Февраль / Ақпан — страница 18 из 33

– Сіз ұзаққа кетесіз бе? – деп сұрады Болат.

Асқар көліктен шығып:

– Көрерміз, – деді.

– Мүмкін, мен бір жерден тамақтанып алармын?

– Көрерсің.

Асқар іздеген үйінің кіреберісіне келіп, домофонға қарап, қай пәтер екенін есіне түсіре алмай, аз-кем аялдады.

Артынан тақаған бір кемпір Асқарға алая қарап:

– Сіз кімге келдіңіз? – деді.

– Дәулетке келдім, ол екінші қабатта тұрады. Сіздің қандай жұмысыңыз бар еді? – деп Асқар оның сұрағына сұрақ ілестірді.

– Туысыңыз болар, шамасы? – деп күбірлеген кемпір кілтімен есікті аша берді.

Асқар үнсіз күйі кемпірді алға жіберіп, кіре бере айналып өтіп, жоғары асықты. Қара дермантинмен қапталған есік сәл ашылып тұр екен. Есіктің ішінен арақ аралас сасық иіс мүңкіді. Асқар енді сәл ойланып қалды. Астыңғы қабаттан кемпірдің басқан қадамының тықырын естіді де, есікті итеріп, ішке енді. Бос дәлізден өтіп, Дәу досы кабинет деп атайтын үлкен бөлмеге кірді. Ішіне кір мен шаң басқан балконның бұлдыр терезесінен күннің жарығы түсіп тұр екен. Бөлменің ортасындағы үлкен үстел кітаптар мен журналдарға толы. Олардың үстінде сызба қағаздар үйіліп жатыр. Үстелдің шаң мен қоқым басқан бір шетінде темекі тұқылдарына арналған қалбыр тұр. Айналасында – бірнеше қисайған орындық. Диванның үстінен құсық иісі шығады. Асқар мұрнын қол орамалымен жауып, балконға жақындап, есігін ашты. Сыртқа шығып, демін басты. Төменде әрлі-берлі жүрген жүргізушісін көрді.

Балконда біраз тұрған Асқар бөлмеге оралып, шығуға бет алды. «Дәуке бұл пәтерде енді тұрмайды екен» деген ойға бекінгені сол еді, шығаберіс қабырғадағы таныс фотосуретті байқады: ата-анасымен бірге ыржиып тұрған кішкентай Дәуке. Кенет:

– Бұл кім? Толян сен бе? – деген таныс дауыс естілді. Асқар жүріп барып, оң жақтағы есікті ашты. Темір кереуетте трико киген ер адам жатыр.

– Асқарик? – Дәулет кереуеттен секіріп тұрды. Азып кеткен түріне қарамай, әлі де шымыр денесін сақтап қалыпты.

– Дәуке, сәлем! – деді Асқар, қолын созып.

– Асқар, сен қайдан жүрсің? – деп, қол алысқан күйі Дәулет көзін тайдырып әкетті.

– Бір жұмыспен келгенмін, саған амандаса кетейін деп кірдім.

– Пойыздан түстің бе? – деп сұрады Дәулет, қолына мыж-мыж қораптан сигарет алып.

– Жоқ, көлікпен келдік.

– Сен жалғыз емессің бе? Асүйге өтіңдер, қазір шай қоямын.

– Жоқ, бауырым, жұмысым көп, амандасуға кірдім, кейінірек хабарласайық.

– Телефоныңды айтшы, мен жазып алайын. Мұнда қанша уақыт боласың? – Дәулет қалам іздеп әбігерге түсті.

– Әзірге білмеймін, бір-екі күн болар. Саған өзім қоңырау шаламын.

– Үй телефоныма хабарлас, мен үйдемін. – Дәулет қолымен қызыл телефонды меңзеді.

– Нөмірің бар, екі жүз жиырма үштен басталады, – деді Асқар, смартфонына қарап.

– Дәл солай, міндетті түрде хабарлас, – деді Дәулет, досының көзіне қадалып.

Асқар шығып бара жатып қайта бұрылып келіп, досын құшақтай алды. Сосын тез шығып кетті.

Асқар баспалдақтан жүгіре түсіп, Болатқа көлікті оталдыр деген белгі берді.

– Қонақүйге тарт, – деді, көлікке отыра бере.

Көлік ішінде тынымсыз шырылдай бастаған телефонын қалтасынан алып, дисплейіне қарады да, жауап берді:

– Мама, қайырлы таң! Қалайсыз?

– Бәрі жақсы, балам, өзің қалайсың?

– Алматыға жеттік, қонақүйге бара жатырмын.

