Февраль / Ақпан — страница 29 из 33

– Тоқтай тұр, – деп, әмиянын ашып, тексерді: ақшасы орнында, куәлігі жоқ.

Дәулет барлық заттарын аударып-төңкеріп, құжатын таба алмады.

– Куәлігіңді жоғалттың ба? – деп қабаттаса сұрады жігіт. Сосын кереуетке отырып:

– Димон, – деп, қолын созды.

– Дәулет.

– Менің де құжатымды бір азғын полицей қисынын келтіріп алып қойды. Қазыбек қортық – соның сыбайласы, осында итшілегеніме жарты жылдай болды.

XX

Дәулет жайылып жүрген отарды төбеден көзбен шолып отырады. Қаншама бытырап кетсе де, көзкөрім жерде. Бақылайтын жер табуды атасы үйреткен. Жаз сайын Дәулет атасы екеуі қазақ ауылында тұратын Қасен шалдың кезегін алып, бірнеше рет қой баққан.

Қартаң жасына қарамай, Қасен қорасында он шақты қой, сиыр, бірнеше бие ұстайтын. Бағып, тәрбиелеген тоғыз қызы бірінен соң бірі тұрмысқа шығып, тарап кеткен соң, кемпірі Қарақат екеуі жалғыз қалды. Қыздары мен немерелері анда-санда келіп тұрады. Кейде шал мен кемпір жол жүріп, қыздарына барады. Сондай жағдайларда Қасен қой кезегін Жәкенге тапсыратын.

Қазақ ауылы деп шеттегі мал ұстайтын жанұяларды құрайтын бірнеше көшені атайтын. Атауына қарамай, ол көшелерде әр түрлі ұлт өкілдері тұрады: немістер, татарлар, орыстар, гректер, ингуштар мен украиндер. Қазақ ауылы қойды кезекпен бағатын.

– Төбенің жотасында шығыс жағынан да, батыс жағынан да шөп көп болады, – дейтін атасы. – Таңертең қойды көлеңке түсетін батысқа жай, ал түстен кейін шығысқа айда. Көлеңке түскен жерде шөп күйіп кетпейді, – дейтін тағы. Күздігүні малды күннің соңынан төбені айналдыра жаю керек екенін Дәулет өзі түсінді. Көктем шыға қойлар еріген қардың астындағы қылтиған шөпке ұмтылатынын көрді.

Төбеден ашылатын кең көкжиекке қарап, Дәулет балалық, жастық шақта шырқаған әндерін есіне түсіріп отырады. Қолына қаламын алып, шумақтарын жолма-жол жазады. Мұндай жазу көңіл күйіне байланысты күнделікті әдетіне айналды. Бірақ кейде күні бойы ойланып, әннің бірде-бір сөзін есіне түсіре алмайды.

Бір күні көтеріңкі көңіл күйде отырып, орысша «Взвейтесь кострами» деген пионерлер өлеңін есіне алды. Өзі пионерлер қатарына өтіп үлгермесе де, пионерлер лагеріне барып үлгерді. Күні бойы қиналып, барлық шумақтарын кезекпен жазып біткенше өлеңнің жұмбақ қарама-қайшылықтарына мән беріп, ойға шомды. Неге пионерлер тек жұмысшылардың балалары болуы керек? Сонда басқалардың балалары пионерге өтпеген бе? Пионерлер үшін дайындалған жарқын болашақ дәуірі қайда? Сірә, коммунизм арман күйінде қалған-ау?

Келесі күні ағайынды Гейзерлердің есімдерін есіне түсірді. Ол екеуі пионер лагерінде боқауыз частушкалар айтатын. Вильмар мен Вальдемар ма? Вильгельм мен Вальдемар ма? Ағайындылар орындайтын бірнеше частушканы жатқа білетін Дәулет олардың толық есімдерін есіне түсіре алмай қиналды. Оларды Валик пен Вилик деп атайтын. Сол күні Дәулет қойларын частушкалармен алдандырды. Тек келесі күні таңертең ғана олардың есімдері Вильгельм мен Вальтер екені есіне түсті.

Есімдер мен өлеңдер арқылы Дәулет өткен күндеріне саяхат шегеді. Кейде Дәулет өзінің жасына қарамай ақылман болып алғанына таңғалады.

Жетінші сыныпты бітірген жазда есірткіге қатысты шулы іс басылған соң Асқар екеуі тығып қойған сөмкені алып, велосипедпен ауылдың сыртына шықты. Ішіндегі тәжік анашасы мен героинді екіге бөлді. Осылай жасауды Асқар ұсынды. Дәулет болса бәрін жағып тастағысы келген. Расымен де, ол өз үлесін сол жерде бірден отқа жақты. Асқар өз үлесін Қарағандыға апарып, жиен ағасы арқылы сатып, ауылға су жаңа «ВОСХОД 3М» мотоциклін мініп келді. Аяғында аппақ фирмалық кроссовка. Дәулет оған қызығып, кейде есірткіні жағып жібергеніне өкінсе де, онысын білдіртпейтін.

