Февраль / Ақпан — страница 26 из 33

Дәулет еріксіз жақын тұрған үстел басындағы әңгімені естіп отырды. Көзін жыпылықтатқан қуыршақ кірпікті менеджер қыз өңі тайған жүдеу жігітке қарап:

– Сіз бұдан бұрын бізден кредит алып па едіңіз? – деп сұрады.

Жігіттің өңі қашыңқырай түсіп, орындыққа тығылған күйі:

– Иә, екі рет алдым, – деді.

– Куәлігіңізді беріңізші, – деді қыз.

Жігіт құжатын берді. Менеджер оны сканерден өткізіп, енгізу пернесін басып, жігітке бұрылды. Жігіт бүрісе қалды.

– Күте тұрыңыз, дербес деректер енгізіліп жатыр.

Жігіт демін басып, түзеліп отырды. Қыз қолына смартфонын алып, өзімен-өзі түрткілеуге кірісті.

– Раушан! – деп ескерту жасады көрші үстелдегі менеджер. Қыз телефонды дауыссыз режімге қойып, үстелдің жылжымалы жәшігіне сала қойды.

– Сіздің төленбеген кредитіңіз бар екен, Самат Аманжолович, – деді Раушан, мониторға қарап. – Мәліметтеріңізді тексерейік. Қайда жұмыс істейсіз?

– «Сто граней» ЖШС, – деп міңгірледі жігіт.

– Табысыңыз өзгерді ме? Сексен мың ба? – деп сұрады Раушан.

– Жоқ, жалақымды көбейтті, тоқсан бес мың, – деді жігіт.

– Жақсы, түзетейін. Кредит төлей алатыныңызды дәлелдейтін екі адамды атай аласыз ба?

– Бар еді ғой… Тағы екеуі керек пе?

– Қазір көрейік… Соларды қалдырайын ба?

– Иә, қалдырыңыз, – деді жігіт.

– Мен сіздің сауалнамаңызды толтырып, бастықтарға жібердім. Ол екі деңгейдегі мақұлдаудан өтуі керек. Кредит бермеуі де мүмкін. Ана жерде отырып, тоса тұрыңыз, – деп, Раушан шақыру түймешегін басты.

Мониторда келесі нөмір шықты, жігіттің орнына елулерге келген әйел отырды.

– Амансың ба, қызым? Мен кредит алайын деп едім, – деді ол.

– Сәлеметсіз бе? Қанша?

– Егер менің айлығым қырық бес мың болса, қанша алуға болады? Бес жылға бес жүз мың алуға бола ма? – деп сұрады әйел. Сосын: «Баламның үйлену тойына керек еді», – деп, Раушанға қарады.

Біраздан соң менеджер әйелден банк шешімін тоса тұруын өтініп, жігітті шақырды.

– Самат Аманжолович, өкінішке орай, кредитіңіз мақұлданбады. Алдыңғы кредитіңізді төлеп, қайта келуіңізге болады. Өтейтін сомаңыз екі жүз мың жетпіс үш теңгені құрайды.

Жігіт қолын бір сермеп, орындықтан тұрды.

– Бірақ сіздің кредит тарихыңыз жақсы, – деп, кірпігін қаққыштап, күлімсіреген Раушан оны үміттендірмекке әрекеттенді.

Бірақ жігіт оның сөзіне құлақ қоймастан шығып кетті.

Дәулеттің кезегі жеткенше, Раушан тағы екі адамға кредиті мақұлданбағанын жеткізді. Баласының тойына бес жүз мың сұраған әйелге кредит берілді. Оны естіген әйел қуанып, қызға алғысын жаудырып, батасын берді. Раушан жымиып, қолын жайып:

– Әумин! – деді.

Дәулет басқа менеджерге түсті. Бейдждегі оның есімі Темірлан екен. Дәулеттің мобильді телефоны жоқ екенін білген жігіт таңданыс білдірді.

– Қағазға түсіріп беріңіз, – деп ұсыныс жасады Дәулет.

– Біз қағазға түсірмейміз, хабарландыру автоматты түрде телефоныңызға жіберіледі, – деп қайталады Темірлан.

– Егер менде телефон жоқ болса, өз есепшотымды қалай тексере аламын? – деп сұрады Дәулет.

– Смартфон сатып алу керек, – деп жауап берді менеджер.

Дәулет ашуланып:

– Ал мен телефон алғым келмесе, басқа шешімі жоқ па? – деп сұрады.

Темірлан ойланып қалды. Сосын тұтқаны алып, біреуге қоңырау шалып, жағдайды түсіндірді. Тұтқаны қойып, Дәулетті кассаға жіберді.

