Февраль / Ақпан — страница 30 из 33

Дәулет қалада өз еркімен тамақ ішпей, тіпті ашығып та жүретін бірталай адамды кездестірді. Диета ұстайтын әйелдер мен еркектер, йогамен айналысатындар, денсаулығын жақсартамын деп, тамақты аз жейтіндер мен аузы беріктер. Жедел жобаларды іске асыру барысында аштық жұмыс қабілетіне зор әсер ететініне Дәулеттің де көзі жеткен. Ол түскі асқа үзіліс жасамай, көбірек жұмыс бітіріп үлгеретін. Ал түсте қарнын толтырып алған жағдайда ұйқысы келіп, көңілі тынығуға тартып тұратын.

Дәулет таң ата тоңып оянды. Түндегі жаңбыр қарға айналыпты. Аппақ айналада қойлар ғана қарауытып жатыр. Дәулет мазардың сыртынан жазу я белгі іздеп таппады. Айдалада тұрған жалғыз бейіт. Әлде жақында ауыл бар ма? Дәулет біраз жүріп, жолды тапты. Шамасы, жотаның арғы жағында ауыл бар. Ауыл жайлы ой санасында жылт еткенде Дәулет бүгінгі ауылының Нұржан, Дима және Степаныч тұратын фермаға айналғанын еріксіз ойға алып, көзін алыс көкжиекке аударып әкетті.

Степанычтың жасы алпыстар шамасында болса да, түрі сексендегі шалға ұқсайды. Нұржанның айтуы бойынша, Степаныч – панасыз қу сирақ. Ол көп жыл бойы кен ошағында вахта әдісімен жұмыс істепті. Ауылға келгенде ата-анасынан қалған үйде тұрған. Ол үйде туған қарындасы мен інісі болған. Уақыт өте қарындасы тұрмысқа шығып, Қарағандыға көшіп кетіпті. Інісі әскерге барып келген соң жұмыс істемей, арагідік салынып ішетін кеселге ұшырапты. Степаныч вахтадан келгенде інісі оны ішкізіп, ақшасын тартып алатын болған. Кейін Степаныч жұмыста жүргенде інісі үйді сатып, мүлдем жоғалып кетіпті. Соңғы уақытта біреулердің оны Москвада екен, отбасын құрыпты дескені бар.

Сөйтіп, Степаныч баспанасыз қалды. Жалақысы жақсы болса да, үй сатып алуды ойламады. Үнемі кен ошағында қалып жүрді, анда-санда ауылға келгенде ішетін таныс достарына барып, тапқан табысын жұмсап, қайтадан кенге келеді. Кен ошағын жауып тастаған соң малшы болып жалданып, фермадан фермаға көшіп жүрді. Бірде шайтан түртіп, адам тонау айыбымен абақтыға да қамалып шықты. Екі жыл отырып келген соң біраз уақыт панасыз көше кезіп кеткен. Қазыбектің оны малшы қылып жұмысқа салғаны осы кез.

Дәулет келгенше Степаныч қой бағыпты. Дима мен Нұржан болса – жылқыда. Сақпан мен қой қырқу кезінде Қазыбек қосымша малшы жалдайды екен. Фермадағы шаруашылықпен Қазыбек өзі айналысыпты.

Дәулеттің Степанычпен бірінші кездесуі есінде қалып қойды. Бараққа үстіне майлы күпәйке, аяғына тозығы жеткен етік киген, еңсесі түсіңкі шал кірді. Үндемей сырт киімін шешіп, кереуетке отырып, етігін шеше бастады. Еңкейген күйі етігінен әуелі кір шұлғау оралған бір аяғын шығарып алды. Біраздан соң екіншісіне кірісті. Шұлғауды шешіп, қанталаған башпайларына қарап алды да, кереуетке жата кетті.

– Степаныч, келдің бе? Темекі тартасың ба? – деп, біраздан соң үйге Димон кіріп, шалдың қасына барды.

Степаныч күлімсіреп, басын сәл көтерген болды. Дәулетке де көз қырын тастап, төмен қарады.

– Міне, Степаныч, танысып қой. Бұл – Дәулет. Біздің бастығымыз болады, – деді Димон, шалға бір тал папирос беріп.

Шал Дәулетке өткір жанарымен бір қарап, басын изеді.

– Сендерде дәрі-дәрмек бар ма? Аяқтағы жараларды емдеу керек, – деді Дәулет, көзімен шалдың башпайларын меңзеп.

Степаныч аяғын жерге түсіріп отырды.

– Қайдағы дәрі? Бұл саған аурухана дейсің бе? – деп қарқылдап күлді Димон.

