Февраль / Ақпан — страница 27 из 33

– Бойың жадырап, тәуір болып қалыпсың, – деді Асқар оны көргенде.

– Жергілікті сыра жақсы екен, – деп мақұлдады Дәулет.

– Рас па? Көптен бері жергілікті сыраны ішпеппін, – деді Асқар. – Мен көбінесе виски немесе коньяк ішемін. Тек Түркияда демалғанда ішетін тегін сыра болмаса.

– Әрине, сен жергілікті элита қатарындасың ғой! – деп сықақтай күлді Дәулет. – Сенің айтқаның рас, бұл жерде бәрі басқаша. Қарағанды есті жиғызатын қала екен.

– Есалаң! Қолындағы баласымен жолдың ортасына шыққанын қарашы! – деп ашуланып, Асқар тежеуішті қатты басып жіберді. – Осындай да топас қатындар болады екен!

Асқар әйнекті түсіріп, бір былапыт сөзін арнамаққа ыңғайланса да, үрейден сұрланып кеткен әйелді көріп, алайып бір қараған күйі, үндемей әйнекті жаба салды.

– Банкте болдым, – деді Дәулет, – іші лық толы адам. Бәрі кредит алып жатыр.

– Сен не білмедің бе?

– Білмедім. Мені кредит емес, банктің өсімпұлы, пайызы қайран қалдырды. Елдің өз еркімен бастарын тұзаққа салатыны қызық осы.

– Олар сол тұзаққа түсу үшін бәріне даяр ғой, – деді Асқар, жаңа үйдің ауласына кіріп жатып. – Итшілеп жүрген тіршілік…

Бұл аулада автотұрақ шлагбауммен жабылып-ашылады екен. Асқар екінші қабаттағы пәтердің қоңырауын ұзақ басып тұрды. Сосын телефонмен қоңырау шалды. Содан кейін ғана есік ашылып, қысқа жейде мен ішкиімшең тұрған ұйқылы-ояу қыз көрінді.

– Асқарик! – деп, қыз Асқардың мойнына асыла кетті.

– Назик, бар киін, қонақты қарсы ал, – деді Асқар, қабағын түйіп, қызды еденге түсіріп.

– Бұл кім? – деп сұрады қыз, Дәулетке үңіле қарап.

– Досым. Жарайды, бар, киініп кел, сосын айтамын, – деп, Асқар қызды бөлмеге қарай итерді.

– Көңілдесің бе? – деп сұрады Дәулет.

– Жарым.

– Қойшы әрі! – деп күліп жіберді Дәулет.

– Менің серіктесімнің қызы.

– Қатырасың!

Асқардың бірінші әйелінің ас мәзірі үй тағамы болса, екінші әйелі дастарқанды кілең аспазханадан сатып алған тағамдармен толтырды. Түрлі-түрлі ет, балық, шайнама, салаттар қойды. Бар-тоңазытқыштағы ішімдіктер тегіс шетелдік: виски, бренди, шарап, мартини, арақ. Назик оларды түрлі жеміс шырындарымен араластырып, коктейль жасап беріп отырды. Бірнеше коктейль ішкен Дәулеттің ұйқысы келді. Оған қарамаған қонақжай үй иелері арақ-шарабын құюмен болды.

– Фермаға бару керек, – деп Дәулет ара-арасында айтып қояды.

– Үлгереміз, Дәуке, саспа, – деп, Асқар ішімдіктен құюын жалғастырды.

Асүйде анаша шегіп алып, екі дос фермаға таңертең барамыз деп шешті. Төсекке таңға қарай жатты. Ұйқыға кетіп бара жатып, Дәулет төбеден зып берген құйрықтың көлеңкесін көргендей болды. Ол бала кезіндегідей үрейден көзін тарс жұмып, қара түнекке шомып кетті.

XVI

Қанша уақыт өтсе де, сабадан қымыз бен ысталған ағаш иісі мүңкіп тұр. Бала кезінде Дәулет осы бөлмеде ескі сандық пен сабаның арасында жиі тығылып отыратын. Сол жерде ойыншық сарбаздарымен ойнап, қызыл қапшыққа асықтарын тізетін. Ал біреуге ренжігенде сабаны құшақтап жылайтын. Осындайда анасы келіп:

– Менің құлыншағымды кім ренжітті? – дейтін.

Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Дәулет бұл бөлмеге сирек кіретін болды. Тек атасы ұзақ сапарға кеткенде ғана келіп, сабаны құшақтап, ата-анасын есіне алып, бүгінгідей жылап отырады. Дәулеттің ойын даладан естілген ысқырық үні бұзды. Дәулет еденнен тұрып, көз жасын сүртіп, далаға жүгіріп шықты. Шарбақтың сыртында Асқар мен оның анасы Хадиша тәте тұр екен. Досын көріп, Асқар ыржиып қолын бұлғады.

– Сәлеметсіз бе, Хадиша тәте? – деп амандасты Дәулет, оларға жақындап.

– Амансың ба, айналайын? Түскі асқа біздің үйге жүр. Әдейі сен жақсы көретін ет пен картоп қосылған манты дайындап қойдым, – деді Хадиша тәтесі.

– Рақмет, тәте, мен атамды тосамын, бірге тамақтанамыз, – деп жауап берді Дәулет.

– Ол кісі кешке қарай келеді. Сені маған тапсырып кеткен. Жүре ғой, балам.

Түскі астан кейін екі дос Дәулеттікіне келіп, атасы келгенге дейін Асқар әкелген приставканы қосып, ойынға берілді.

Атасы қас қарайғанда досы Қасенмен бірге келді. Қастарында бөтен әжей бар екен, оны Жазира апа деп таныстырды. Жазира апа бірден үй жұмысына кірісіп кетті. Сөйтсе, атасы досымен құдалыққа барып, Жазира апаны алып келіпті. Біраздан соң үйге көрші-қолаң жинала бастады, көрші әйелдер шашу сыйлықтар әкелді. Дөңгелек үстел жайылып, айналасына көрпе, жастық төселді. Қонақтар үстелдің басына жайғасып отырған соң, атасы қолына домбыра алды. Күй әуені әуелі ақырын төгіліп, бірте-бірте жылқының шабысына ұласып, алыс елдерді кезген көшпендінің желмен жеткізген сағынышты сазына айналды.

– Бәрекелді! – деп, Қасен атасы сақалын сипап, көз жасын сүртіп, ризашылығын білдірді.

Атасының шертісінен Дәулет бұрын сезілмеген жаңа үрдісті байқап, жымия қойды. Атасы оның жымиғанын көріп, шекке басын иіп, домбыраны шетке қойды.

– Міне, Жазираш, танысып қой, жанымда отырған – жалғыз немерем Дәулет, – деді атасы дауысы дірілдеп.

– Бір жылдан аса уақыт өтті, қайғының да өз мерзімі болады, Жәке. Әрі қарай өмір сүру керек, – деп күрсінді Асқардың атасы, ұзын бойлы, жүдеу көсе Төлен.

– Менің де айтатыным тура сол! – деп қағып алды Иван. – Тамақтан алыңыздар, қадірменді достар. Бүгін менің досым әрі көршім Жәкеннің тойы. Ол үшін алып қою керек. Кімге қымыз, кімге шарап, ал кімге арақ құйып берейін, халайық? – деп, ол асабалығына кірісіп кетті.

Бұл ата-анасы қайтыс болғаннан кейінгі Дәулеттің күлкі мен шаттыққа толы бірінші кеші еді. Жазира апа өзімен бірге қуаныштың пернесін алып келгендей болды. Дәулет пен Асқар әншейінде үлкендермен ұзақ отырмайтын. Бірақ осы жолы дастарқаннан тұрғылары келмеді. Шалдардың зілсіз қалжыңына күліп, бір-біріне себепсіз ыржалақтаған қалпы отыра берді. Хадиша тәте үйінен Асқардың скрипкасын алып келді. Сол кеште Асқар бірінші рет көршілердің алдында скрипкада ойнады. Әдетте ол тек мектепте концерттерде ойнайтын. Негізі, Асқар музыка мектебіне тек мамам үшін барамын деген. Дәулет те оның музыка сабақтарына мән бермейтін. Тек бұл кеште досының өнерін сүйсіне тыңдап, оны басқа қырынан танығандай болды. Асқар шабыттанып, бір әуеннен басқасына ауысып, бүкіл елді тәнті қылды. Арагідік біресе Жәкен домбырасымен, біресе Иван баянымен Асқарға қосылып отырды.

Дәулет Асқардың шынайы сезімін білдіруге ұялатынын жиі байқайтын. Бірақ сол кеште Асқар ашылып, өзінің анасымен ұқсастығын айқын көрсетті. Оның жылы көзқарасы, бет әлпеті, ұзын сезімтал саусақтары анасынан алынған көшірмелердей еді.

Асқардың бенефисін кенеттен пайда болған әкесі бөліп жіберді:

– Жә, жетер. Скрипка ойнау еркекке жараспайды.

