Февраль / Ақпан — страница 19 из 33

– Сен оны қайдан білесің? – деп сұрады Асқар.

– Кана айтты. Үйлеріне келіп, тінту жасапты. Содан соң ағасы жоғалып кеткен, көлігі де ізім-қайым жоқ.

– Мынаның әсер ететін түрі жоқ, – деп, Асқар сәлден соң күліп жіберді.

– Тағы да шегейік, көп қой бізде! – деді Дәулет қуанғандай, жерден ыршып түсіп.

– Немене қыз сияқты секіресің?

– Өзің қыз, масайған неме!

III

Әлихан нағашысының үйі биік тас дуалмен қоршалған екен, оны Асқар байсымақтар салатын мазарға ұқсатты. Атасы ондай мазар туралы: «Ата-аналарыңды тірі кезінде құрметтеңдер, өлгеннен кейін қандай мазар салсаңдар да, керегі шамалы», – дейтін.

Асқар есіктің қоңырауын басты. Қақпа ашылып, ол көлікпен кең аулаға кірді. Қырда тұрған екі қабатты үй. Үйдің алды – асфальт төселген алаң. Оның оң жағында – төбесі жабылған, бірнеше көлік сыятын тұрақ, сол жағында – бассейні бар балалар алаңы. Үйдің артында – бақша мен жылыжай.

Әлихан нағашысы – бойшаң, толық келген адам. Спорт киімімен алауошақтың алдында газет оқып отыр екен.

– Келдің бе, депутат? – Ол Асқардың қолын алып, тағы да қарқылдап күлді. – Депутат! Сәлима, мына депутаттың түріне қарашы!

– Асқаржан, айналайын, кішкентай кезіңде қонаққа келгендерің есімде. Біз онда Киров көшесінде тұрғанбыз. Әлихан, есіңде ме біздің Киров көшесіндегі үш бөлмелі пәтеріміз? – деп, Сәлима тәтесі Асқардың бетінен сүйді.

Сосын Асқарға сыбырлап:

– Нағашыңа ренжіме, ол қастық ойламайды, тек мінезі сондай, – деді.

Асқар үндемей басын изеді. Сәлима қаттырақ сөйлеп:

– Сенің мамаң жас кезінде сұлу болатын. Әлиханға ұқсаған ұзын бойлы, сымбатты. Талай беделді жігіттер оған ұнап қалуға тырысатын.

– Ол болса бір жалаңаяққа тұрмысқа шықты, – деді Әлихан.

Біраздан соң Сәлима түскі асқа шақырды. Үстел бір қабырғаны толық қамтыған, бақшаға шығатын терезенің алдында жайылыпты. Бақшада жарқыраған күз келбеті: алуан түсті жұлдызгүлдер. Дастарқан басында жанұяның тағы да басқа туыстары жиналыпты. Асқар жұбайы мен немересін ерте келген қарт профессордың жанына жайғасты. Генералдың тұңғыш немересі Дастан үстелдің екінші шетінде, атасына қарама-қарсы отыр. Ол қазақ дәстүріне сай атасы мен әжесінің қолында тұрады екен. Көзілдірік киген, ұзын, жүдеу жігіт немқұрайды кейіппен маңдайын тыржитып, үндемей, анда-санда профессордың немересімен көз тастасып, тамағын ішіп отыр. Асқардың есіне Дәулет екеуінің шал-кемпірмен дастарқан басында жиі отырып, бір-бірімен жымыңдасып, көз тастасатыны оралды. Сосын оңашада екеуі тісі жоқ сақау Кәрім шалды, қарқылдап сөйлейтін Балауса кемпірді мазақтап, ішек-сілелері қататын. Шал-кемпірдің ғаламтор, «мөбілді» телефон туралы пікірлерін де қызық көріп күлетін.

Салқын мәзір мен салаттардан кейін дастарқанға манты келіп жетті. Сәлима қонақтарға ас бере жүріп, Дастанның оқудағы жетістіктерімен мақтанып, мектебін сынға алды:

– Бұл не деген мектеп! Күні бойы оқытқанымен шектелмей, соншама тапсырма бергені не сұмдық! Бала күнде де, түнде де кітаптан басын көтермейді! Бәрі де сондай ма екен?

– Апа, мен физмат мектебінде оқимын, оның өз ерекшеліктері бар, – деп ескертіп қойды Дастан.

– Басқа мектептер де оңып тұрған жоқ, – деді профессордың жұбайы, – менің жиендерім жай мектепте оқығанымен, онда да көп тапсырма береді. Ата-аналары репетитор жалдаумен әлек болып жүргені. Оған кімнің ақшасы шақ келеді?!

