– Айтады-ақ екенсің, – деді де, Дәулет кофе құйды.
Қалған коньякты көлікте отырып ішіп, біраз әңгімелескен соң екеуі ұйқыға кетті.
X
Үйге милицейлер кіріп келгенде Асқар қатты қорықты. Олар есікті де қақпай, басып кіргендей болды.
– Асқар Иманқұлов осында тұра ма? – деп сұрады біреуі.
Мамасы сұрланып кетіп:
– Менің баламды қайтпек едіңдер? – деп жауап қайтарды.
– Қанат Бекішевті өлтіріп кеткенін естідіңіздер ме? Балаңызды түнде соның үйінің қасынан көріпті. Мынау балаңыздың аяқкиімі ме? – деп сұрады милицей, есік алдында тұрған бәтеңкені көрсетіп.
Хадиша басын изеді. Милицей бәтеңкені алып, табанын зерттей бастады.
– Иә, естідім. Асқар мен оның бәтеңкесінің не қатысы бар? – деп сұрады мамасы.
– Балаңыз ізін қалдырып кетіпті, – деді ол, бәтеңкені екінші милицейге ұстатып. Екінші милицей оны алып, целлофан қалтаға салды.
– Киініңіз! Балаңызбен бірге бөлімге барасыз, – деп шешті ол бірден.
Милиция бөлімінде Асқарды бір кабинетке кіргізді. Үстел басында азаматтық киім киген адам отыр екен.
– Бұл кім? – деп сұрады ол күзетшіден.
– Бекішевтің өліміне қатысты куәгер. Сіз алып кел дегенсіз.
– Куәгер болса, қолына неге кісен салынған?
– Маған… солай деп айтты.
– Кім айтты? Мына жер не болып кеткен? Шешіңіз кісенді! – деп бұйырды ол.
Сержант Асқардың қолынан кісенді шешіп, үстел басындағы кісіге қарады. Ол қолын сермеп, шыға бер дегендей ишара жасады.
– Сен мұнда отыр, – деді ер адам Асқарға. – Толық аты-жөнің мен туған жылың?
– Иманқұлов Асқар Кәріғұлұлы, сексен бірінші жыл, – деп жауап берді Асқар.
– Он төртке келмегенсің бе?
– Жоқ әлі, келесі жылы маусымда толамын, – деді Асқар.
Ер адам телефонның тұтқасын алып, нөмір терді. Асқар ұзақ қоңыраудан кейін ар жақтан шыққан біреудің дауысын естіді.
– Бұл – тергеуші Шәріпов. Сіз маған кіріп кетіңізші, – деді ер адам.
Біраздан соң кабинетке бір апта бұрын мектептен Қанатты қамауға алып кеткен еркек кірді. Бұл жолы лейтенант формасын киген.
– Куәгер кәмелетке толмаған, сіздің қатысуыңыз керек, – деді оған Шәріпов.
– Мен оны алып келгенін білмедім, – деді лейтенант, Асқарға қарама-қарсы орындыққа отырып. Сосын:
– Шешесі дәлізде отыр, шақырайын ба? – деді.
– Әрине, шақырыңыз.
Кабинетке Хадиша кірді. Асқардың қолындағы кісенді шешкенін көріп, еркектерге үміттене қарап, ақырын ғана амандасты.
– Сәлеметсіз бе? – деді тергеуші. – Менің атым майор Шәріпов, облыстық қылмыстық істер бөлімінен келдім. Бекішев Қанаттың өліміне қатысты істі тергеймін. Бұл қылмыс туралы білесіз бе?
– Әрине, – деді Хадиша.
– Отырыңыз, – деді майор, есіктің қасындағы орындықты көрсетіп.
– Балаңыз кәмелетке толмаған, мұнда куәгер ретінде шақырылды. Сіз жауап алу барысында қатысасыз.
Хадиша отырды. Шәріпов Асқарға бұрылып:
– Түнде Бекішев Қанаттың үйінің жанында не істедің? – деп сұрады.
– Мен онымен сөйлесіп, жағдайын білейін дедім.
– Неге түн ішінде бардың?
– Біз оған кешке келгенбіз, бірақ Оспан аға кіргізбеді, – деді Асқар, ақырын мамасына қарап. Хадиша басын изеп, оны қолдады.
– Біз дегенің кім? – деп сұрады тергеуші, Асқар мен Хадишаға қарап.
– Мен және менің досым Дәулет, – деп батылырақ жауап берді Асқар.
– Досыңның толық аты-жөні қалай? – деп, тергеуші қолына қалам алды.