– Не үшін?

– Сол жерде қағазға шығарып береді, – деп жауап берді менеджер.

– Монитордан теңгерімімді көрсете аласыз ба? – деп сұрады Дәулет.

Менеджер экранды Дәулетке қарай бұрып, оған әуелі теңгедегі, сосын доллардағы шотын көрсетті. Дәулет банкте бір сағаттай уақытын өткізіп, ақшасын алды. Жаңа карточкадан бас тартты. Қапырық, адамға лық толған бөлмеден тезірек кеткісі келді.

XIV

Автобуста Дәулеттің басы айналып, жүрегі айныды. Есін жинасын деп, атасы бірнеше рет автобусты тоқтатып, немересін таза ауаға шығарды. Қалаға таң ата келіп жетті. Бекетте таксиге отырып, Жәкеннің досы әрі әріптесі Олжастың үйіне келіп жетті. Олжастың келіншегі Рәбиға қонақтарға самаурын шайы мен ыстық бауырсақ дайындады. Дәулеттің сүреңсіз күйін байқаған Рәбиға таңғы астан кейін оның дене қызуын өлшеп, қан қысымын тексерді де, дәрі беріп, жатқызып қойды.

– Үйде дәрігер болғаны қандай жақсы! Бақытты бол, қызым! – деп батасын берді Жәкен.

Адвокатурада қызмет істейтін Олжас жағдайдың жөн-жосығын анықтап:

– Облыстық милицияда басшылық ауысып жатыр. Жаңа бастықтар жаңа заң шығарып жатыр. Кімнің не істеп жатқаны түсініксіз. Сіз одан да прокуратураға барыңыз, онда ептеп болса да тәртіп сақталған, – деп ақылын айтты.

– Дұрыс айтасың. Сейдахметтің өзіне кіремін, ол әлі сонда ма?

– Әлі орнында, беделсіз де емес. Негізі, осы дұрыс. Ол таңертең ертерек қабылдайды. Мен сізді жұмысқа барарда жолшыбай прокуратураға жеткізіп тастайын, – деді Олжас.

Жәкенді бірден прокурорға кіргізбеді. Біраз дауыс шығарып, Отан соғысының ардагері деген куәлігін көрсетуіне тура келді. Қабылдау бөлмесінде қара жамылып, қабақтары түскен бір топ әйел отыр екен. Жәкен кезек алды. Сол кезде кабинеттен беделді біреуді шығарып салуға шыққан Сейдахмет көрінді. Ол Жәкенді бірден байқап, сәлем берді:

– Ассалаумағалейкүм, Жәке! – деп қол алысып, күте тұрыңыз дегендей белгі жасады.

– Келесі кім? Кіріңіз, – деді Сейдахмет. Әйелдер есікке қарай ұмтылды. Бірінші болып қолында таяғы бар, аяғын ырғала басқан семіз кемпір кірді. Оның артынан шұбырып басқалары ерді. Ең соңынан табалдырықты жыламсыраған, қара орамал мен ұзын көк көйлек киген жас келіншек аттады. Жарты сағаттан соң кемпір бастаған топ ретімен кері шықты. Кемпірдің түрі одан әрі қаһарланып кеткен, басқа әйелдердің еңсесі түскен. Көк көйлекті келіншек шығысымен еңіреп жылап жіберді. Кемпір келіншекке бұрылып, ақырып жіберді де, таяғын сермеп қалды. Келіншек соққыдан қорғанып, екі қолымен беті-аузын жауып, үнсіз шеттей берді.

Келесі болып қолында дипломаты бар, алтын көзілдірік киген еркек кірді. Түріне қарағанда – адвокат. Ол бір сағаттай отырды. Екі арада Сейдахмет хатшысын бірнеше рет, қолына қағаз ұстаған қызметкерін екі рет шақыртты.

Жәкен кабинетке түске қарай кірді.

– Қалың қалай, Сейдахмет? Бала-шағаң есен-аман ба?

– Шүкір, Жәке, жақсы, – деп, Сейдахмет сәл үндемей қалды да:

– Аласапыран кезең деген осы екен… – деді.

– Естігенім бар, облыста басшылық ауысыпты.

– Иә, Жәке, мен де кетейін деп жатырмын. Егер өзім кетпесем, бәле жауып, сылтауын тауып, қуып жіберетін түрі бар. Бастықтарға барып, бір жыл тиіспеңдер, одан кейін өзім кетемін деп айтып қойдым. Жасым болса алпыс жетіге келіп қалды, кететін уақыт келген сияқты.

– Қудың қуы сен екенсің, – деп жымиды Жәкен.