– Ал нәтижесінде – нөл, – деп тұжырымдады профессор. – Институтқа қарапайым білімсіз келеді. Қалайша грант арқылы қабылдайтынын түсінсем бұйырмасын.

– Жастар әр нәрсеге бейімделгіш қой, – деді Әлихан. – Қайран жастық шақ! Жас кезіңде бәрі де мүмкін. Солай ма, Дастан? – Генерал немересіне қарады.

– Әрине, ата, – деп келісіп қойды Дастан.

– Бәрі де қалағаныңдай болады, ешкімді тыңдама да, өз жолыңмен жүр. Асқарға қарашы, депутаттыққа түсіп жатыр, – деді Әлихан жымия күліп.

Профессор Асқарға қызыға қарап, депутаттыққа кандидаттарға қойылатын талап-шарттар туралы сұрастыра бастады.

– Асқаржан, мантыдан салып же, сен жолдан келдің ғой. – Сәлима тәтесі асты-үстіне түсіп жатыр.

Тойып ішкен астан кейін Асқар нағашысымен оңаша қалып, іске кірісті:

– Әлихан нағашы, өзіңіз дұрыс айтқандай, мен қарапайым адаммын, ал сіз жоғары лауазымды қызмет атқардыңыз, сіздің кеңесіңіз керек еді.

– Алыстан орағытып, майда сөйлейсің, – деді генерал сықақтап.

– Полициядан таныстар керек еді, егер сіз мені туыс ретінде әріптестеріңізбен таныстырсаңыз, жақсы болар еді.

– Бірдеңе бүлдіріп қойдың ба, депутат? – деді генерал, көзәйнегінің үстінен сынай қарап. Асқар оған шыдамай, көзін бұрып әкетті.

– О не дегеніңіз? Қазіргі таңда фермерлерге жан-жақтан қысым көп, полицейлер себепсіз мазаламаса екен деймін, – деп жауап берді Асқар.

– Әрине, мен таныстыра аламын, бірақ ол саған қаншалықты пайдалы? Қайдам… Күмәнім бар. Қызметтен шыққаннан кейін туған баламды да қолдай алмай қалдым. Бірақ ол – менің тұқымым, ол мықты. Сен де оған жабыса берме… Бір-екі жыл бұрын қызметте отырғанымда келсең, бәлкім… – Әлихан қолын сермеді. – Қысқасы, мәселеңді өзің шеш, депутат, – деді ол, домалақ шөлмектен коньяк құйып алып.

* * *

Асқар қонақүйге салы суға кетіп, анамды тыңдау керек еді, мұнда не үшін келдім деп өкініп қайтты. Әлихан нағашысы бір жүрген суаяқ екен, баласының да оңғаны шамалы болар.

Асқар Дәулетке телефон шалды.

– Асқарик! Хабарласқаның жақсы болды, кездесіп, сөйлеспейміз бе? – деп үстемелетті Дәулет, тұтқаны алар-алмастан.

– Мен де соны ойладым. Маған келсеңші, қонақүйге. Бұрынғыдай отырып, сөйлесейік.

Асқар телефон арқылы мейрамханадан ас-тағамға тапсырыс берді де, төсекке жантая кетті.

Дәулет тап-тұйнақтай киініп, ішкіліктің ізін білдірмеуге тырысып-ақ келді. Бірақ қабағы сәл ісіп тұрғандай. Сірә, өткен кезеңнен қалған қымбат парфюмі пәтерінің сасық иісін бүркей алмай, одан бетер күшейте түскендей. Аздан соң-ақ бұл иіс Асқардың жүрегін айнытқаны сонша, ол тоңазытқыштан бір шөлмек арақты шығарып, оны тез ашып, екі рюмкаға толтыра құйды. Дәулет сырт киімін шешіп қойысымен, Асқар оған рюмканы ұстатты. Екеуі мұздай арақты қағыстырып, сіміре салып, құшақтаса кетті.

– Отыр, бауырым. Жеткен жерің осы ма? – деді Асқар, тағы да рюмкаларын толтырып.

– Иә, осы. Сен ғана түсінесің оны… – деді Дәулет ақырын ғана. Сосын рюмкадағы арақты ішіп алып, диванға шалқая керілді.

– Кана үшін, – деп, Асқар да ішіп салды.

– Кананың орнына мені өлтіргені дұрыс болушы еді, – деді Дәулет. – Кейінгі кезде Кананы жиі есіме аламын. Оның артында анасы, қарындасы, ішкіш болса да, әкесі қалды. Ал менің тек жалғыз атам болды ғой.

– Қойшы сен, өзіңді жазғыра бермей! Болған іс болды! Кананы бәрібір қайтара алмаймыз деп өзің де айтып едің ғой, Дәуке!

