– Ал анау жүк көлігіндегі кім? – деп сұрады Дәулет.
– Сұрағың көбейіп кетті, – деп жауап берді Қазыбек, дауыс екпінін түзеп.
Өлшемі әлдеқайда үлкен тонға оранып алған, аласа бойлы, үшкір ұшты тозған туфли киген Қазыбек аяғын жыбырлата басып, Дәулеттің алдында келе жатыр. Киімінің бәрі басқа біреудің үстінен шешіп алғандай салбыраған, тек басындағы сабалақ қызыл феска ғана дәл қонып тұр.
– Феска Түркияда жасалған ба? – деп болжамдады Дәулет.
– Қайдағы феска-меска? – деп ашуланды Қазыбек. – Көлікке отыр, фермаға барамыз.
Дәулет қуанып қалды. Есін білмей ішіп отырып, Асқардың кеше Қазыбек туралы айтқанын ұмытқан болар-ау. Енді оған Қазыбектің мына бастықсымақ түрі күлкілі болып көрінді.
Көлікте Қазыбек радионы қосты. Ол шыжылдап, шырылдап қоя берген соң диск түймешесін басып еді, салонның іші шығыс әуеніне толып кетті.
– Өзбек литаврасы ма? – деп сұрады Дәулет.
– Өзбек? Өзбектерде түк те жоқ, бұл – татар аспабы, – деді Қазыбек. – Қазақтарда да түк жоқ.
– Домбыра ше?
– Ол да – думбыра деген татардың аспабы.
– Демек, сіз татарсыз, – деп қорытынды жасады Дәулет.
– Кім біледі, мүмкін, татар, мүмкін, моңғолмын. Тегім ертеден тарайды, ол уақытта қазақтар мүлдем болмаған.
– Ее, моңғол-татарлар де? Мына келе жатқан жер ше, ол да қазақтікі емес пе? – деп сықақтай сұрады Дәулет.
– Жоқ, бұл – баяғыда сатылып кеткен жекеменшік. Қазақсың ба, мазақсың ба – ешкімнің шаруасы жоқ. Қазір бәрін ақша шешеді, – деп, жалт қарады Қазыбек.
Дәулеттің намысы қозып, енді сазайын берейін деп Қазыбекке шатынай қарады да, тез ойланып, сабырға келді. Қортық наданмен сөз таластырғанша, фермаға жеткен соң Асқармен хабарласып, бүге-шігесін анықтағаным дұрыс болар деп, терезеге бұрылып, көзін жұмды.
XVIII
Дәулет әдеттегідей сабағын оқып болып, теледидардан жаңалық көріп отырған атасына қосылды. Экранда жасы келген әйел көпес бабасының баяғыдан тұрған үйін бұзғанына наразылығын білдіріп жатты.
– Ата, сол ескі үй үшін неменесіне сонша қайғырып жатыр? Оның орнына жаңа биік үй салады, жаңаның аты жаңа ғой. Ал бабасын бейітіне барып еске алмай ма? – деп пікірін білдірді Дәулет.
– Сен Иван мен Тасяның үйіне қара да, Ережептің үйіне қара. Айырмашылығы бар ма?
– Иван атаның үйі биік әрі әдемі, ал Ережеп ағаның…
Сол кезде есік шарт ашылып, табалдырықтан қабағы қатулы сиыршы Ережептің өзі көрінді.
– Ассалаумағалейкүм, Жәке! Бұқамды таба алмай жүрмін, көрмедіңіз бе? – деп бірден сұрақтан бастады ол.
Жәкен күліп жіберді.
– Көрдің бе, балам? Ережеп үшін жоғалған бұқа – апат, ал жертөлесінің қисайғаны түк те емес. Міне, айырмашылық осында.
– Уууй! – деп қолын сермеді Ережеп. – Сол жертөлені қайтесіз, жазда бұзамын да, бір машина кірпіш түсіріп, жаңа үй саламын. Ал қазір бұқаны табу керек.
– Немерем екеуің егіздің сыңарындай ойлайды екенсіңдер. Бар, Дәулет, атыңа мініп, іздес, – деді Жәкен.
Дәулет тонын, пимасын киіп, тымағын қолына алып, Ережептің артынан үйден шықты. Аулада сиыршының Қарагері байлаулы тұр екен. Өзі – ауылдың ең бір безбүйрек құнаны. Дәулет оған тақалып келіп, қолы еріксіз жалына қарай ұмтылды. Қарагер сипағанын ұнатып, басымен Дәулеттің иығына сүйкенді.
– Пах-пах-пах! Қарашы жануардың жақсы көргенді сезгенін. Бар, Дәулет, атыңды ертте, қараңғы түскенше іздеп келейік, – деді Ережеп.