– Алтаев Дәулет, менің досым әрі сыныптасым.
Шәріпов Дәулеттің аты-жөнін кітапшасына жазып алды.
– Әрі қарай не болды? Сосын түнде бардыңдар ма?
– Жоқ, біз оған сағат онда бардық, бірақ ол сөйлескісі келмеді, сол себептен кешірек кіріп шығуды ұйғардым, – деп, Асқар қайтадан Хадишаға бұрылды.
– Неше рет бардыңдар? – деп сұрады Шәріпов.
– Үш рет: кешкі жетілерде, онда, сосын сағаттың неше екенін білмеймін, түнге қарай.
– Түнде екеуің бардыңдар ма? – деп анықтай түсті тергеуші, Асқарға тесіле қарап.
– Жоқ, соңғы рет жалғыз өзім бардым, – деді Асқар, басын төмен салбыратып.
– Оны не үшін өлтірдің? – деді кенет тергеуші.
– Мен ешкімді өлтірген жоқпын! – деп, Асқар орнынан ұшып тұрды.
Балалар мектептен шулап жүгіріп шығып, спорт алаңына асықты. Ол жерде көп ұзамай қар атысы басталды. Есіктен топ-тобымен шыққан балалар атысқа қосыла берді. Түнімен жауған алғашқы қар омбыланып, балаларға нағыз қуаныш алаңын сыйлады. Шуылдаған ұл мен қыз қардың үстінде аунап мәз-мейрам. Дәулет те басқалардан қалмай сыныптас қыздарын қарға бір-бір аунатып алды. Өзінің де желкесі қарға толды. Енді Риткаға жақындап келе жатқанда жалғыз өзі еңсесі түсіп үйіне қайтып бара жатқан Асқарды байқады.
– Асқар! Асқарик! – деп, Дәулет досын бірнеше рет шақырды. Сосын иыққабын иығына іліп, оның артынан жүгірді.
Оны естіген Асқар одан сайын тезірек жүре бастады. Дәулет досын қуып жетіп, арқасына секіріп мінді де, қарға аунатты.
– Кетші әрі! – деді Асқар ызаланып. Жерден тұрып, досын итеріп жіберді.
– Не болды? Батя келіп кетті ме? – деп сұрады Дәулет, Асқардың маңдайындағы шашы жасырған ісікті байқап.
– Жоқ, өзім ұрып алдым, – деді Асқар, кекілімен маңдайын жауып. Сосын қарға отырып, төмен қарап:
– Қанатты өлтіріп кетіпті, – деді.
– Не? Оны қайдан білесің?
– Мен түнде оған бардым, сен кетіп қалғанда…
– Иә, сосын?
– Ол қорада дем ала алмай жатты, кеудесінде пышақ…
– Мәссаған! – Дәулет суық хабар лебінен демін әзер алғандай, досының қасына отыра кетті.
– Оны кім өлтірді?
– Мен қайдан білейін?!
– Сен бәрін рет-ретімен айтып берші, – деп, бір уақытта Дәулет жерден тұрып, Асқарға қолын созды. – Мүмкін, саған елестеген шығар. Жүр, үйіңе барайық.
– Иә… елестей қояр… Неменесіне барып едім! Жағдайды біле қояйын деп…
– Иә…
– Ойымда ештеңе жоқ, барып, терезесін қақтым. Кана жауап берді, мен есікке қарай бара бергенмін…
– Сосын?
– Сосын біреу маған бас салып, соғып жіберді, – деп, Асқар шашын көтеріп, маңдайындағы ісікті анықтап көрсетті.
– Мәссаған!
Екеуі көшеден бұрылып, құлап жатқан үйге кіріп, картон жабылған темір кереуетке отырды.
– Есімді жинағанда басым қатты ауырып тұрды. Қанат көрінбейді. Қарасам, қора жаққа бастайтын іздер жатыр. Солай қарай барсам, – деді Асқар дірілдеген дауыспен, – еденде ішкиімімен Қанат жатыр, кеудесінде пышақ…
Асқар қолымен бетін жауып, жылап жіберді.
– Жүр, Қанатқа барайық, саған елестеген шығар, – деді Дәулет, әлі де сенбей.
– Өзім де сенгім келмеді, Қанатты қимадым. Таңертең бара жатсам, даладан Майра тәтенің дауыстап жылағаны естілді, – деді Асқар жыламсырап. – Көршілер жиналып қалыпты.
Дәулет те бетін бұрып, жылап жіберді. Сосын атып тұрып:
– Таптым! Бәрін атама айту керек, содан кейін не болса о болсын!
