– Сен бара бер, мен біраз жүріп, өз-өзіме келейін, әйтпесе батя сезіп қояды.
– Жарайды, – деп, Дәулет үйіне қарай кетті.
Келесі күні бірінші сабақтан кейін оқушыларды үйлеріне қайтарды. Барлық мұғалімді ауданға шақыртыпты.
VII
Жезөкшелердің есімдері Рита мен Айсұлу екен. Рита – аққұба, жап-жас, боянған қыз, ал Айсұлу – әдемі қараторы бойжеткен. Олардың есімдерін естіп, сыныптас қыздары естеріне түсіп, Дәулет пен Асқар қарқылдап күліп алды.
Айсұлу сегізінші сыныпта қаладан қөшіп келген. Бойы ұзын, жас қайыңдай майысқан қыздың жуан екі бұрымы басын артқа тартып, асқақ мүсінін айшықтап тұрғандай көрінетін. Ұзын кірпіктерімен көзін жасыратыны өзіне ерекше жарасады. Басқа қыздар қызарып, жыламсырайтын жағдайларда Айсұлу одан сайын тіктеліп, кірпігін төмен түсіріп, үндемей қалады. Дәулет пен Асқар оған бір көргеннен ғашық болып қалды. Ритка арқылы хат жазып жіберетін, сыйлықтар жолдайтын. Бір айдан соң Айсұлу Дәулетпен бірге киноға барды. Бұған көндігу Асқарға қиынға соқты. Екеуінің бірнеше рет төбелескені, біраз уақыт сөйлеспегені де бар. Бірақ жазда Айсұлу қалаға қайтып оралғанда екі дос қайта татуласты. Ендігәрі қызға бола шекіспейміз деп бір-біріне серт берді.
– Ритка, сенің жасың он сегізге толды ма? – деп сұрады Дәулет шолақ шалбар киген қыздан.
– Әрине, құжатымды көрсетейін бе? – деп өрескелдеу жауап берді қыз.
– Қойшы, басыңды қатырып қайтесің?! Бұл жерде бәрі менің қолымда. Одан да ұнайтынын таңдап ал, – деп, Асқар рюмкадағы арақты қағып салды.
Қыздар еріндерін ойнақы қозғалтып, Дәулетке қарай бұрылды.
– Жоға, керек емес! – деп ыңғайсызданған Дәулет қыздарға желкесін берді. – Сен онсыз да маған той жасадың. Қой, мұның артық енді!
Жезөкшелер сылаң етіп, Асқарға бұрылды.
– Сен не, бауырым, мені ренжіткің келе ме? Менің қонағымсың, таңда! – деп қайталады Асқар.
Дәулет қыздарға қарап:
– Бикештер, неге мұңайып қалдыңдар? Келіңдер дастарқанға, дәм татыңдар, не ішесіңдер? – деп әңгіме бастады.
– Не құйсаңдар, соны ішеміз, – деді Рита немқұрайды.
– Жоқ, сен әуелі таңда! – деп өрекпіді Асқар.
– Қоймадың ғой! Жарайды, Ритканы таңдаймын. Айсұлу менде болған, – деді Дәулет, аққұба қыздың қасына отырып.
– Сен нені меңзеп тұрсың? – деп кенеттен дауысын көтерді Асқар. – Қалайша сенде Айсұлу болған?
– Біз онымен жүріп едік қой мектепте, соны айтқаным ғой… – деді сасып қалған Дәулет.
– Жүрдіңдер? Серіге теңегенін қарашы өзін! – деп біржолата ашуланды Асқар.
– Ойбай, бауырым, қызғанғаның ба? Баяғыда өткен болмайтын нәрсеге, – деп, Дәулет диваннан ұшып түрегеліп, досын сабырға шақырды.
Бірақ Асқар орнынан тұрып, тырс етпестен, жатын бөлмеге кірді де, есігін жауып алды.
Дәулет диванға отырып, үнсіз қалған қыздарға көзін қысты. Айсұлу қайтадан тамағына кірісті, Рита Дәулетке арақ құйып берді.
– Нағыз осындайда керек нәрсе! – деп, Дәулет қызға қарап жымиды. – Келіңдер, қыздар, алып қояйық, – деп, олармен стақан қағысып, арағын жұтып салды.
Сол кезде үстелдегі мобильді телефон шырылдады. Бөлмеге жейдесіз Асқар келіп:
– Иә, Мәке, тыңдап тұрмын, – деп телефонына жауап беріп алды да, жатын бөлмеге кіріп кетті.
Дәулет оның не туралы сөйлескенін естімеді, тек біраз уақыттан кейін Асқар көңілді күйде келіп, Айсұлуды өзімен бірге алып кетті.
Рита алдындағы асын тауысып жеп, шампанға қолын созғанда:
– Сен шынымен он сегізге толдың ба? – деп тағы да сұрады Дәулет.
