Сонда Мәкең түн ішінде қоңырау шалған. Асқар ұйқылы-ояу телефон нөміріне қарамай ала салған, әйтпесе сөйлесу ойында жоқ еді.
– Салам, депутат! – деген оның кекесін дауысы шықты.
– Мәке? – Асқар оянып кетті.
– Сенен мұндайды күтпеп едім, депутат! – деді ашулы Мәкең.
– О не дегеніңіз, Мәке?
– Сенің сыныптасың Алтаев Дәулет фермада адам өлтірді.
– Мүмкін емес! – деді Асқар бірден. Сосын іле-шала қорғанысқа көшіп:
– Менің оған не қатысым бар? Өлтірсе, өлтірсін. Ол жарты жыл бойы тегін жұмыс істеді, сол себепті мен сізге қарыздар емеспін.
– Мұндай оңбағандыққа баратыныңды білмеп едім! – деп, Мәкең байланысты үзіп жіберді.
Бұл қоңыраудан кейін Асқар ұзақ ұйықтай алмай жатты. Қу Мәкеңнің Дәулетті бірдеңеге шатастырғысы келіп тұрғаны айқын. Әлде Асқардың көзқарасын тексергені ме? Дәуке біреуді өлтірмек түгіл, қой аузынан шөп алмас. Демек, Мәкең оған жала жауып, Асқарды да іле кетпек. Тұзағына түсетін ақымақты тапқан екен! «Өз обалы өзіне» деген шешіммен Асқар бір бүйіріне аунап түсіп, ұйықтап кетті.
Жаңа ғана Асқар досының мотоциклінің дауысын ести сала газды басып жіберді. Неге? Балалық шақта үстінен жала жапқаны үшін өзін кінәлі сезінгені ме? Жоқ, олай емес. Сонда Асқарды алаңдатып тұрғаны «мені абақтыда азапқа салды» деген өтірігі ме? Ол ешқандай азап шеккен жоқ еді, бірден-ақ Дәулетке жала жабуға келіскен. Бәрін шындыққа ұқсастырып ойластырды. Мұны, әрине, қорыққанынан істеді. Қанат сияқты өлтіріп кетер немесе абақтыға жауып қояр деп зәресі қалмаған. Қарызын өтеу үшін Дәулетті құлдыққа сатып жібергеніне де Асқар еш алаңдамаған, өйткені ол – біткен адам, маскүнем. Оны біреу неліктен баяғыда-ақ сатып жібермегені түсініксіз.
Демек, Асқар бала кезінде айтқан өтірігінен қорқып қашыпты мотоциклден. Не деген ақымақтық! Асқар күліп жіберді. Басты ауыртып, уайымдайтын мәселені тапқан екен!
Асқар ауылға бір сағат кешігіп келді, бірақ ауылда той әдетте уақытында басталған емес. Бұл жолы да солай болып шықты. Үйге жеткенде қақпаның жанында топталып, темекі шегіп тұрған еркектерді көрді. Бір топ әйел ауладағы орындықта отыр екен. Анасы үйден шыға Асқардың көлігін көріп, оған қарай асықты. Амандасып, бетінен сүйіп:
– Бүгін кімді көргенімді білесің бе? – деп сұрады, көз қырын көрші үйге тастап.
– Ол не дегеніңіз? – деді Асқар.
– Дәулет қаладан қайтып келді! Біржолата. Күні бойы ауласына қараумен жүрмін, – деді қуанышын жасыра алмаған Хадиша.
– Керемет! – деген бойы Асқар үйге кіруге асықты.
Әкесі де әңгімені Дәулеттен бастады. Оның жылқы бағатын шаруашылық ашқаны туралы, тағы басқа жоспарлары туралы. Көп ұзамай-ақ Асқардың Дәулет туралы айтатын тек әке-шешесі еместігіне көзі жетті. Жиналған көпшіліктің де негізгі тақырыбы Дәулет болды. Асқар енді өзін бөтен үйге, Дәулеттің құрметіне жасалған тойға келгендей сезіне бастады. Бағына қарай Назира телефон шалды. Асқар алғаш рет әйелінің еркелігіне, оның тезірек қайт дегеніне қуанып қалды.
– Иә, жаным! Тап қазір қайтамын, – деп, Назираны бір таңғалдырды.
Асқар бірден ата-анасына барып:
– Мама, батя, ренжімеңіздер. Назира ауырып, жүкті әйелдердің сақтау бөліміне жатқызылыпты. Жүру керек, – деді.
– Ойбұй, алдын ала айтып қоймадың ба? Тойды кейінірек, немереміз туғанда жасайтын едік, – деді әкесі.
Ал Хадиша батасын беріп:
– Жолың болсын, балам! – деді.
Асқар қайтадан қысқа жолмен жүруді ұйғарды. Не болса да, сөйтпек. Тіпті тағы да таныс мотордың дыбысын естісін.
Шатқалдарға таяп қалғанда Асқар шынында да таныс мотор дыбысын естіді, бірақ ол Дәулеттікі емес, өзінің мотоциклі еді. Төбеге қарай айдағанда ол мотоциклде отырған жігітті көрді. Оның да мұны көргені анық. Асқар көлігінің моторын сөндіріп, сыртқа шықты.
Біраздан соң қасына өзінің мотоциклі келіп тоқтады. Рөлдің астындағы жартылай тозған қыздың суретін өзі жапсырған. Дақ пен тот басқан мотоциклі Асқарға алғаш рет сұрықсыз көрінді.
– Ассалауғамалейкүм, Асқар аға! – деп, қолын созды мотоциклде отырған бозбала.
– Амансың ба? – деді Асқар, қолын алып.
– Мен Ілияспын ғой, сіздің жиеніңіз. Танымай қалдыңыз ба? – деп жымиды ол.
– Мотоциклді қайдан алдың? – деп сұрады Асқар.
– Хадиша тәте берді. Сізге оның енді керегі жоқ деді. Әлде керек пе еді? – деді сасып қалған Ілияс.
– Керегі жоқ, мұны қайтемін? – деп жұбатты оны Асқар. – Сен мұнда не істеп жүрсің?
– Мен жақын жерде жылқы шаруашылығында істеп жүрмін, уақытша. Дәулет ағаның қолында, – деп жауап берді Ілияс.
Асқар асығыс көлігіне отырды да, жігітпен қоштаспай, трассаға қарай жүріп кетті.