Февраль / Ақпан — страница 20 из 33

IV

Кананы мектепте химия сабағының үстінде кісендеп, милицияға алып кетті. Кабинетке екі еркек кірген: біреуі жай киінген, екіншісі – милицей. Өздерін қысқа таныстырып өтіп, мұғалімге құжаттарын көрсетті. Валентина Петровна оларды өз кабинетіне шақырып еді, милицей дөрекі түрде бастықтардың хабардар екенін айтты.

– Мен тек химия пәнінің мұғалімі емеспін, мектептің директорымын, – деп қатал жауап берді Валентина Петровна. – Мен хабардар емеспін!

– Бекішев Қанат бар ма? – деп сұрады азаматтық киімдегі еркек, директордың сөзіне мән бермей.

Балалар артқы партада отырған Канаға бұрылды, милицей оның жанына келіп:

– Сен бе Қанат Бекішев? Қолыңды әкел! – деді қатқыл дауыспен.

– Не үшін? – Қанаттың жан дауысы шықты.

Өзі үмітпен мұғалімге жалтақтады.

– Бөлімшеде айтамыз, – деп жауап берді милицей, Қанаттың қолына кісенді кигізіп жатып.

Асқар мен Дәулет бір-біріне қарады.

– Сіздердің ондай құқықтарыңыз жоқ, бала кәмелетке толмаған! – деп ашынды Валентина Петровна, есіктің алдына көлденең тұрып. Қанат оған жыламсырай қарады.

– Құрметтім, қызметімізді орындауға кедергі келтірмеңіз! Мен кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектормын, – деді азаматтық киімдегі еркек, қайтадан құжатын көрсетіп.

Валентина Петровнаның өңі қашып, есіктен былай тұра берді, бірақ әлі де болса қарсылығын білдіріп жатыр:

– Қанаттың қасында заңды өкілі болуы керек, ата-анасы жоқта оның өкілі менмін!

– Ата-анасы бөлімшеде тосып отыр. Қажет десеңіз, жүріңіз, – деп жауап берді инспектор.

Валентина Петровна олардың соңынан еріп шықты. Балалар бір сәтке тына қалды. Сосын орындарынан ұшып тұрып, сыртқа қарай жүгірді. Далада милиционер жылап тұрған Қанатты «Уазиктің» артқы орындығына отырғызып, өзі жанына жайғасты. Валентина Петровна жүргізушінің қасына отырып, сыртқы киімін киместен жүріп кетті.

Қанатты әкеткен соң мектептің оқу ісінің меңгерушісі балаларды қайтарып, үйлеріңде отырыңдар деп бұйырды. Балалар оған құлақ аспай, милиция бөліміне тартты. Ұялшақ, сабырлы Қанаттың дауласып, төбелескен кезі де болмаған. Қылмысқа оның қатысы жоқ екені бәріне де анық.

– Біреу оны қасақана қатыстырып жатыр, – деп болжамдады балалар.

– Кім екен? Кана ешкіммен аса көп араласпайды.

– Әрсен ағасының кесірінен, – деді Асқар, – ол нашақорлармен дос болатын.

– Иә, рас. Әрсен қылмыскерлермен бірдеңе бүлдіріп жүретін, – деді бәрін білетін Ритка деген қыз. – Маған Кана өзі айтқан.

Ритка барлық сыныптастарымен дос болатын. Өзі бірнеше жыл каратемен айналысқан, әлжуаз балаларды қорғауды парызы деп санайтын. Қанатты жоғары сынып балалары «счетчикке» қоямыз дегенде, Ритка кірісіп, қорғап қалған. Өзі сабақта да, спортта да көшбасшы болатын. Бақылау жұмысын да сыныптастар Риткадан көшіріп алатын, сол үшін ұлдар оны ерекше құрметтейтін.

* * *

Балалар жұбын жазбай милиция ғимаратын шыр айналып, біраздан соң есік алдындағы орындыққа тұрақтады.

– Жүріңдер, біз Кананы таптық, – деп абыржыған Петя Хегай жүгіріп келді. – Одан жауап алып жатқан бөлменің терезесін таптық.

Балалар тобымен Петяның артынан еріп, ғимараттың артқы қасбетіне шықты. Ритка бір қолымен темір сатының тұтқасын ұстап, екінші қабаттың торлы терезесіне үңіліп тұр екен. Келе жатқан сыныптастарын көріп, шуламасын дегендей саусағын ерніне тигізді. Петька қарғып, қолымен тырмысып, сатыға шықты.