Рита жауап бермей, шампанды бір жұтып, Дәулеттің тізесіне отырды. Жатырымен оның денесіне жабысып, жейдесінің түймесін ағытты. Көрші бөлмеден анайы дауыстар шыға бастады. Дәулет сәл ашық тұрған есіктен Асқардың үстінде отырған Айсұлуды көрді. Өзі порнофильмдегідей ыңырсыған дыбыс шығарып, керіле секіріп жатыр. Бір кез Ритаға көзі түскен Дәулет оның бетінен наразылық нышанын байқады. Сол сәтте қызды ысыра түрегеп, тез шешінуге кірісті. Жезөкше де оның көңіл күйін қағып алып, шолақ шалбары мен ішкиімін шешіп тастады. Дәулет қызды диванға құлатып, ләззатқа беріліп кетті.
Таңертең Дәулетті кеше досына Айсұлу туралы орынсыз бірдеңе айтып, ренжітіп алдым ба деген ой мазалады. Жезөкшелерді шығарып салып, екеуі оңаша қалғанда:
– Айсұлу қазір қайда екен? – деп сұрады.
– АҚШ-та тұрады деп естідім, сол жаққа тұрмысқа шығыпты.
– Мәссаған! Онда қалай барып жүр?
– Жұмысында танысты деп естідім, – деп салқын жауап берді Асқар, ол туралы сөйлескісі келмейтінін білдіріп.
– Жарайды, бақытты болсын, – деп, Дәулет те тақырыпты жапты.
Артық сөз айтып, ренжігені арақтың әлегі шығар деп, Дәулеттің көңілі жайланды.
– Дәуке, сен ферма туралы шын айттың ба, расында, сонда жұмыс істегің келе ме? – деп сұрады Асқар кенеттен.
Дәулет әңгіменің қайтадан достық лебізде өрбігеніне қуанып қалып:
– Көруге болады, бәрібір қалада ұстап тұрған ештеңе жоқ, – деді.
– Бұл үшін ішіп қою керек, – деп, Асқар тоңазытқыштан бір шөлмек коньякты шығарды.
– Ал давай! – деп келісті Дәулет. – Онда сен үшін ішіп қояйық. Рақмет саған! Керемет дастарқан, әдемі қыздар. Көптен бері осылай демалмап едім.
– Өзіміз ғой, есептесе жатармыз, – деп, Асқар ішіп салды.
– Қашан қайтасың? – деп сұрады Дәулет.
– Бүгін кешке.
– Сенімен бірге кетсем бе екен? – деді Дәулет, оған ойлы көзін қадап.
– Жиналып үлгересің бе? – деп сұрады Асқар, коньякты құйып жатып.
– Белбеуімді орап буынсам болды дегендей, алаңдайтын жанұям жоқ, – деді Дәулет.
– Онда жолаяқ. – Асқар коньякты ұсынды.
– Давай! – деп бас изеді Дәулет.
Екеуі стақан қағыстырып, ішіп алды.
– Жақсы болды, – деп, Асқардың көзі ұшқындай жылт етті, – онда таңғы асымызды ішіп алайық. Сосын сен үйіңе барып, жинал, кешке барып, алып кетеміз.
– Тым тез шешілді, артында шатағы жоқ па? – деп күлімсіреді Дәулет.
Асқар сасқалақтап, жауап бергенше болған жоқ, Дәулет күліп жіберді. Сосын:
– Бәрі жақсы, бауырым! Рақмет саған! – деп, досын құшақтай алды.
Дәулет кетісімен Мәкең қоңырау шалды. Асқардың сасқалақтап күткен қоңырауы осы еді. Түнде ашуланып, өзін-өзі ұстай алмағанын есіне түсіргісі келмеді. Баяғыда болған оқиғаның жүрегін қайта шаншытқанын да қабылдағысы келмеді. Мәкең түнде берген уәдесін ұмытып қалмады ма деп мазасызданғаны да бар. «Қайдан! Ондайды ұмытпайды!»
– Ассалаумағалейкүм, Асеке, қалай әлгі жігітпен келістің бе?
– Уағалейкүмассалам, Мәке! Келіскен сияқтымын.
– Қашан жеткізесің?
– Мынадай мәселе. Ол – менің сыныптасым, егер бірдеңе болса, менің шатағым жоқ.
– Неден қорқасың? Кімнен қорқасың?
– Жолдас емеспіз бе, ыңғайсыз болады.
– Оны іздейтін біреу бар ма еді?
– Жоқ, мәселе онда емес.
– Егер ешкім іздемесе, неден қорқасың? Өзінің есі дұрыс па?
– Жоғары білімі бар, халықаралық компанияда қызмет істеген.
– Ей, сен маған тыңшы жібергелі отырған жоқсың ба?