– Дәулетке кіріп шықпайсың ба?

– Кірдім, мама.

– Жөн. Аман-есен бе екен?

– Нашар екен, ішіп кетіпті, үйі кір-қоқыс.

– Сен, балам, оған жәрдем көрсет. Оның ешкімі жоқ. Атасы жақсы адам еді, иманды болғыр! Сенің әкеңді абақтыдан алып қалған – сол кісі. Әлихан нағашың кіріскісі де келмеген.

– Жарайды, мама, бір нәрсе ойластырармын. Әкеме сәлем де.

– Жолың болсын! Балам, Әлиханға көп сене берме. Өз пайдасы болмаса, ол саусағын да қозғалтпайды.

Қонақүйде Асқар шешініп, бірден жуынатын бөлмеге кірді. Салқын суға шайынып, Дәулеттің үйінде көргенінен тазаланғандай болды. Одан шығып, Әлихан нағашысына қоңырау шалды.

– Әй, кім дейсің? Хадишаның баласымын деймісің? Білемін оны. Ақылды әрі сұлу, біздің тұқым ғой. Тек тұрмысқа қайыршы біреуге шықты. Хал-жағдайы қалай?

Асқар бұл сөзден кейін әңгімені тоқтата салғысы келсе де, шыдап бақты. Шал қызметте болмаса да, баласы Астанада министрлікте отыр.

– Бәрі жақсы, Әлихан нағашы. Баяғыша мамам ауылда музыка мектебінде сабақ береді.

– Бәрі жақсы болғаны дұрыс. Ал өзің немен айналысасың?

– Мен Қарағандыда тұрамын. Бизнеспен айналысамын, облыста фермерлікті дамытып жүрмін. Жақында депутаттық сайлауға түстім.

– Депутат? – Әлихан қарқылдап күліп алды. – Ойна, бала, қызыл арақпен!

– Әлихан нағашы, мен қазір Алматыдамын, сізбен кездесейін деп едім…

– Жарайды, үйге кел, депутат. Мекенжайымызды білесің бе?

– Нақты білмеймін, Науаи көшесі ме еді?

Асқар нағашысының мекенжайын жазып алып, әңгімесін аяқтап, сағатына қарады. Таңғы асқа барғысы жоқ. Әлихан нағашысы түскі асқа шақырған. Асқар үлкен кереуетке құлай кетіп, теледидарды қосты. Біраздан соң ұйықтап кетті.

* * *

Дәулет бөлмесіне Асқардың көзімен қарады. Бір аяғы жоқ қисайған шкаф, темір кереует… Қисық ілініп, кірге боялған перде. Жоқ, Асқар енді хабарласпайды, тек әдептілік үшін айтты. Әлде аяғаны ма? Құшақтап қоштасты…

– Дәулет! Қайдасың? Ұйықтап жатырсың ба? – Бөлмеге Толян кірді. Қолында сары қапшық.

– Жаңа біреу баспалдақта алдымнан қарғып шығып, қағып кете жаздады. Байқап жүр деп едім, алайып қарағанын көрсең! Бізді адам деп санамайтын әкімнің орынбасарына ұқсайтын бір боққарын.

– Ол – Асқар, менің досым.

– Қой, біздің ондай досымыз жоқ, ондайдан аулақ жүр, – деді Толян. – Одан да кел, бас жазайық. – Ол сары қапшықтан кішкене шөлмектегі арақты шығарды.

– Жоқ! – Дәулет тіке қайырды. Толян шошығанынан есікке қарай ығысты.

– Өзің біл, мен онда даладағы жігіттерге барайын, бүгін ауа райы жақсы… Жалғыз өзім ішетін маскүнем емеспін ғой.

– Жарайды, ренжімеші, Толян. Өз-өзіме келіп, досыммен кездесуім керек.

– Жаңағы алаяқпен бе? Мен саған ескерттім, енді өзің біл, – деп, Толян шығып кетті.

II

Кіреберіс бөлмеде еденде бірнеше ер адам жатыр екен. Оларды өлік пе деп қорқып қалып еді, кейіннен мас болып я есірткінің әсерінен ұйықтап жатқандарын байқады.

– Қара, анау Кананың ағасы ғой, – деп сыбырлады Асқар, эмбрион тәрізденіп жатқан ұзын жігітті көрсетіп.

– Оны Евлоевтар құлдыққа сатып жіберіпті деп естідім, – деп жауап берді Дәулет.

– Не үшін? – деп таңғалды Асқар.

– Бірдеңе бүлдірген… Кейін айтамын.

