Баурсак и Карузо = Бауырсақ пен Карузо — страница 9 из 14

– Дұрыс шешім, – деп пырылдады Мысық, – бірақ мынаны айтшы. Сенің мысық тілін түсінетінің анық, бірақ одан басқа тағы қандай тілдерді білесің?

Бауырсақ сәл ойланып алып, былай деп жауап берді:

– Сірә, кез келген тілді білетін шығармын. Мен нанмын ғой, ал нан – бәрінің бастауы. Яғни бәрін түсінемін.

– Иә, нан – бәрінің бастауы, онда сапарда менің аудармашым боласың. Абайла, мені ұятқа қалдырып жүрме!



06-тарауБалық Қолшатыры мен Карузо

Балық Қолшатыры терезеге жақындады. Терезе сыртында аспазды шақыра-шақыра дауысы қарлыққан Карузо сарыла күтіп отыр еді.

– Әй, мысығым, мысығым, менсіз қалай өмір сүріп жатырсың? Сені кім еркелетіп, тамағыңды кім береді? Жүр, ең болмаса саған балық берейін.

Карузо пырылдап, бүкіл денесімен шыны әйнекке жабысты.

– Сізге тамақты үнемдеу керек! – деп, Бауырсақтың зығырданы қайнады. – Ал мына құйрықты жаңа ғана бір құты майшабақты жеп алды.

– О, сен де осында екенсің ғой… Көзіме елестеген шығар деп ойласам. Сен бізді қорқыттың, – деп, аспаз имене жымиды. – Сені жемекші болғанымыз үшін кешір, достым…



– Жарайды, онда тұрған не бар. Бауырсақтарға күн сайын жан біте бермейді. Аспаз-әке, Мысықты тамақтандырғыңыз келді ғой.

– Сүйікті досымнан еш нәрсе де аямаймын, – деп, аспаз балықтың бір бөлігін саңылаудан өткізе салды. Бірақ балықты сыртқа шығара салысымен ол жым-жылас жоқ болды.

Карузо ақсерке балығы жерге түсіп кетті деп ойлап, төмен секірді. Төмен жақтан оның қорланып мияулағаны естілді де, Мысық қайтадан ернеуге келді.

– Ашуланбашы, достым. Қазір тағы бір кесегін беремін.

Бірақ балықтың екінші бөлігі де сыртқа шығар-шықпастан жоқ болды.

– Естімеген елде көп деген. – Бауырсақ таңдана өзін бастан-аяқ қарап шықты. – Мен қалай жоқ болып кетпедім. Мен де жаңа ғана осы саңылаудан өттім ғой… Бірақ мен осындамын, аман-есен тұрмын.

– Дәл солай, – деп Карузо оның сөзін іліп алды, – сен аман-есенсің, ал ақсерке жоғалып кетті…

Бір кезде аквариумнан Тайманың дауысы шықты:

– Бауырсақ жай ғана тірі емес, ол сиқырлы.

– Онда түсінікті, – деп, аспаз қолымен әйнекті сипалады, терезе сыртындағы Мысық көзін жұмып еркеледі. – Жақсы мысығым менің, Карузом менің, енді мені кім жұмыс уақыты болды деп оятады. Ойбуй, енді менің жұмысым да жоқ екен ғой…

– Қымбатты аспаз-әке, уайымдамаңыз, – деп сөзге араласты Бауырсақ, – Карузо екеуіміз сізге көмектесеміз деп шештік. Біз әртүрлі елдерге барып, дәмді тамақ әзірлеу жолдарын жинаймыз. Үйге келгенде сізге айтып береміз. Сөз жоқ, сиқырдан арыласыздар.

Аспаз жұдырығымен еріксіз шыққан көз жасын сүртті. Ал Бауырсақ сөзін жалғастырып:

– Карузо маған мысық құрдасы Пырсмырсаниге сіздерге қамқор болуын өтінетінін айтты. Алда-жалда бірдеңе бола қалса, ол мысықтар байланысы арқылы бізге бәрін жеткізіп тұрады.

Достар аспазбен қоштасып, терезеден су перісіне қол бұлғады. Мысық Бауырсақты абайлап тістеп алып, жерге секірді.

– Ары қарай өз аяғыңмен жүр.

Ауладан енді ғана өте бергенде Бауырсақ тоқтай қалды:

– Ал түрлі елдерге қалай барамыз?

– Сені де ақылды дейді-ау, нан – бәрінің бастауы деп едің, – деді Карузо, – ол жерге кәдімгідей жетеміз. Мысықтар бауырластығы көмектеседі. Енді Пырсмырсаниге қонаққа барайық, оның алыс сапарға жүзетін капитан досы бар. Бізді бір жерге жеткізіп тастар.

