзін уқалап, саңқ етті, – есесіне қазір тірімін! Ешкім, естисің бе, енді мені ешкім жеп қоя алмайды!

Сөйтіп, ол ернеуде билей бастады. Бүйірінен аққан май тамшылары жан-жаққа шашырады:

– Өйткені мен қашып кетемін, табанымды жалтыратамын, зып етемін, қолды-аяққа тұрмай, зу еткенде байқамай да қаласыңдар!

– Осының бәрі кімнің арқасында? – деді Мысық, жүніне май тамып кетпесін деп алысырақ жылжып, – аспаз досымның арқасында.

– Балық Қолшатырының арқасында ма? Дұрысы, Зұлым Сиқыршы мен оның қызы – су перісінің арқасында.

– Оларға да көп рақмет! – деді Карузо, наразы кейіппен мияулап, – бірақ Балық Қолшатыры болмаса, су перісін кім жылытар еді? Оған қоса сені де түскі асқа жеп қояр ма еді?

– Білемін, жеп қояр еді, – деді Бауырсақ, ұнжырғасы түсіп, – бірақ сенің не айтқың келіп тұр?

– Аспазды құтқаруымыз керек. Оған қоса балық-ханымды да. Мен балық мейрамханамсыз қалай өмір сүремін? Өмірім өмір болмайды ғой. Қандай ойың бар?

– Иә, өзім де көмектесу керек деп ойлағанмын, – деп мойындады Бауырсақ, Балық Қолшатыры пен Тайма ақырын сөйлесіп тұрған асүйге көз тастап. – Олар менің ата-анам сияқты: аспаз илеп, жайды, ал су перісі жан бітірді.

Ол басын Мысыққа қарай бұрды да, сенімсіздеу сөйлей бастады:

– Жүр, ағатай. Сен маған дүниежүзіндегі сирек кездесетін дәмді тағамдарды дайындау жолдарын табуға көмектесесің. Зұлым Сиқыршы айтқандай, енді оларға адам көмектесе алмайды. Есесіне біз – Бауырсақ пен Карузо көмектесеміз!