– Ритка түс, біз де көрейік, – деп айғайлады Асқар.

Ритка төмен түсе бастағанда сатының астында кезек пайда болды. Асқар сатыға қолын соза бергенде, оны Дәулет тартып:

– Асқарик былай жүр, – деп шетке алып кетті. – Көзге көрініп қайтесің?

– Әдейі, бізге күдік болмасын…

– Бұл біздің есірткімізбен байланысты болса ше? – деп Дәулет күдіктің шетін шығарды.

– Сөмкені қайта апарып тастайық, бірнеше папирос қана шектік емес пе, – деді Асқар.

– Дұрыс! Кешке барып, жағдайды бақылап келейік.

– Жоқ, тура қазір барамыз, – деді Асқар. Кенет:

– Ей, сендер не істеп жатырсыңдар? – деген кезекші милицейдің дауысы сатының тұсынан естілді.

Балалар іле-шала сатыдан түсіп, жан-жаққа бытырай қашты.

– Бұдан былай бұл жерден көрмейтін болайын! – деп айғайлады милицей олардың артынан.

* * *

Дуалдың қақпасы сәл ашық тұр екен, бірақ «Жигулидің» бамперінен басқа ештеңе көрінбеді. Ауладан дауыстар естіліп жатқан соң, олар қақпаға жақындауға батпады. Екеуі жақында ғана салынып жатқан үйдің шатырына шығып, қақпаны бақылады.

– Сөмкені аулаға лақтырып, қашып кетейік, – деді Дәулет.

– Шіркін, дүрбі болса ғой, ештеңе көрінбейді, – деп өкінді Асқар. – Үй иелері ішінде екенін білсек, тастауға болар еді.

– Дұрыс айтасың, есірткі бөтен біреудің қолында кетуі мүмкін, ол тіпті жаман, – деп келісті Дәулет.

Қақпаға қарай баруға батылдары жетпей, екеуі велосипедтеріне мініп, қайтуға бет алып еді, үйдің жанына шетел көлігі келіп тоқтады.

– Дәуке, қара! Алдыңғы орындықта Кананы қамауға келген мент отыр, – деп сыбырлады Асқар.

– Масқара! Олар есірткіні Кана ұрлады деп жүр, – деп тұжырымдады Дәулет.

– Мәссаған! – деп келісті Асқар. – Ал мент болса қылмыскерлермен сыбайлас!

V

– Қандай қол? Қандай түсінік… еңкіш жазатын кім? Не айтқың келіп тұр? Түсінбедім…

– Жарайды, бауырым, ренжіме! Қалжың ғой! Бұлардың саған қатысы жоқ. Менде біреуді түртпектейтін жаман әдет пайда болыпты. Адамдар туралы жаман ой-сезімдерге берілетін болыппын. Ұсақ-түйекшіл, өз-өзіме жиіркенішті болып кеттім. Сол себептен арақ ішіп, бәрін ұмытқым келеді.

Асқар досын құшақтап, іштей бәрін мойындауға нағыз қолайлы жағдай туды деп ұйғарды. Бұл әңгімені ойында миллион рет айналдырып жүрген, бұйыртса, құтылатын сәт келді. Жас кезінде кім қателеспейді, он үш жаста еді ғой екеуі де! Не болса да тәуекел, ал егер кешірмесе, өзі білсін. Асқар диванға шалқая жатып, аузын аша бергенде, қоңырау шырылдай кетті.

– Мәкең қоңырау шалып жатыр, – деді Дәулет, дисплейге қарап. Сосын телефонды Асқарға берді.

– Ассалаумағалейкүм, Мәке, – деп амандасты Асқар. – Иә, Алматыдамын.

– Асеке, тездетіп шешетін мәселе болып тұр. Фермаға бір адам керек еді. Есі дұрыс біреу керек, әйтпесе бір фермер өңкей азғындармен тіл табыса алмай жатыр. Назарыңда ешкім іздемейтін мүсәпір біреу бар ма?

– Ойланып көрейін, Мәке, – деді Асқар, жалған күліп. – Шамам келгенше көмектесемін. Сосын қысқа шырылды естіп, телефонын өшіре салды да, оны үстелдің арғы бұрышына ысырды.

– Бастығың ба? – деп сұрады Дәулет.

– Мен өзім бастықпын, – деді Асқар жақтырмай.

– Демек, оған қарыздарсың, жалпаңдағаныңа қарағанда, – деді Дәулет.