– Менің істегенімді істесең, мен сияқты байк теуіп жүретін едің, – деп, Асқар оның қытығына тиетін.

Атасы туған күніне ұсталған «Минск» мотоциклін сатып әпергенде Дәулеттің іштегі бар қыжылы сейіліп кетті. Асқар екеуі бірігіп мотоцикл тебетін болды.

Ән мен өлең жалықтырғанда Дәулет шахмат партияларын есіне алып, дәптерге тақтасын сызып, шешімін іздейді. Сөйтіп, оның өлең мен шахмат аралас күндері өте берді. Өлеңдерін еске түсіргенде Дәулет төбеде отырып қалса, шахмат жұмбақтарын шешкенде жайылған қойлармен бірге жүре береді. Әр шешім өзінің өмірдегі бір күрделі мәселесімен байланысты болып шығады. Бір күні ол Мырза атты мысығы есіне түсіп, жылап алды. Дәулет оны таңертең тұмшапешке қамағанын ұмытып кетіп, кешке күйген жүн мен еттің иісі шыққанда барып өлексе күйінде тапқан.

Дәулет шахмат партияларын жүре-бара қиындатып, ең күрделісіне – Асқар екеуінің қарым-қатынасына жақындауға бата алмай қойды.

* * *

Сол күні таң атқаннан ештеңе өнбеді. Қазыбек екі аптадай келмей кетті. Фермада азық-түлік таусылды. Степаныч пен Дәулет тандырсымақ бірдеңе жасап, қалған ұнға тұз бен су қосып, нан пісірді. Соған қарамастан, тандыр нан дәмді болып шықты. Еркектер бір-біреуден жеп, шай ішіп алды. Ал таңғы астан кейін темекі тартуға далаға шыққанда Қазыбектің иті кіріп, нанның жартысын алып кетіпті. Дима мен Нұржан оны тепкілеп, өлтіре жаздады.

– Өзі азғын, иті де сондай, – деп ашуланды Нұржан.

– Бұдан кәуап жасау керек, – деген ұсыныс айтты Дима.

– Егер таяу күндері Қазыбек келмесе, солай істеуге тура келеді, – деп Степаныч та қолдады.

Қой сою туралы ешкім жақ ашпады. Қазыбектің қойын сойған Нұржанның оқиғасы бәрінің есінде. Сол қылығы үшін Қазыбек барлығының көзін бақырайтып қойып, Нұржанның куәлігі мен әскери билетін жыртып, отқа тастап жіберген.

Нұржан – қалыптасқан ойыншы, Қазыбектен ойынға алған қарыздарын өтеп, бірнеше жыл жұмыс істеп жүр. Қазыбекке ата-анасынан қалған үлкен үйін де арзанға сатып жіберіпті. Екі баласы бар жесір қарындасы да Қазыбекке бұйырды. Күйеуі қайтыс болған соң қиын жағдайда қалған қарындасы Жарқын Қазыбекке күйеуге шығуға мәжбүр болыпты.

Қалған нанды еркектер бөліп алды. Дәулет өз азығын алып, қойды алыс отарға айдап кетті. Сол күні ол 1972 жылғы Фишер мен Спасский арасындағы ойынға кірісті. Кезінде сол ойынның барлық жиырма бір партиясын Дәулет жатқа білетін, тек ең соңғы партиясының эндшпилінде шатасатын. Бірінші партияны оңай шешіп, Немцович қорғанысын аяқтап шықты. Әрі қарай сәті келмеді: қойлар жан-жаққа бытырап, шашырай берді. Серке оларды бастамай қойды. Біраз жүгіріп, Дәулет қойды жинап, солтүстік жоталарға айдап кетті. Түске қарай аспанда бұлт үйіріліп, жаңбыр сіркірей бастады. Дәулет нанын жеп алып, отардың легіне қосылып, жылжи берді. Қойлардың соңында жүріп, әр партияның жүрісін бірінен соң бірін талдап келе жатты. Қас қарайғанда жиырма бірінші партияға дейін жетіп, Алехин дебютін қайталаған Фишердің жүрісінен кейін шатасып кетті. Эндшпильді ертең аяқтаймын деп ұйғарған Дәулет адасып кетті. Алыста жартасты жоталар көрініп тұр, демек, керісінше, оңтүстікке кетіп қалған.