– Ештеңе етпейді, жазылады, – деді Степаныч, қағазға оралған папиросты рақаттана тартып.

Келесі күні Дәулет Қазыбекпен сөйлесіп, шалды шаруашылыққа қойып, өзін отарға жіберуге көндірді.

– Әзер жүрген шал, аяғы қансыраған жара, қойды бағуға шамасы келмей, далада қатып қалса, қайтеміз? Ал менің қой бағуға тәжірибем де, икемім де бар, – деп иландырды Дәулет.

– Бұл шал бізден артық өмір сүреді, – деді таңырқаған Қазыбек. Сосын біраз ойланып: «Жарайды, баққың келсе, баға бер, бірақ әр қойға басыңмен жауап бересің. Құжаттарың полицияда жатыр», – деген шешім шығарды.

Степаныч ферманың шаруашылығына ауысты. Пешті жағып, қашарды тазалап, жылқыға қарап, Қазыбек жоқта тамақ дайындайтын болды.

Димон Степанычқа бауыр басқандай. Екеуі үндемей темекі шегіп отырғанда өңдері кіреді. Сондайда бозбаланың ұнжырғасы тірек тапқандай жайланып қалады.

Бұғанасы қатпаған Димонның дене мүшелеріндегі келіссіздік бірден көзге түсуші еді. Ойнақшып тұратын қуыршақ көзі жайғасқан бір жапырақ беті үлкен денесіне, күректей алақанына үйлеспейтін. Өзі әкесін жиі есіне алады. Оны кезекті рет жазықсыздан-жазықсыз абақтыға қамағаны жөнінде айтады. Әкесінің бұған айтқан «досыңды ешқашан сатпа, абыройыңды сақта» деген ақылын жиі қайталайды. Бірақ әкесін бекер күткені, оның абақтыдан шығысымен үйіне оралмай, Шымкентте хабарсыз жоғалғаны туралы үндемейтін.

Дәулет сәл әлденіп алып, фермаға қайтайын деп шешті. Төбе асып, ауыл іздегені еш пайда бермес. Қашқысы келген жағдайда да құжатсыз билет сатып ала алмайды, сатып алатын ақшасы да жоқ. Мұнда тап болған кезден-ақ қашудың бар жолын ойластырып қойған Дәулет уақыт өте келе ферманың өміріне бейімделіп кеткендей.

Дәулет темір кружкасына қар салып, бейіт маңайындағы тобылғының қураған бұтақтарымен су қайнатты. Қатқан нан тістеп, қайнаған су ішіп, жылынып алған соң малды фермаға қарай айдай бастады. Жол-жөнекей қайтадан Фишер-Спасскийдің партияларын жиырма біріншісіне дейін түгендеп шықты да, күн батпай фермаға жетті.

XXII

Қазыбек жаңа жылға бір апта қалғанда келді. Азық-түлік, бензин әкелді. Жол тазалайтын тракторы бар жүргізушімен бірге келіпті. Екеуі фермада бір күн түнеді. Сол арада Қазыбек малды санап, қашарлардың жағдайын тексеріп шықты. Кететін күні таңертең Қазыбек үлкен үш қой сойдырды. Етін көлігінің жүксалғышына артып алды. Ферма тұрғындарына ішек-қарын, бас-сирақтарын қалдырды.

– Бұл – сендерге арналған азық, – деді ол Степанычқа.

Қазыбек тракторшыны өз көлігімен алып кетті, ал тракторды фермада қалдырды. Оны қарыз есебінен алып қойыпты.

Қазыбектің қарызға ақша беретінін біліп, оған адамдар бүкіл ауданнан кредит алуға келеді екен. Қазыбектің пайызы банктердікіне қарағанда әлдеқайда төмен, төлем ережесі де икемді. Бүгінде ауданның жартысынан көбі Қазыбекке қарыздар болыпты.

Отыз бірінші желтоқсанда Дәулет отарды жайылымнан ертерек айдап келді. Степанычқа қуырдақ пісіруге көмектесті. Мерекелік дастарқанға отырудан бұрын барлығы жуынып, таза киім киді.

– Ішімдіксіз біртүрлі көңілсіз, – деді Димон.

– Иә… – деп келісті Нұржан.

– Айдалада оны қайдан табасың? – деп мырс етті Дәулет.

– Көрші фермада самогон сатылады, – деді Димон.

– Көрші ферма елу шақырым жерде, мынадай қарда оған жету екіталай, – деді Степаныч.

– Бізде трактор бар… солярка да бар, – деп қулана жымиды Димон. – Мен солярканы керек болып қалар деп, жазда тығып қойғанмын.