– Иә, қарыздармын. Сен ұсақ-түйекшіл болғаныңа азаптансаң, мен сараңдығымнан жапа шектім. Оның ақшасын пайдаланып, енді төлей алмай жүрмін.

– Алтын көрсе, періште жолдан таяды. Оған не керек?

– Жай әншейін, фермада жұмыс істейтін адам керек дейді.

– Мен істей аламын, – деп қуанып кетті Дәулет. – Мені ешкім де, ештеңе де ұстап тұрған жоқ.

– Қойшы оны, егжей-тегжейін білген соң айтармын, көрерміз.

Асқар қолын бір сермеп, рюмкаларды толтырды.

– Есіңде болсын, мен фермада қуана-қуана істеймін, – деді Дәулет, – тек барлық жағдайды біліп берсең болды, мен дайынмын.

– Қойшы оны, одан да алып қояйық. Достық үшін!

– Давай! – Дәулет қағысып, арақты тартып салды. – Сен осы әйелің, балаларың туралы айтпадың ғой?

– Онымен айырылысып кеттім, басымды ауыртты… Ақымақ өзім, оған үйленіп нем бар еді?

– Балаларың ше?

– Сонымен тұрады. Мен ақшалай жәрдем беремін. Міне, қара. – Асқар қолына смартфонын алды. – Мынау – Шыңғыс, менің ұлым, кімге тартқан?

– Сенен айнымайды!

– Міне, қызым Мадина.

– Қызың да саған тартқан. Қалай дегенмен, жарайсың, достым! Балаларың бар, ал мен болсам әлі ойланып жүрмін…

– Ойланатын несі бар? Қыздар алтыншы сыныптан бастап сенің мойныңа асылатын. Аласың да, жасай саласың. – Асқар күліп алды.

– Оны қойшы. Мысалы, сенің балаларыңды, Шыңғыс пен Мадинаны алда не күтіп тұр?

– Мен ол жайында басымды қатырмаймын, болатыны болады да!

– Мен болсам оларды аяймын, тұтынушылық пен симулякрлардың құрбандары.

– Ол немене тағы?

– Біз құштар болған ұсақ-түйектер: қуыс кеуде, сырты жылтыр жұлдыздар я сүйікті гаджеттер дегендей.

– «Баунти – жұмақ рақаты» дегенді айтып тұрсың ба? Есі дұрыс адам ондайға сенбейді, біз оған бала кезімізде де күлетін едік қой.

– Біз ауылда өстік, сондықтан сенбейміз. Біздің көргеніміз қазіргі балалардың түсіне де кірмейді.

– Кірмесе, кірмей-ақ қойсын, одан да жақсылыққа сеніп жүре берсін. Балалар үшін алып қояйық, – деп, Асқар тоңазытқыштан тағы бір шөлмек арақ алып шықты.

– Балалар аман болсын! – деді Дәулет.

Телефон шырылдады, Асқар еңкейіп тұтқаны алды:

– Ас дайын? Әкеліңдер, күтіп қалдық!

– Ыстық астың алдында ішіп тастайық. – Дәулет арақ құйды.

– Балалар аман болсын! – деп қайталады Дәулет.

– Бүгінгі балалар басқа, смартфонға жабысқан, шыны керек, бәрі де сондай, – деп, Асқар ішіп салды.

– Ал мен жұмыстан шығып кеткен соң ызаланып, смартфонымды лақтырып жібердім! – деді Дәулет, арақтан бетін тыржитып.

– Бекер лақтырғансың, ыңғайлы ғой, керек ақпарат қолжетімді жерде.

– Мәселе сонда, ақпарат деген – нағыз симулякр, ал біз болсақ жасанды нәрсеге мәз болып жүргеніміз.

– Онсыз қалай тобырға әсер етесің? – деп сұрады Асқар.

– Көрдің бе, сен де біреуге әсер еткің келеді. Ал егер біреу сенің балаларыңды алдап, басын қатырып жатса, қайтесің?

– Бүгінгі таңда біреуден пайдасын асырғысы келмейтін адам шамалы. Олай болса, мен де пайдаланып қалайын.

Біреу есікті қақты.

– Ыстық ас келді, – деді Асқар. – Кіріңіз, ашық.

Басына ақ қалпақ киген жігіт бөлмеге нағыз тойдың иісі аңқыған тағамдарды алып кірді.

– Кеш жарық! – Ол ет салынған ыдыстың қақпағын ашып жіберді.

– Базар жоқ! – деп Дәулет тамсана дауыстады.