Дәулет ашуланып, бәтеңкесімен балшықты шалпылдата басты. Ең негізгі мәселесін шеше алмайтындығына, өзіне, бүкіл дүниеге өші кеткендей ызаланды. Ол Асқардың солға еңкейте жазған қолын бірден таныған: Дәулеттің Қанатты қалай өлтіргенін, өзінің қарауылда тұрғанын қиыстырып-ақ жазыпты. Өзі ойлап тапқан ба, әлде біреу ұйқастырып берді ме? Шәріпов көрсеткен арызды Дәулет есіне алғысы келмегені ме, әлде досын әлі күнге дейін жамандыққа қимағаны ма? Атасы да:

– Оған ренжіме. Әрқашан көзге сене беруге болмайды, жүрекпен сезген дұрыс! – деген.

Демек, Асқарға қысым көрсетіп жазғызды. Ал милицейлердің оны қинап, азаптағаны туралы Асқардың өзі айтқан. Камерада Дәулет көп ойланып, арыз туралы білетінін досына көрсетпеуге өз-өзіне серт берген. Өйткені Дәулеттің де досынан жасырғаны бар.

– Сенің абақтыда бір ай бойы көз бояушылықпен отырғаныңды ешкім білмеуі керек. Асқарға да айтпа. Егер сұраса, сенен қайта-қайта Қанатты өлтірген түн туралы сұрай берді деп айт, – деп атасы да ескертті.

Есірткі трафигі жөніндегі қылмыстық топқа қарсы іс-шаралар анықталғанша, Қанатты өлтірген қылмыскерді тапқанша, Дәулет камерада жалғыз бір ай бойы отырып шықты. Сол кезде таңертең оянғанда көзі төбедегі темір бағанаға тіреліп, Дәулетті үрей билейтін. Кейін осы бағана түсіне жиі кіріп жүрді. Кейде қатты мас болғанда төбеде бағанада отырған құйрықты аждаһа елестеп, оянғанда көзін ашуға қорқатын.

Ұзақ, ызғарлы ақпан айы. Белгісіздік пен үміттің кезеңі. Дәулеттің атасының айтуы бойынша, даладағы ең қатерлі ай. Қар ерте еріп кетіп, артынан аяз қысса, жердің үсті мұзға айналып, жайылымдағы мал қимылсыз, жемсіз қатады. Ал ерте көктем су тасқынымен қауіпті. Жұтқа лайық ақпан ажалын сезген жауыз патшадай кетерінде қанқұмар мінезін тағы да, соңғы рет көрсетіп кеткісі келеді.

Атасының ақылы жөн болған екен. Есеп теңбе-тең: Асқар екеуі де бірін-бірі алдады…

XXI

Дәулет қойларын бір кішігірім тас құламаның астына айдады. Басында маңырасып, топтала тосырқаған мал біртіндеп біріне-бірі сүйкеле түсіп, жата бастады. Дәулет олардың қасына қисая кеткісі келіп еді, артынша «қыстырылатын жерді тапқан екенсің» деген мысқыл ой оны былай әкетті. Тым шалғай емес жерден малды да бақылауға, отты да жағуға ыңғайлы орын іздей бастады. Тау жотасының басында қалта шамымен жолға жарық түсіріп жүріп, жалғыз тұрған мазарды көріп, қуанып қалды. Баяғыда боранды түнде Асқар екеуі осындай мазарды паналап, бораннан сақтанған. Әрине, қорыққандары да бар, бірақ олардың басқа амалдары қалмап еді: я бейіт басында түнеп шығуға, я суықтан қатып қалуға тура келген.

Сол түні шала ұйқыдағы Дәулетке аян келген. Бейіттің аруағы болар, ақ сақалды шал оны таң ата оятқандай болып, тезірек шығысқа қарай бет алуды бұйырды. Дәулет досын зорға оятып алып, екеуі тез жиналған да, жолға шыққан. Содан өздері де аман қалып, жолшыбай бір ықтасын сайдан Сағынтайдың сиырын да тауып әкелген. Осы оқиғаны атасына айтқанда ол еш таңғалмай:

– Бейіт – аруақтардың мекені. Олар бізді қорғайды, – деген.

Дәулет айналадан құрғақ ши, шөп, сасыр мен тобылғының бұтақтарын жиып, мазардың ық жағын ала алау жақты. Бұл жерден қойлар да көрінеді, жел де соқпайды. Жайланып отырып, жылынған соң қарны ашқанын сезді. Дәулет қалтасынан құрт салған дорбасын шығарып, ішінен біреуін алды да, аузына салды. Бірнеше ай далада жүремін деп, өзін-өзі аштыққа шыдауға үйретумен келеді екен. Мұнда бастысы бар ойды тамақтан басқа нәрсеге аудару керектігін түсінген. Тіпті шыдауға келмесе, осылай құртын шығарып, сора бастайды. Артынан шөлдеп, су ішкенде қарны тойғандай болады.