Бұл үйге кіру үшін олар бір апта бойы биік шарбақ ішіндегі иттерге біресе ет, біресе сүйек тастап жүрді. Келісілген түні қақпадан «Жигули» шығып кетісімен, екеуі иттерге ұйықтататын дәрі қосылған ет лақтырды. Иттер тынышталған соң шарбақтан секіріп түсіп, ішке кірген.

Бұл үй туралы түрлі әңгіме айтылатын. Дәулеттің атасының айтуынша, соғысқа дейін бұл жерде қаңырап қалған жер үй болған. Ал соғыстан кейін сол үйді Ингушетиядан қоныс аударған шал мен алты баласы бар жас келіншек паналапты. Кейін шал қайтыс болған соң келіншек дүкенге еден жуушы болып жұмысқа тұрады. Дәулеттің атасы оның балаларына жәрдемақы тағайындауға көмектесіпті. Уақыт өте келе сол әйелдің балалары өсіп, тегіс сауда саласына жұмысқа орналасады. Екі қызы дүкенде сатушы болып, ұл балалары сауда базасындағы қоймаларда істепті. Жер үйдің орнына кішігірім үй салып, оны кейін кеңейте берген. Отбасы мүшелері көбейген сайын үй де кеңейе беріпті. Тоқсаныншы жылдары олар үйдің айналасын биік шарбақпен қоршап тастапты. Ол кезде жас келіншек қартайып, сол үйде жасырын арақ сатумен айналысыпты. Сыбыс бойынша, олар панасыз адамдарды малын бағатын құл етіп ұстапты. Ақырында бәрі отбасымен Ингушетияға қайта қоныс аударыпты да, тек екі ұлы осында қалып қойыпты. Жақында ауылда олар осы үйде қарызға батқан адамдарды қамап ұстайды, соңынан құлдыққа сатады деген шу шыққан.

Бұл Дәулет пен Асқардың осы үйде не болып жатқанын өз көздерімен көргісі келіп кірген беттері еді. Бір бөлмеде – ұйықтап жатқан мас еркектер. Екінші бөлмеде – үйіліп жатқан бос шөлмектер, спирт я басқа сұйықтық құйылған үлкен цистерналар. Басқа бөлмелер бос, кішкене қойма аспалы қытай құлпымен бекітілген. Асқар құлыпты әрі-бері шайқап көрді.

– Сындыра салайық, ана бөлмеде балға бар, – деді Дәулет.

– Жоқ, сыммен ашып көрейік, – деп жауап қатты Асқар. – Маған шаммен жарық түсірші.

Асқар біраз уақыт әуреленген соң, құлыптың ішінде бірдеңе сырт етіп, ілмегі ашыла қалды. Қойманың қабырғасындағы сөрелерде азық-түлік жатыр екен. Еденде бірнеше жәшік арақ тұр.

– Жоғарыда не бар екен? – деген Асқар төменгі сөреге тұрып, қолымен жоғарғысын ақтарып шықты да, ештеңе таба алмады. Төменге түсе беріп, аяғымен сөренің шетін басып қалды да, құлай жаздады. Сол сәт сөре бір жағына көтерілгенде Дәулет оның астында жатқан сөмкені көріп қалды. Іле-шала суыра тартып алды.

– Мәссаған! Мынау есірткі сияқты, – деп тақ ете қалды Дәулет, сөмкеден бөлшектеп байланған орамаларды шығарып.

– Тыныш! – деді Асқар, саусағын аузына тақап.

Іле-шала екеуі есікті жауып, сыртынан құлыпты ілді де, сарт еткізіп бекіте салды. Үйден бірталай қашықтыққа ұзаған соң, екеуі де велосипедтерінен түсті. Дәулет есірткінің бір орамасын ашып:

– Мұнымен не істесек екен? – деп сұрады.

– Қайдан білейін? Инеге арналған болар, одан да шегуге арналғанын көрейік, – деп жауап берді Асқар.

– Тамаша! Әкел! – Дәулет газет қиындысынан дөңгелектеп папирос жасады.

– Жаңа сен осы Кананың ағасы жөнінде не айттың? – деп сұрады Асқар, папиросты шөппен толтырып.

– Ол кезінде қылмыскерлермен араласты, көп ақша тапты, күшті көлік сатып алды.

– А, есімде, «бэха» ғой? – деді Асқар, демін ішіне тартқан күйі папиросты тұтатып жатып.

Шөп сытырлап жанып, қоңырсыған, ащылау иіс сезілді. Асқар жөтеліп, папиросты Дәулетке ұстатты.

– Сосын ұрлығы үшін оны құлдыққа салыпты, – деді Дәулет, түтіннен көзін сығырайтып.