– Жындысың ба? Бізді де өлтіріп тастасын дейсің бе? Кананың өлімі біздің мойнымызда… Ұмытпа!
– Ол туралы ойламаппын, – деп келісті Дәулет.
– Біз туралы ешкім білмейді, әйтпесе баяғыда қолға түсуші едік!
– Дұрыс айтасың, есірткі туралы білгенде, бізді де баяғыда… – деп, отыра қалды Дәулет.
– Мен таң атқанша ұйықтай алмадым. Есірткі туралы үндемеу керек, әйтпесе сені де, мені де өлтіреді, – деді Асқар. – Аузыңа берік боламын деп серт бер.
– Дұрыс, тіс жармау керек, – деп келісті Дәулет. – Бірдеңе десем, тілім сал болып қалсын! – Ол тілін шығарды. Бұл балалық серттің мына жағдайда салмақсыз шыққанын іштей түйсінген екеуі енді ыңғайсыз күйден тезірек арылуға тырысты.
– Атаңа айтушы болма! – деді Асқар.
– Тіс жармаймын, – деді Дәулет жұлып алғандай.
Балалар алдымен есірткіні басқа жерге тығу керек деп ұйғарды. Сосын Дәулеттің қорасына барып, жертөледен сөмке салынған пакетті шығарып, бұзылған үйге апарып көміп тастады.
Түскі ас ішіп отырып, Дәулет терезеден Асқардың үйінің қасына тоқтаған милиция «Уазигін» көрді. Ол атып тұрып, атасының ескертуіне құлақ аспай, далаға жүгіріп шықты. Біраз тұрып, Асқарды кісендеп алып шыққанын көрді. Асқар Дәулетке қарап, ақырын тілін шығарып, белгі бергендей ишара жасады. Дәулет оған басын изеді де, досының мынадай халде өзін ұстай білгеніне таңданған күйі қала берді.
XI
Дәулет көлікпен жаңа үйдің жерасты тұрағына кіргенде ғана оянды. Джиптен шыққан Асқар жүргізушімен қоштасып, Дәулетті ертіп, лифтіге кірді. Лифт тоғызыншы қабатта тоқтады. Пәтердің есігін сүйкімді жүзіне әлдебір қаяу мұң ұялаған, аққұба келіншек ашты.
– Асқар? – деп, келіншектің өңі бұзылып кетті.
– Иә, мен. Балаларды сағындым. – Асқар есікті шалқайта ашты. – Жоғары шық, Дәуке, – деді.
– Райхан, сәлем! – деп ыңғайсыздана амандасты Дәулет.
– Дәулет?! – деп қуанып қалды келіншек. – Мен сізді тойдан бері көрген жоқпын, үйде сіздің көп суретіңіз бар. Жоғары шығыңыз. Сосын Асқарға қарап: «Балалар ұйықтап жатыр, қонақ бөлмеге өтіңдер, мен таңғы ас дайындайын», – деді.
– Мен барып, жуынып алайын, таза жейде әкел, – деді Асқар, бөлмеге кіріп.
– Жайырақ сөйле, балалар ұйықтап жатыр, – деді Райхан.
Дәулет жайлы, үлкен диванға шалқая отырып, жан-жағына қарады. Қабырғада – балалардың фотолары мен суреттері. Еденде – төсеме кілем. Сөрелерде – кітаптар, ойыншықтар, альбомдар. Үстелде – ойынға арналған ЖК-монитор. Дәулет орнынан тұрып, терезеге қарады. Тоғызыншы қабаттан қарағанда кірпіштен салынған биік дуал екі әлемді бөліп тұрған жуан сызық іспеттес көрінеді екен. Түп-түзу жүргізілген қырлы кеспе тасты жаңа аула дуалдың бергі жағында қалған. Арғы жағынан бейберекет салынған бес қабатты үйлер, кетілген асфальттар көрінеді. Тот басқан магистральды құбырдан қоршаумен бөлінген жерде қоқыс салатын су жаңа екі контейнер тұр. Сырт кейпі панасыз жандарға келетін екі еркек ішіндегі қоқысты ақтарып әлек. Тапқан олжаларын жандарына жинап, әкетуге лайықтап қойыпты: бірнеше шөлмек пен іші толған екі пакет.
– Таңғы асқа келіңдер, – деген Райханның дауысын естіп, Дәулет асүйге кірді.
– Бұл жерде жолды мүлдем жөндемейтін сияқты, – деп, көргенімен бөлісті Дәулет.