Асқар сұрланып, көзін төмен тайдырып, жаман бір қылықтың үстінде ұсталып қалғандай скрипкасын анасына беріп, асығыс шығып кетті. Хадиша күйеуіне ашуға толы көзбен бір қарағаннан әріге аспады.

– Ал енді частушка айтамыз! – деп, Иван қолына баянды алып, жайсыз үнсіздікті үзіп жіберді.

Дәулет Асқардың соңынан шығып, ауладан таба алмады. Сол кештен кейін Дәулет досымен скрипка мен музыка туралы сөйлескісі келген, бірақ қарсылыққа тап болды. Бірде қыздардың алдында досының скрипкада керемет ойнайтынын айтып еді, Асқар оны жақтырмай:

– Оның бәрі әншейін далбаса, – деп шорт кесті.

Жазира апа ақ көңіл, мейірімді жан болып шықты. Тағамды дәмді пісіретін және ешқашан ренжімейтін. Кейде бірнеше күнге бала-немересіне қонаққа кеткенде атасы мен немересі кәдімгідей жетімсіреп қалатын болды. Екеуі бір-бірімен шүйіркелесе қоймай, астарын үнсіз ішетін. Ал Жазира апа келісімен көңілдері орнына түсіп, үйдің іші қайтадан жайнап кететін.

XVII

Дәулет иығына тиген қатты соққыдан оянып, көзін ашып, біраз уақыт есін жия алмай жатты. Жүріп келе жатқан көліктің шанағында жатқан сияқты. Дәулет айналасына қолын жүгіртіп, иыққабын тауып алды. Ішінен шөлмектегі суды шығарды. Оны ашып, іше бастап еді, көлік шұңқырдан секіріп, Дәулет шанақтың есігіне қарай домалап кетті. Шөлмектегі су үстіне төгілді. Ішкен суы аздап шөлін қандырып, төгілген су айныған жүрегін басыңқырағандай болды. Көлік тағы да бір-екі селкілдеп барып тоқтады. Есік ашылып, дауыс естілді. Дәулет шанақтың қабырғасын қаға бастады. Бір сәт шарт етіп жабылған есіктің дыбысы естілді де, қайта тыныштық орнады. Дәулет қабырғаны қаттырақ қағып:

– Сыртта кім бар? Есікті ашыңдар! – деп айғайлады.

Тыныштық. Дәулет дыбыстарға құлақ түре бастады. Зымырап өтіп бара жатқан көліктердің дыбысы еміс-еміс естіледі, сірә, трасса болса керек және… жусанның иісі. Сонда ғана Қарағандыға бір күн бұрын не үшін келгені есіне түсті. Қалғаны – өткен күн мен түннің бұлыңғыр көріністері. Дәулет ыңғайлырақ жатып, иыққабын басының астына салып, аяғын созды. Сонда ғана жейдесінің қатты малшынғанын сезді. Мамық сырткиімі мен жейдесін шешіп тастап, иыққаптан таза майка, оның сыртынан флис жемпірін киіп алды. Мамық сырткиімін иыққаптың орнына басының астына жастық етті. Жағдайдың оғаштығына қарамай, Дәулет жата салып, қалғып кетті. Жартылай ояу күйі Дәулет шанақтың есігі ашылып жатқанын естіді. Күн жарығынан көзін сығырайтқан Дәулет есікті ашқан басы қазандай кішкене еркектің сұлбасын көрді. Өзі көзін бадырайтып, тесіле қарайды екен. Күн сәулесінен басы денесінен үлкен, ал көзі шарасынан шығып кеткендей болып көрінді. Дәулет көзін жұмып, басын бір шайқап, қайта ашты да:

– Сен кімсің? – деп сұрады.

– Сенің патшаң мен құдайыңмын. Шық! – деп гүрілдеді еркек.

– Құдай мен патша? Жолым болған екен, – деп, Дәулет су жаңа жүк таситын көліктің шанағынан секіріп түсті.

– Соңымнан ер, – деді еркек.

Жүк көлігінің жанында көк джинсы мен күртке киген жігіт темекі шегіп тұрды. Дәулеттен бұрылып, жасырынғысы келгендей көрінді. Жақын жерде жол жиегінде джип тұр. Еркек соған қарай бет алған.

– Сенің атың кім? – деп сұрады Дәулет, еркектің артынан еріп.

Еркек тоқтап, Дәулетті бастан-аяқ қарап шығып:

– Сіз деп сөйле, менің атым – Қазыбек, – деді.

Мотордың дыбысын естіген Дәулет артына бұрылып қараса, трассаға қарай жүріп кеткен жүк көлігі екен.