– Қулықсыз мұнда кім отыр дейсің? Өзің қалайсың, Жәке? Немерең аман ба?

– Сол немеремнің қамын ойлап келдім, – деді Жәкен дірілдеген дауыспен. – Бір бәлеге ұрынып кете ме деп уайымдаймын.

– Оған не болды, ақсақал?

– Естіген шығарсың, ауданда есірткіге байланысты іс тергеліп жатыр. Бекішев Қанат деген баланы өлтіріп кетті.

– Иә, естідім. Оған Дәулеттің қандай қатысы бар? – деп сұрады Сейдахмет.

– Менің түсінгенімше, біздің ауылда қылмыскерлер есірткі қоймасын орнатқан. Кейін араларында жанжал шыққан ба, әлде бірін-бірі тонаған ба, әйтеуір, бір пәленің болғаны анық. Ал жандары қысылғанда есірткіге қатыстыларын өлтіре бастады. Дәулетпен сыныптас әлгі баланы өлтірді, – деді Жәкен.

– Шамасы, менен де көп біледі екенсің, бұл іс менің бақылауымда, – деп күліп жіберді Сейдахмет.

– Сонда тергеуші Шәріпов сенің қарауыңда ма? – деп қуанып қалды Жәкен.

– Иә, ол менімен хабарласқан. Жергілікті милиция кәмелетке толмаған екі баладан күдіктенеді, бірақ олардың қатысы жоқ сияқты деді. Жергілікті милиция бірдеңесін жасырып жатыр немесе өздерінің қатысы бар дейді.

Жәкен түстен кейін көңілі орнына түсіп, Олжастың үйіне оралды. Жазылған Дәулетін көріп, одан сайын қуанды.

XV

Дәулет ЦУМ-нан шығып, бірталай жүріп, кішкентай көшеге бұрылды. Қиылыстағы бірінші ғимаратта азық-түлік дүкені бар екен. Оған кіріп, Дәулет екі шөлмек сыра сатып алды. Дүкеннен артына еріп бір еркек шықты.

– Бауырым, қосыласың ба? – деп, пиджагын ашып, Дәулетке төс қалтасындағы кішкене бір шөлмек арағын көрсетті. – Мен жақын жерде тұрамын.

Дәулет сәл ойланып, қостап басын изеді.

– Менің атым Ерлан, – деп өзін таныстырды еркек. – Сенің атың кім?

– Дәулет.

– Мәссаған, менің ағам да Дәулет! Мүмкін, тағы бір чекушкаға қосарсың? – деп жымиды Ерлан, тіссіз аузын ашып.

– Он екі болған жоқ қой, – деді Дәулет, сағатына қарап.

– Мұнда мені бәрі біледі, сатушы – танысым, – деп, көзін қысты Ерлан. Дәулет әмиянын шығарып, одан бес жүз теңге суырып, Ерланға берді. Ол ақшаны жұлып алып, дүкенге жөнелді.

– Тоқтай тұр, тез келемін, братка, – деп, дүкенге кіріп кетті.

Ерланның үшінші қабаттағы пәтері Дәулетке өз пәтерін есіне түсірді. Қисайған есік, бояуы сырылып, ластанған қабырға қағазы, қолқаны қапқан қоңырсық иіс. Ерлан оны асүйге шақырды. Дәулет отырғысы келіп, өзіне қарай жайдақ орындықты тартып қалып еді, ол саудырлап барып құлады да, бір аяғы үстелдің астына домалап кетті.

– Ёш твою медь! – Ерлан боқтап жіберді. – Боқ дүние, таста оны, сосын жөндеймін, мұнда отыр, – деп, қабырғаның қасындағы ұзын орындықты көрсетті. Дәулет:

– Маған кету керек, – деп, орындықтың қалдықтарын бөлменің бұрышына жинады да, Ерланға сыра салған пакетті ұстата салды.

Ерлан оны асығыс жұлып алып:

– Дәулет, братка, ренжіп қалдың ба? – деп сұрады.

– Жоқ, мен шынында кетуім керек, – деп, Дәулет есікке қарай беттеді.

– Жарайды, ренжімесең болды, братка, – деді Ерлан. – Ақ жол! – деп айғайлады соңынан.

Дәулет баспалдақпен астына жүгіріп түсіп, қайтадан дүкенге барып, бір литр су сатып алды. ЦУМ-ға қарай бара жатып, бір бұрылыстан кафені көзі шалды. Сонда кіріп, екі аяқ жергілікті сыраны бір-ақ төңкерді. Асқармен кездесетін уақыты таяғанын көргенде қаланың жабыңқы қабағы ашылғандай көңілі көтеріліп қалды.