Сол арада қақпаны ашып, аулаға Асқар кірді.
– Ассалаумағалейкүм, Ережеп аға! – деп, басын иіп, Ережеппен қол алысты.
– Амансың ба, Асқар? Менің бұқамды көрмедің бе? Бүкіл ауылды аралап шықтым. Жоқ. Енді Дәулет екеуіміз ферма жаққа іздеп барып қайтайық деп жатырмыз.
– Е-е, ол сіздің бұқаңыз ба? Атам оны жаңа ғана аулаға қамады.
– Шын ба? Бір мүйізі сынық қара бұқа ма? Баяғыдан бері айтпайсың ба? – деп қуанып кеткен Ережеп асығыс аттана бастады.
– Жақсы хабар әкелгенім үшін сүйінші бермейсіз бе? – деді Асқар, Дәулетке көзін қысып.
– Көз көрмей, көңіл сенбейді, менің бұқам болса, ренжітпеймін, қара да тұр, – деп, Ережеп кетіп қалды.
– Менің бұқам болса, ренжітпеймін! – деп ыржиды Асқар. – Одан да шарбағын жөндемей ме, бұқасы далада қаңғып жүр.
– Сен бе оны аулаңа қамап қойған? Қатырасың, – деп күліп жіберді Дәулет. – Ережеп бұқасын қатты уайымдап еді. – Дәулет жыламсыраған Ережепті мазақтап, қабағын түйіп, көзін сығырайтып, екі саусағымен сиыршының салбыраңқы мұртын көрсетті.
– Қалжың ғой қамағаным! Атам болса жаман ұрысты. Қатты сұрланып кетті дейсің бе Ережеп? – Асқар да ренжіген Ережепті мазақтап, екеуі оның бұрынғыдан да төмен салбырап кеткен мұртына ішек-сілелері қатқанша күлді.
– Таптыңдар ма? Алыс кетпеген ғой, шамасы? – деп сұрады атасы Дәулет келгенде.
– Көршілердің ауласынан табылды, – деп күлді Дәулет. – Қаңғып жүрген жерінен оны Асқар өз қорасына қамап қойыпты.
– Барымташы ғой Асқарың, олардың тұқымында болған ондай.
– Барымташы деген кім?
– Мал ұрлауды кәсіп қылатындар. Мәселе қамауда емес, ізін білдірмей тығып қоюда. Асқар сияқты. Алақандай ауылда Ережептің бұқасын тығып қойғанын қарашы, – деп таңғала басын шайқады Жәкен. – Әкесінің тұқымына тартқан сенің Асқарың.
– Жоға, ата, Асқар ондай емес, жай қалжың емес пе?! – деп, Дәулет досын ақтап алуға тырысты.
Атасы, негізі, әр адамның қасиетін тез аңғаратын. Дәулет оның болжамы шын келгеніне талай куә болған. Қазақ ауылында Берік деген бала болатын. Балалық шақта Дәулетпен және Асқармен ойнауға жиі келетін. Берік бастықсып, әркімге бұйрық беріп, қазылық жасап, әлдебір табысты бөлгенге құмар болатын. Өзі ойынға да қатыспай, сырттан қарап отыратын. Көбінесе ысқырығын алып, шарбаққа жайғасатын.
– Прапорщик болады, – деді бірде атасы Берік туралы. Расында, жиырма бес жасында прапорщик лауазымына ие болған Берік – әлі күнге дейін прапорщик. Одан биік шенге өспеді.
XIX
Мотордың шуы мен жолдың шұңқырларына қарамай, Дәулет қалғып кетті. Жол бойы жарым-жартылай қалғып отырса да, айналада болып жатқан өзгерістерді байқап жатты. Жол жадағай шоқылы жерге ауысқанын білді. Қазыбектің дискіні ауыстырып, шығыс әуендері шансонға ұласқанын естіді. Арасында түсіне бала кезінде боранда Асқар екеуі тығылған бейіт кірді. Сол мазарда Асқар екеуі алма-кезек үшінші біреумен қарта ойнап отыр екен. Бірақ оның келбеті анық көрінбейді. Асқар ойынға кіріскенде, бәйгеге мұның тұмары тігілді, сол себепті ол досының ұтқанын тілеп отырды. Ақырында Асқар жеңді, бірақ ол тұмарды Дәулетке берудің орнына бетін жасырып отырған ойыншыға ұсынды. Бұл үшінші адам оны Асқардың қолынан жұлып алып, жоғалып кетті. Осы тұста оянып, көзін бір ашып алған Дәулет кеудесіндегі тұмарын қолымен сипап тексеріп қойып, қайтадан қалғи бастады. Ол:
– Келдік, шық! – деген Қазыбектің бұйрығынан оянды.