– Иә, сені жұбатып айтқаным емес пе?! Сен сонда жүдеп, томаға-тұйық болып кеткенсің. Хадиша тәте сені есінен айырылып қалар ма екен деп уайымдайтын.

– Бірақ мен өз-өзімді қолға ала білдім, сенің көмегіңе арқа сүйедім. Сен енді…

– Мені ойлап әуре болма. Мен біткен адаммын. Одан да өзің туралы айтшы. Қарныңды қампитып алыпсың, – деді Дәулет, Асқардың ішін түртіп.

– Еңбекпен келген қарын, – деді Асқар, ішін қағып қойып. – Батя да ылғи мазақтайды. Оның ешқашан қарны болған емес.

– Салыстырады екенсің! Сенің әкең өмір бойы механик болып істеді. Әлі де темірдің арасында жүрген шығар.

– Иә, сол қалпында. Үсті май-май болып, автотұрақта бірдеңені салдырлатып жатқаны. Ал мен болсам кабинетте отырып-ақ, фермерлікті дамытып жатырмын.

– Фермерлік? Рас па? Мен ертең-ақ фермер болып кетер едім. Жақында ғана көңіліме жағып айналысатын не бар деп, ештеңе таппадым. Қазір сен фермерлік туралы айтып едің, бірден жаныма майдай жақты, – деп, Дәулет шөлмекке қолын созды.

– Тамақтан алып отырсаңшы, қазы-мазыдан же, мейрамханадан алдырдым, – деді Асқар.

– Менің өз ықыласыма сай ісімді тапқан сәтім – осы. Сол үшін алып қояйық, – деді Дәулет, арақты құйып жатып.

– Давай! Кел!

– Асқарик, ұрдым мен қаланы да, пәтерді де… Ауылға қайтқым келеді. Мені бұл жерден алып кетші. Азып-тозып шаршадым, – деп, Дәулет арақты ішіп алып, қазы салынған тәрелкені өзіне қарай жылжытып, жеуге кірісті.

– Дұрыс, жеп ал, – деді Асқар, нан, салаттарды Дәулетке қарай ысырып. – Қазір ыстық тамақ әкеледі, етке тапсырыс беріп қойдым.

– Рақмет, бауырым, асылған етті көптен жемедім, – деді Дәулет.

– Қыздар шақыртайық, әлде саунаға барамыз ба? – деді Асқар, смартфонын қолына алып.

– Қойшы! Қайдағы қыздар? Одан да әңгімелесейік, көріспегелі талай жыл өтті ғой.

– Әдет болып кетіпті, – деп келісе қойды Асқар.

– Хадиша тәте қалай?

– Мамам саған сәлем айтты. Таңертең қоңырау шалған, сені сұрап жатыр.

– Менің жағдайымды айтпаған шығарсың?

– Неге айтпасқа?! Айттым ішіп кеткеніңді. Ол саған көмектес деді. Жәкен атаны есіне алды.

– Хадиша тәтемнің орны бөлек қой. Оған да сәлем айт. Негізі, екеуі де – жақсы адам: анаң да, әкең де, бағың бар сенің.

– Сенің де бағың бар, тек ата-анаң ерте қайтыс болғаны қайғылы. Дәуке, сен өзің айтушы едің ғой атам сияқты әділетті, батыр болып, бәрін жеңіп тастаймын деп.

– Ол кезде жас болдым ғой. Қызық екенсің, қайдағы әділдік…

– Сенің атаң әділдік үшін күресті, бәрін жеңді. Сен үлгі тұтушы едің. Мен болсам әділдікке ешқашан сенбегенмін, әлі де сенбеймін. Тек сенің атаңа таңғалатынмын. Батямның мойнына қылмысты іліп түрмеге жапқанда, Әлихан нағашым кіріскісі келмеді. Сенің атаң бөтен болса да, жан-тәнімен кірісіп, әкемді алып шықты. Қарапайым, өзімен-өзі ауылда тұратын, мықты екенін көрсетпейтін, сол жағы мені таңғалдыратын. Сен қамалып қалғанда да құтқарады деп ешкім сенбеді, бірақ ол сені де алып шықты.

– Атам сияқты асыл жан қазір жоқ, ол із-түзсіз жоғалған түрге жатады ғой. Айтшы, Асқар, сол кезде мен сені сатып кетсем, не істер едің?

– Күлкімді келтірмеші, – деді Асқар мысқылдап.

– Қорқып, жала жауып, сатып жіберсем, қайтер едің? Менттер бұл вариантты құлағыма әбден құйған. Жазбаша түсініктеріңді көрсетті, оқыдым. Солға қарай еңкіш жазасың сен, – деп, Дәулет досына төніп, тесіле қарады. Кенет әлдене есіне түскендей тақырыпты шұғыл жапқанын аңғартып, кейін серпілді.