Біраздан соң ол үйден шығып, канистр алып келді.

– Ақшаны қайдан аламыз? – деді Димон енді.

Бәрі Дәулетке қарады.

– Базар жоқ, – деп ыржиды ол. Орнынан тұрып, иыққабынан ақшасын шығарды.

Үшеуі кабинаға отырып, жолға шықты. Арагідік тракторды тоқтатып, ауысып айдайды. Тракторды бәрінен Нұржан жақсы жүргізді. Оның бульдозер жүргізген тәжірибесі бар екен. Дәулет пен Димон кейде рөлге ие бола алмай, трактор қиқалаңдап, қалың қарға бата берді. Үшеуі айғайлап ән шырқап, балаша ойнап-күліп, көрші ферманың дүкеніне жетті. Дүкеннің есігінде дәу құлып ілулі тұр екен. Жігіттер жақын тұрған үйдің жарығы бар жалғыз терезесін қағып, жергілікті фермердің дастарқанына тап болды.

– Келіңдер, жоғары шығыңдар! – деп, Тілек атты үй иесі оларды дастарқан басына жайғастырып, арағын құйды.

– Қайдан жүрсіңдер? Кім боласыңдар? – деп сұрады ол, қонақтар ішіп салып, үстелдегі тамақтан ауыз тиюге кіріскенде.

– Біз көрші фермада жұмыс істейміз… – деп Дәулет бастай бергенде, Димон оны шынтағымен түртіп, Нұржан да оған наразылық танытқандай қарады. Іле-шала Димон Дәулеттің сөзін бөліп жіберіп:

– Самогон сатып алайық деп едік, дүкен жабық тұр, – деді.

– Сатушы – менің әйелім, қазір барып ашады, – деп, Тілек шай құйып отырған әйелге қарады.

Олар бірден дастарқаннан тұрып, Дәулет үй иесіне қонақжайлығы үшін алғысын білдірді. Тілек аң-таң күйі:

– Сау болыңдар! Келіп тұрыңдар, – деп қоштасып қала берді.

Еркектер үйден шығып, сатушы әйелмен бірге дүкенге кірді. Үш үлкен, бір кішкене шөлмек самогон сатып алып, көңілді күймен жолға шықты.

Қайтарда жігіттер рөл алмаспады. Нұржан тракторды өзі жүргізді: бәрі тезірек үйге жеткісі келген. Айдаладағы барақ жылы ұяға айналғанына таңғалған Дәулет:

– Адам, расында, бәріне де үйреніп кетеді екен, – деді.

– О не дегенің? – деп сұрады Нұржан, бірақ Дәулет жауап қатпады.

Нұржан келісімен кішкене шөлмекті барақ қасындағы қалың қарға тығып қойды да:

– Ертең бас жазамыз, – деді.

Төртеуі асықпай тамақ жеп, әңгімелесіп отырып, бірінші шөлмекті ішіп алды. Екіншісін ішіп бітіргенде еркектер бірін-бірі тыңдаудан қалды. Димон билеуге талпынды. Нұржан адамзаттың барлық күнәсін Қазыбекке жауып, оны боқтаумен болды. Степаныч ақырын, мұрнының астынан ән салуға кірісті. Дәулет өз орнына жатып, қалғи бастады. Біраздан соң үшінші шөлмек ашылып жатты.

Дәулет түн ішінде қорылдан оянды. Терезеден бөлмеге аппақ қар нұрымен араласқан айдың жарығы түсіп тұр. Димон өз орнында тыныш ұйықтап жатыр. Нұржан шалқасынан түсіп, қатты қорылға басыпты. Дәулет оны қолынан түртіп еді, Нұржан қырына аунап жатып, тыныштала қалды. Степаныч пеш пен үстел арасындағы еденде ұйықтап қалыпты. Дәулет оны қолтығынан сүйеп, орнына жатқызбақ еді, Степаныч бірдеңе деп бұрқылдап, мұны итеріп, қарсыласып бақты. Дәулет шалды жатқан орнында көрпемен жауып, басының астына жастық қойды.

Жаңа түскен қар аяқ астында жылтырап жатыр. Дәулет маңызды бір нәрсесін жоғалтып алғандай сезімде болды. Жаңа жылдың алғашқы түнін өткізіп алғаны ма? Мазаланатын нәрсе ме бұл өзі?

Дәулет ақырын есігін ашып, қой жатқан қашарды тексерді. Сосын жылқыларға барды. Жануарлар алаңсыз ұйқыға берілген. Сағатқа қараса, төрт жарым. Дәулет бараққа оралып, пешке көмір салып, қайта жатып, ұйықтап кетті.