– Құп болады! – деп, Дәулет көліктен шығып, ұйып қалған аяғын жазды.
– Анау үйде тұрасың. Сонда бос кереует бар. Матрас та болуы керек, сайтан алғыр бичтер ұрлап әкетпесе, – деді Қазыбек, барақ тәрізді үйді көрсетіп.
Дәулет иыққабы мен күрткесін алып, балшықтан салынған үйге қарай аяңдады. Үйдің есігі ашық тұр екен, есіктің ойығында май басқан тор ілінген. Дәулет торды сырып, ішке кірді. Барақтың ішінде сыз бен махорка аралас иіс мүңкиді. Бөлменің бар жиһазы екі қатар темір кереует, қабырғаға тығылған сөре, үстел мен отырғыш және кіреберістегі пеш екен. Заттарын бос кереуетке тастай салып, Дәулет далаға шықты. Қазыбек кілтпен екінші кішілеу үйдің құлпын ашып жатты.
– Не, матрасты таптың ба? – деп сұрады Қазыбек, Дәулетті көріп.
– Жоқ, іздеген жоқпын әлі. Маған қоңырау шалу керек, телефоныңызды беріңізші.
– Қайдағы телефон? Мұнда ұстамайды, – деді Қазыбек.
– Сонда мен не істеуім керек?
– Жылқыларға қарайсың, мен жоқта қаңғыбастарды қадағалайсың. Не, білмеп пе едің?
– Қайдағы қаңғыбастарды?
– Кешке келеді, көресің. Кел, маған көмектес, – деп, Қазыбек үйдің есігін ашып, көлікке қарай жөнелді.
– Мына қаптарды үйге апар.
Көліктің жүк қоймасында үш қап макарон, екі қап картоп және бір қап пияз жатыр екен. Дәулет қаптарды үйге тасып бітіп:
– Қазыбек, түсініспеушілік болған сияқты, маған қайтып барып, Асқар досыммен сөйлесу керек.
– Қайта бер, – деп мысқылдады Қазыбек.
– Ал сіз қашан қайтасыз? – деп сұрады Дәулет.
– Белгісіз әлі, қой қораны жылыту керек. Ендігі аптада қар жауады дейді.
– Мен қалай кете алар екенмін?
– Кете алмайсың, бұл жерде такси-макси жүрмейді, – деді Қазыбек.
– Жаяу барсам ше? Жақындағы ауылға неше сағатта жетуге болады?
– Сен өзің, расында, ақымақсың ба? Әлде мені әдейі жынды қылып тұрсың ба? – деп ашуланды кенеттен Қазыбек.
– Түсінбедім, – деді Дәулет, Қазыбектің қасына жылдам жақындап.
Қазыбек қорыққанынан есікке қарай шегініп:
– Мен сені полицейден қаңғыбастарға бас-көз болсын деп, екі қой беріп, сатып алдым, – деді.
– Қалайша сатып алдың? Есің дұрыс па? – деп тұрып қалды Дәулет.
– Сол полицей сен туралы құжаты жоқ біткен адам деді. – Қазыбек үйдің ішіне қарай шегіне бастады да, Дәулеттің шабуылдамайтынын көріп, орнында қалды.
– Құжаттарым толық: жеке куәлігім, әскери билетім, тіпті шетелдік паспортым да бар, көрсетейін бе? – деп, Дәулет бараққа қарай асықты.
– Көрсет! – деп айғайлады Қазыбек.
Көз алдына көлікте кірген түсі келіп, Дәулет кеудесін сипалап, тұмарын тауып алды. Үйге кірісімен оны мойнынан шешіп алып, тексерді. Тұмар бүтін. Ішіндегі үш бұрышты теріге оралған қағаз да орнында. Дәулет иыққабын алайын деп еді, кереуеттен тек сырткиімін тапты. Жан-жағына қарап, терезе алдындағы кереуеттен әлсіз қимылды байқағандай болды. Оған жүгіріп барып, көрпені ашып жіберді. Мақта көрпенің астында басын қолымен көлегейлеп бір жігіт жатыр екен. Қасында – иыққап. Дәулет иыққапты алып:
– Сен кімсің? – деп сұрады.
– Ал сен кімсің? – деді жігіт, қолын басынан түсіріп. – Мен ештеңе алған жоқпын, жай қарадым, – деп жылпылдады.
Дәулет иыққабын ақтарып, жанқалтасынан конверт пен әмиянын шығарды.