Олар қақпадан шығып бара жатқанда, Карузо өз мейрамханасына бұрылып қарады, аспаз досы әлі де терезе алдында тұрғанын көріп:

– Қожайын, сені құтқарамыз! Күте тұр! Мықты бол! – деп бажылдағанда, ағаштардан жапырақтар саулап түсті.



07-тарауҚара қант

Зұлым Сиқыршы ұйықтай алмады. Әдеттегідей іші ауырып жатты. Ауру жанына батып, азаптап жатыр, улап жатыр. Сиқыршы өмір шырағы сөніп бара жатқанын сезді. Сиқыры қиыспай, дуасының күші азая берді.

– Ақтық демім таяп қалғанының белгісі болар. – Сиқыршы бүкірейіп, аяғын сүйрете басып, әрдайым шайға дайын тұратын дастарқан басына отырды. Дастарқанда не жоқ десеңізші: қант қосылған тоқаштар мен түрлі түсті қант шәрбаты жағылған бәліштер, балқаймақ пен кілегей қосылған тәтті нандар, зефир мен шоколадты кәмпиттер.

Бірақ Сиқыршы бұл тәттілерге қараған да жоқ. Ол қиналып тұрса да, сөреде тұрған үш аяқты қола тіреуішті сенімді көмекшісі – алтын жайпақ табақпен бірге алды. Ол қант сауытын ары итеріп, тіреуішті үстелге қойды.

Сиқыршы жайпақ табақты кең жеңімен сүрткенде ол алтын сәуле түскендей жарқырай түсті.

– Қызымды көрсет, – деп бұйырды қожайыны.

Табақтың тегіс, жылтыр беті көмескі тартқандай бұлдырлап барып, ашылды да, Сиқыршы ашық терезеден таныс асүйді көрді. Котлет пен қарақұмықтың дәмді иісі сезілді. Балық Қолшатыры пеш қасында қыбырлап жүр, күлімсіреген Тайма аквариумнан басын шығарып, оған бір нәрсе деп жатты. Өкініштісі, сөздерін түсіну мүмкін емес.

Сиқыршы ашудан қалш-қалш етті. «Жағдайына қарамастан, күледі ғой! Ештеңе етпейді, сұлуым, тағы бір-екі ай диетада отыра тұр. Сонда қалай сайрайтыныңды көреміз».

Бір кезде ол өзі мейрамхананы қоршап қойған сиқырлы сақинадан өтіп кеткен қуырылған қамырдың әлсіз иісін сезді. Әрі қарай иіс мейрамхананың сыртындағы терезенің ернеуіне дейін жетіп, Мысықтың иісімен араласып кетті.

Қамыр мен Мысық ауладан өтіп, бастары ауған жаққа кетіп барады. Сиқыршы енді бұл иістің әуеде, ұшақта екенін сезді. Алтын жалпақ табақ Бауырсақты көрсетті. Қалташаға оралған Бауырсақ жолаушының қалтасында ұйықтап қалыпты. Көгілдір көзді сиам мысығы қасындағы орындыққа жайғасып, жиналмалы үстелде тұрған түскі астан көзін алмай қарап отыр.

Жамылғы таратып келе жатқан стюардесса Мысыққа назар аударды:

– Тірі мысықтан аумайды екен.

– Жо-жоқ, жай ғана жұмсақ ойыншық. Сыйлыққа апара жатырмын. Жақсы тігілген, солай емес пе?! – деп, жолаушы Мысықты құлағынан тартқанда ол бүйіріне құлап түсті.

– Мен атамнан қашып кеттім дегің келеді ғой, – деп сыбырлады Сиқыршы. – Мұны қалай жүзеге асырдың? Өзіңмен бірге мейрамхана мысығын да ала шыққаның қызық болған екен. Шынымен, аспаз бен менің қызыма көмектескілерің келе ме? Қай жеңгенің менікі, көрейік. Сиқыршы аталарыңнан қашып құтыла алмайтындарыңды біле жүріңдер, игі жақсыларым.

Ол үстелде тұрған қант сауытын жұлып алып, еденге лақтырып жіберді. Фарфор сынықтары жан-жаққа ұшып, қант түйіршіктері қап-қара түске боялды.

– Қап-қара түйіршіктерім, тәп-тәтті түйіршіктерім, жорғалаңдар, ұшыңдар, жамандық атаулыны таратып, қамыр мен мысықты тоқтатыңдар, – деп Сиқыршы дуасын айтып болғанда, түйіршіктер бөлмеден жылан сияқты сырғып шығып кетті. – Енді маған не көрсетпексің, Алтын табақ?

Бауырсақ баяғыдай жолаушының қалтасында ұйықтап жатты, Мысық көрпенің астында бүк түсіп оранып алған, ал жолаушы тәбеті ашылып, түскі асын ішіп отыр.