– Оныңыз не, Мәке? Азып, араққа беріліп кеткен, ешкімі жоқ.
– Оны анық білесің бе?
– Айттым ғой, сыныптаспыз, бала кезден көршіміз.
– Туыстары қайда?
– Ата-анасы ерте қайтыс болған. Атасы он жыл бұрын жан тапсырды.
– Байқа! Бірдеңе бүлдірсе, сен жауап бересің!
– Әрине, Мәке.
– Жарайды, қашан жеткізесің?
– Бұйырса, ертең үйде боламыз.
– Оны бірден Қазыбектің фермасына апарып таста. Айтқаның расталса, қарыздан құтылдым дей бер.
– Рақмет, Мәке! Сау болыңыз!
VIII
Асқар қақпаның алдында бір сағат бойы Ритканың жаттығудан келуін күтіп тұрды. Сол арада үйден Ома екі рет шығып үлгерді. Ол – ұзын бойлы, оқтау жұтып алғандай түп-түзу, Ритка Цвайгерттің әжесі. Өзі тек неміс тілінде сөйлесетін, басқа тілде айтқан сөзді түсінсе де, немісше жауап беретін.
– Guten Tag, Oma! Ist Ritka zu Hause? – деп, онымен екі рет амандасты Асқар. Ома бірдеңе деп жауап берді. Асқар оның айтқанын түсінбесе де, Ритканың үйде жоқ екенін ұқты. Егер Ритка үйде болса, Ома есікті ашып:
– Ritka, komm raus! Jemand wartet auf dich, – деп айтушы еді. Сонда Ритка шығушы еді.
Ритка кеш батқанда Айсұлумен бірге келді. Айсұлуды көріп, Асқар шарбақтың артына тығыла қалды.
Қыздар күліп, бір хат туралы әңгімелесіп келеді:
– Ертең мектепте оған беремін. Сау бол! – деді Ритка.
– Рақмет, Ритка! Сау бол! – деп Айсұлу да қоштасып, өз жолымен кетті.
Асқар білдіртпей оның артынан еріп, үйіне дейін шығарып салды. Сосын қайтып келіп, Ритканың терезесіне тас лақтырды. Ритка терезенің желкөзін ашып:
– Бұл кім? – деп дауыстады.
– Мен ғой, Асқар.
– Асқарик? Неғып далада тұрсың? Салқын ғой, үйге кір, – деп шақырды Ритка.
– Жоқ, мен Омадан қорқамын, аулаға шықшы, – деп өтінді Асқар.
Ритка пердені жауып, ернін қызғылт далаппен бояды да, жемпірін киіп, далаға шықты.
– Асқарик, кірсеңші үйге, салқындау екен, – деп қайталады Ритка, қақпаға жақындап.
– Салқын емес, – деп, ұяла жымиды Асқар.
Өзі әңгімені неден бастарын білмей сасып қалды:
– Қалың қалай?
– Есің дұрыс па? Біз бүгін мектепте кездестік қой.
– Айсұлу сенімен каратеге барып жүр ме? – деп сұрады Асқар.
– Жоқ, бармайды, неге сұрадың? – деді Ритка.
– Оған сен арқылы бірдеңе беріп жіберейін деп едім, – деп, Асқар көзін бұрып әкетіп, қалтасынан барқыт қорапша шығарды, – мынаны бере салшы.
– Сендердің, не, миларың айналып кеткен бе?! – деп ашуланды Ритка. Сосын қорапшаны алып, қоштаспай, есікке қарай асықты.
Дәл сол кезде есік алдына Ома шығып:
– Ritka, mach Kalitka zu! – деп бұйрық берді.
Ритка қақпаға оралып, оны темір ысырмамен бекітті.
Келесі күні сабақта Асқар өзі беріп жіберген жүзікті киер ме екен деп Айсұлуды бақылаумен болды. Қолына қарай берді. Соңғы сабақтың алдында Ритка қорапшаны қайтарып:
– Алмады, – деді.
Асқар оған сенбей, сабақтан соң кешке дейін Айсұлудың үйінің қасындағы қораға шығып алып, қызды бақылады. Енді кете берейін дегенде үйге жақындаған Дәулетті байқады. Дәулет бір рет ысқырып еді, бірден есіктен сәнді киінген, шашын бұйралап алған Айсұлу көрінді. Дәулет екеуі қол ұстасып, клубқа қарай бет алды. Асқар білдіртпей олардың артынан ерді, анда-санда Дәулеттің баяу қоңыр дауысын, Айсұлудың сыңғырлаған күлкісін естіп қалады. Екеуі клубқа кірген соң Асқар үйіне келіп, қорадағы шөпке тығылып, ұзақ жылады. Намысына тигені қыздың немқұрайдылығы ма, әлде досының сатқындығы ма? Айс