Карузо мен Бауырсақ досын құтқару үшін алысқа ұшып бара жатты, бірақ ол жақта өздерін Қара қант күтіп тұрғанын білмеді.


08-тарауЖапония. Фугу балығы

– Иә, Жапония әйтеуір бір жер емес, – деп, Карузо сілкініп алды. Ұзақ ұшқандықтан, денесі ұйып қалыпты. – Токио екі-ақ үйі бар ауыл емес. Адам санында шек жоқ!

– Адасып қалмаймыз, – деп, Бауырсақ алақанын уқалады, – біз тез мейрамхана тауып, тағамдарын көріп, пісіру жолдарын біліп алайық. Әйтпесе түнде капитанымыз өз кемесімен кері қайтады.

– Үлгереміз, – деп, Мысық бір орнында тұрып секірді. – Бірақ сені көтеріп жүрейінші, әйтпесе сені байқаусызда таптап кетер.

– Тағы да аузыңа салып жүресің бе? Олай істегеніңді қаламаймын, тістерің өткір екен, мені тістеп аласың ба деп қорқамын…



– Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді, – деп, Мысық мұның мәнін түсіндірді, – осындай мәтел бар. Ең бастысы, аман қалу керек. Сен күшіңді босқа жұмсама. Саған барлық рецептіні мықтап есте сақтау керек. Жазып ала алмаймыз. Оған қоса сені әрдайым алып жүре алмаймын. Тек осы жерде, қазір және ана-а-а тұрған маңдайшасында ашық түсті жазуы бар мейрамханаға дейін апарамын.

Мысық досын іліп алды да, адамдар арасынан жол тауып, орағытып алға ұмтылуда. Ол асүйдің есігіне жеткенде тоқтады. Бауырсақты жерге түсіріп:

– Міне, қара, мұнда фугу балығын пісіреді. Бұл балықтың уы қорқынышты. Теледидардан бағдарлама көрдім. Тіпті ең кішкентай тамшысы адамға тисе, біткен жерің сол! Өмір жолың тез және біржола аяқталады.

– Мүлдем аяқтала ма? Ойбай, онда оны неге жейді?

– Бірақ дұрыс бөлшектесе, өте дәмді. Ал кейбіреулер осылай жүйкесін тексергісі келеді.

– Әлде әлгі сиқыршыны осылай «фугулатып» аламыз ба? Тым болмаса біраз уақытқа.

– Оның еш мәні жоқ, алдымен, оны тауып алу керек. Екіншіден, тауып алып, «фугулатсаң» да, дуа жойылмайды. Достарымыз солай асүйде мәңгі қалады.

Қара қалпақ, қара форма киген аспаз екеуінің жанынан ақырын басып өтті. Карузо Бауырсаққа:

– Артынан тез жүгір, – деді. – Қара китель киген аспаздар – ең мықтылар.

«Қара аспаз» асүй есігінен кіріп, ар жағында ғайып болды, Бауырсақ оның артынан әрең кіріп үлгерді. Ол пышақтар салынған ыдыстың артына тығылып, қара киімді аспаздың ірі балықты жұлып алып, өткір балтамен кесіп жатқанын бақылап қарап тұрды. Үстел басына қарт бас аспаз келіп, оның істеп жатқанын көріп, айғайға басты:

– Не істеп жатырсың, канаси фукуро[6], қандай ебедейсізсің! Осындай балықты бүлдіріп жатырсың. Адамдарды улайсың ғой. Сені лицензияңнан айыру керек, ол да аздық етеді! Полицияға тапсыру керек! Осы уы тараған балықты өзіңе жегізу керек!

Қара киімді аспаз балтаны тастай салып, еденге баяу отыра кетті. Ол құм түйіршіктеріне айналды да, киімі мен қалпағы еденге құлап, олардың астындағы құм түйіршіктері есік астындағы саңылауға сырғып кетті. Қарт бас аспаз нағыз самурай сияқты сабырлылық сақтап, оның заттарын қоқыс жәшігіне лақтырып жіберді. Ол зұлым рухтарды қуу үшін еденге бірнеше бұршақ лақтырып, жұмысына кірісті. Ол дұрыс кесілмеген фугу балығын алып тастап, мәрмәр үстелді тап-таза қылып жуды, содан соң жаңа балық алып, мұқият тазалап, бөлшектеді. Ішек-қарны мен терісін алдымен тығыз қалтаға орап, темір қорапқа салып, бекітіп қойды. Ол удың ешқайда жайылып кетпеуіне басымен жауапты. Үстелді қайтадан мұқият жуып алып, фугу балығын жұп-жұқа тілімдер түрінде кесіп шықты да, әдемілеп тәрелкеге салды.